Қазақстанда McDonald’s-қа қатысты мәселе туындады
Отандық қоғамдық тамақтандыру объектілерінің 60%-ының айлық айналымы шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Мықтыларының түсімі ондаған миллиард теңгемен есептеледі. Жаһандық "МакДональдс" бренді Ресейдің қанқұмар басқыншылық саясатын айыптап, бұл елдің нарығын толығымен тастап шықты. Қазіргі кезде оның бұрынғы фаст-фуд мейрамханалары орнында "Вкусно и Точка" маркасымен ресейлік мейрамхана желісі ашылды.
Дегенмен, арнайы рецептпен жасалатын соустарды жеткізу доғарылғандықтан, әрі америкалық компания франшизасынан өнім стандарттарын кері қайтарып алғандықтан, жаңа мейрамханалардың мәзірі талғамы жоғары адамдарға ұнамапты. Содан ресейлік блогерлер ресейлік марка атауының ортасындағы төрт әріпті алып тастап, "Вкус очка" (нәжіс дәмі) деп атай бастады.
Осы орайда әлеуметтік желіде пікір білдірген ресейліктер "нағыз McDonald’s" өнімін тұтыну үшін Қазақстанға не Беларуське қатынайтынын айтып жатыр. Мысалы, елордадағы желінің мейрамханаларында клиенттер санының көбейгенін байқауға болады. Бірақ ғаламторда ой бөліскен клиенттер қазақстандық "макдональдстарды" қатты сынайды. "Қызмет көрсетуі нашар", "асы дәмсіз", "үнемі шатастырып, тапсырыс берілген тамақ орнына басқасын ұсынады" сияқты пікірлер жетерлік.
Әйтсе де бұл мейрамханалар желісіне қатысты басқа проблема туындапты. Оның ізіне тексерушілер түскенге ұқсайды. Мысалы, оның мейрамханаларында келетін зағип жандарға еш жағдай жасалмағаны әшкереленген. Мұны компания да растап отыр.
Компанияның бас директоры Әсет Машанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға шағым хат жазды.
Айта кету керек, Қазақстанда "McDonald’s" тез қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарын "Food Solutions KZ" ЖШС басқарады.
"Біз келушілеріміздің бәрі астан ғана емес, атмосферадан да ләззат алғанын қалаймыз. Сондықтан жұмыскерлерімізді мейлінше жылдам әрі достық пейілмен қызмет көрсетуге, мәдениеттің биік деңгейін паш етуге оқытамыз. Қазіргі кезде Қазақстан аумағында "McDonald’s"-тың өзі тұрғызған 23 мейрамханасы бар. Осы орайда Халықты әлеуметтік қорғау басқармасынан компанияға хабарлама келіп түсті. Онда "McDonald’s" қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының бәрінің ішінде, еденге тактильді қыштақталарды төсеу қажеттігі айтылған", – деді Ә.Машанов.
Компания бұған шығындалуға онша құлық танытып отырған жоқ.
Оның басшысы ғимараттың жобалау құжаттамаларында нысан ішінде тактильді қыштақталар төсеу о бастан қарастырылмағанын алға тартады.
"Неге қарастырылмаған? Өйткені бұл бірде бір нормативтік құқықтық актіде көзделмеген. Әйтпесе, компания халықтың жүруі қиын топтарына қолжетімді болу үшін ғимараттарды салу және жобалау бойынша барлық талаптарды сақтады. Осы айтылғанды ескерсек, "McDonald’s" ғимараттарында тактильді-бедерлі плиталарды орнату талап етілмейді емес пе? Ендеше Әлеуметтік қолдау басқармасы қызметкерлерінің сондай қыштақталарды ғимарат ішінде жаппай орнату туралы талабы заңды ма?", – деп наразылық білдіреді компанияның бас директоры.
Әрине, бедерлі нүктелері бар арнайы қыштақталарды сатып алу, оны орнататын бригадаларды жалдау, жөндеу кезінде мейрамханалар қызметін уақытша тоқтату бизнес нысанын біраз шығынға отырғызатыны мәлім.
Алайда егер компания шынымен "мәдениеттің биік деңгейін паш етуге" ұмтылса, онда қадағалаушы органдардың заңды талабына қарсыласа, қасарыса бермей, сол тақтайшаларды өз бетімен-ақ қойып шықса, құба-құп болатын еді. Енді бүкіл ел алдында көзі көрмейтін кембағал жандармен "шайқасып", ұятқа қалып отыр.
