Саяхат – сергітеді
Төрткүл дүниені аралап, оны қызықтауды ұнатпайтын жан кемде-кем шығар сірә. Соңғы уақыттары шет елге қыдырып, рухани демалатындар саны артуда. Әрине оған кейбірінің қаражаты жетпей, арзанырақ ұсыныс жасайтын жолдарды іздейтіндер баршылық. Дегенмен ондай мүмкіндікті жан-жақты талдап, оңтайлы кеңес беретін турагенттер үлкен қалаларда орналасқан. Сондықтан аудан халқы алысқа шабылмай, үйреншікті Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына баруды әдет қылған. Десе де бірқатар пысықайлар өзге елге барып, әдемі жерлерінде тынығу жолдарын онлайн тапсырыс арқылы да шешуде. Осындай ұсыныстарды қаперіне алған қазалылық жас аудан орталығынан өзінің турагенттігін ашты. Ол екі айдан бері ресми жұмыс істеп тұр. Осы аралықта 60-қа жуық адамға қызмет көрсетіп үлгерген. Алдағы уақытта шетелге шығатын тұтынушыларын дайындап жүр.
– Дубай және Түрцияға үш адамды әзірлеудемін. Тұрғындардың басым бөлігі шетелге шығу өте мол қаражатты қажет етеді деп ойлайды. Дегенмен бұл стеоротипті мен өзгерткім келеді. Сондықтан осы ісім арқылы тұрмыс жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлауды мақсат тұтудамын. Сол себепті де ауқатты адамдардан гөрі осындай тосын ұсынысқа мұқтаж жандарға жарты бағасына немесе жеңілдікпен және өз қаражатым есебінен жолдама беруді қолға алудамын, – дейді Гүлнұр Мырзабекқызы.
Осындай есте қалар саяхатты ұсынатын агенттікті ашуға не түрткі болғандығын да сұрадық. Бұл сауалға жас кәсіпкер ойланбастан жауап берді. Оның айтуынша, бала кезінен өзге елдерге саяхаттауды армандаған. Сол қиялдың жетегімен ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығына тапсырады. Қорқыт ата атындағы университетінде ағылшын тілімен қатар араб тілін де меңгереді. Енді қосымша түрікше еркін сөйлеуді үйренбек.
– Бірнеше тіл білген өте жақсы. Себебі тұтынушыларыма барлық құжатын дайындап, өзім де олардың қасында гид ретінде жүру жобасын қолға алудамын. Және барынша жеңілдік жасаудың жолдарын қарастырудамын, – дейді ол.
Гүлнұр бұл кезге дейін 3 қазалылықты Түркия елінің Белек қаласына жіберген. Тағы 6 адам Түркияның Анталия қаласында болды. Ал 1-еуі Дубайды тамашалады. Жаңашыл жас Түркістанға бір күндік тур ұйымдастырады. Бағыт бойынша Арыстан баб, Гауһар ана, көне Отырар қалашығы, Ахмет Яссауи кесенесі, Керуен сарайды аралатады. Әр рейс 15 адамнан құралады. Осы күнге дейін 3 мәрте саяхаттаушыларды апарған. Туристер саны 4-5 күнде жинақталады. Барам деушілер легі жетерлік.
Іскер жан бүгінге дейін өзі шет елге шықпапты. Сондықтан Тайланд, Мальдиви мен Түркияның Бодрум қаласында болуды армандайды. Ол жұмысының жақсы жүруі үшін Алматыдағы "Компас" және "Туи" туроператорларымен тікелей байланыста. Олардың арқасында "Жанып тұрған тур" немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеңілдіктер қарастырылған және арзан бағадағы ұсыныстарды алдын ала біліп отырады. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей, тұрақты тұтынушыларына таратады. Мұндай оңтайлы сыйды саяхатшылар жылына 4-5 рет пайдасына асырады екен.
– Агенттікті ашуда аса көп қаражатым кетпеді. Мұнда тек ой ұшқырлығы мен шығармашылық талап етіледі. Арнайы турагенттіктердің ереже-талабымен таныстыратын курстарға қатыстым. Олар өздерінің заңды құрылған цифрлы бағдарламаларын компьютерге жеке база ретінде орнатып береді. Онымен жұмыс істеу жолдарын көрсетеді. Қандай елдің перспективасы бар, басқалардан ерекшелігі несімен қызықтыратынын толықтай меңгеріп шығу міндеттеледі. Тұтынушының талғамына орай қажетті әрі қызықты ұсыныс келтіру мақсатында жан-жақты ақпараттануға құлшынамын, – дейді Гүлнұр Жеңісбек.
Турагенттің айтуынша, туроператорлармен бірлесе, солардың кеңесімен қажетті құжат тізімін жинап "Виза" жасауды да қолға алған. Алдағы уақытта Түркия арқылы кемемен круиз ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Құлағы елеңдеулі қазалылықтарға тұздық ретінде келтірсек, мәселен, 1 аптада Париж, Милан, Барселона сынды еуропаны аралауға мүмкіндік туады. Өкінішке орай, әзірге Қазалыда турагенттігі барын халық біле бермейтін көрінеді. Келер күндерден үміт үзбеген Гүлнұр сәл аяққа тұрып, клиенттер қатары ұлғайғанда қасына көмекші дайындауды да көздеп жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА