Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түс жору

Түс жору

Төлебике таң қараңғысынан төсегінен су шыққандай атып тұрды.
–Тфа, тфа, далаға кетсін! Құдай-ау, сақтай гөр, қайдағы бәле түсіме қайдан кірді? Жақсылыққа жорығысы келгенімен, жүрегі құрғыр атқақтап, аузынан шығып кеткелі тұр. Бас жағында жатқан комзалын жүре киіп, есікке беттеді. Жертөленің есігінен еңкейіп шықты да артына бұрылмастан кете барды. Есік ашық қалды деген ой басына кіріп те шықпайды. Бұл ауылда ұрлық бар дегенді естіген емес. Ол түгілі жазда жайлауға көшкеннің өзінде есікке бір арқа шеңгелді тірейді де кете беретін ауыл емес пе? Қашан қоңыр күз келгенде келсе, есігі шеңгел тіреуімен мызғымай тұратынын айтсаңшы. Қалампырдың үйіне қалай келгенін байқамай қалыпты. Тұрмапты, жатқандар тұрсын деп қаусыра жабылған есікті дүрсілдетіп ұра жөнелді.
– Ойбай, не боп қалды, таң атпай, аманшылық па? – деген Қалампырдың даусы тап түбінен шыққанда, еңіреп қоя берді. Жер бетіндегі жалғыз жанашыры Қалампыр секілденіп:
– Қайдан аманшылық болсын, түс көрдім ғой, келі келсабым қақ айрылып жатыр, жарымжан жалғызға көрінбегей де.
– Қойшы, Төлебике, қайдағыны айтпай, түс түлкінің боғы, – демей ме, келі келсап тек сенде ғана ма? Халықты асырап отырған өкімет емес пе? Келі келсабың сынса, өкімет басынан біреу өлейін деген де. Қалампыр өз жоруынан өзі шошынып, тілін тістеп қалды. Төлебикеде де үн жоқ. Сәл, тұрды да, кілт бұрылып үйіне келді. Құдды түк түс көрмегендей, сиырын сауып, шәйін қойып жүр. Екі иығынан демалған сары самауырды үйге алып кіріп, ұлы мен қызына шәй берді. Терлеп отырып, түндегі көрген түсін, оны Бегалының әйелі Қалампырға жорытқанын айтып, сөзді сапырып отыр. Осы кезде есіктен Құрмантайдың Сейіті кірді де:
– Қалыбай ағам қызыл отауға жиналсын деп жатыр, – деді де қайта шығып кетті. Жиналысқа Төлебике мен Қалампыр да, Қалампырдың баласы Рахат та барған.Басқарма Балтөреев Қалыбайдың қабағы түсіп кеткен.
– Жолдастар, халқымыз ауыр қазаға ұшырады, халықтар көсемі Иосиф Виссароович Сталин қайтыс болды. Төлебике Қалампырға жалт қарады. Ол төмен қарады. Осы кезде екеуінің үрейден қалшылдаған денесін ешкім көрмей де қалды. Әкесі қайтыс болғандай, жас та, жасамыс та бір-бірін құшақтап алып жылап тұрды. Сол жылаудан көздері қып-қызыл болып үйге кірген шешесі мен көршісі Қалампырға қарап баласы Рахат:
– Сендерді басқармаға айтпасам болмас, таң атпай түстеріңді неге жорып жүрсіңдер? Таудай Сталинді құлаттыңдар деп еді, шошынған екі ана Рахатқа жалынып, жылап қоя берді.
– Бізді құртайын дегенің бе, Рахат-ау, о не дегенің?
– Итжеккенге айдаламыз ғой, қарағым-ау, айтпасайшы!
– Ей, қойыңдар, мені жынды деп пе едіңдер, екеуіңді ұстап беретін, айтпаймын. Рахат басын шайқап, ішегін тарта берді:
– Не деген жору? Екі келіншек жан жағына алақ-жұлақ қарап, екі жаққа қашты.
Ауыздарына құдай салып тұр ғой, болмаса Жанкенттің түбіндегі шағын ауылдың қос келіншегі алыстағы халықтар көсемінің тап бүгін өлетінін иіскеп біліп пе?
Гүлханым ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
Жанкент ауылы
Қазалы аудан
14 маусым 2022 ж. 746 0

Бүгінгі валюта бағамы қандай

05 желтоқсан 2024 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031