Компания әр қыштақтадан ақша үнемдейтіндей кедей емес. Statsnet порталы салық органдарының дерегіне жүгініп, "МакДональдс" брендінің Қазақстан аумағындағы бизнесін жүргізетін "Food Solutions KZ" ЖШС-нің жылдық табысы барған сайын қарқынды артып жатқанына назар аудартады. Атап айтқанда, 2014 жылы жылдық түсімі бағалау бойынша 242,6 млн теңгені ғана құраса, 2016 жылы – 13 млрд 179 млн теңгеге дейін күрт шарықтаған. Одан кейін 2018 жылы – 25 млрд 866,2 млн теңгеге, 2019 жылы – 29 млрд 381,8 млн теңгеге, былтырғы 2021 жылы – 32 млрд 253,5 млн теңгеге жетті.
Бір тойханаға неге жеті қожайын ие?
Жалпы, пандемия басталған 2020 жылдан бері қоғамдық тамақтандыру орындары, әсіресе, тойханалар, мейрамханалар қит етсе, жоғарыға хат жазып, "қиын өміріне" шағымданып, жеңілдік сұрауды жаман әдетке айналдырып алғаны жасырын емес.
Алайда Қазақстанның Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының басшысы, отандық белгілі тез тамақтандыру мейрамханаларының халықаралық желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғаринаның мәліметіне жүгінсек, сектор кәсіпорындарының басым көпшілігінің табысы қомақты көрінеді және тек ай сайын ең кемі 20 миллион теңгеден асады. Шың басындағыларының табысы ондаған миллиард теңгемен саналады.
Бірақ қауымдастық басшысы да саладағы жағдайдың күрделі екенін айтып, арызданды.
"Қоғамдық тамақтандыру саласы – пандемия кезінде және биылғы жылғы оқиғалар барысында зардап шеккен секторлардың бірі. Соңғы екі жылда еліміздегі барлық дәмхана, бар, мейрамханалардың 30%-ы жабылып қалды. Сонымен бірге біздің саламыз республикадағы негізгі жұмыс беруші салалардың бірі саналады. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған қабаттарына жұмыс тауып беретін де дәмхана-мейрамханалар", – дейді Гүлбану Майғарина.
Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы еліміздің әр өңіріндегі дәмхана, бар, мейрамханалардың шығысы мен кірісіне талдау жүргізіпті.
"Талдау қорытындылары көрсеткендей, Қазақстанда бүгінде шамамен 60 мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру объектісі жұмыс істейді. Оның шамамен 39 мыңы немесе бүкіл нарық ойыншыларының 60%-дайы ай сайын 20 миллион теңге айналымға ие. Бір қарағанда салмақты. Алайда оның 35%-ы – азық-түліктің өзіндік құны. Тағы 30%-ы персоналдың жалақысына кетеді. 24%-ы – аренданың ақысын, немесе кредит берешегін және коммуналдық төлемдерді төлеуге жұмсалады. 2%-ын эквайринг құрайды. 3%-ы – басқа шығыстарға бағытталады. 3%-ы салық түрінде төленеді. Ақыр соңында 3% ғана таза табыс қалуы мүмкін", – дейді Г.Майғарина.
Ол сала бизнесмендерінің бір қулығын, тіпті қарау ісін айтты.
Аз салық төлеу, молырақ табыс табу үшін тіпті ірі мейрамханалар желілерінің өздері ұсақталып, бөлініп, шағын бизнес өрісінде қалуға, тиісінше, соларға берілетін салықтық жеңілдіктерді пайдалануға бейім тұрады.
"Айналымы артып, қосылған құн салығын төлеуге көшуіне байланысты ірі қоғамдық тамақтандыру объектілері не көлеңкеге кетеді, не ас мәзірлеріндегі бағаны көтереді. Кәсіпкерлер шығындарын бизнесті бөлшектеу және ішінара көлеңкелі айналымға кету есебінен төмендетуге мәжбүр. Олар табысын жасанды түрде қысқартады және жалақыны бейресми түрде төлейді", – деп ашығын айтты қауымдастық жетекшісі.
Оның байламынша, егер қосылған құн салығынан босатпаса, кәсіпкерлер ары қарай қарқынды түрде бөлшектеле береді. Нәтижесінде, әрбір мейрамхана не тойхана желісіне бір емес, 3–4, тіпті 7–8 заңды тұлға "иелік" етіп, ұсақ үлестерге бөліп тастайтын болады.
Жалпы, құзырлы органдар ел той өткізіп, думандатқан орындарға қайтадан қырағы назар аударуы қажет сияқты.