Өрендер өнім өндіруге көшті
Кез келген жетістікке жеткен кәсіпкер, меншігі көп меценат жас кезіндегі ісін жетілдіріп, сол тәжірибесі арқылы өскеніне ешкім дауласа қоймас. Жалындап тұрған шағында кездескен қателік бірін өмірдегі қиындықтарға төзімді етсе, екіншісінің қорасын малға толтырғаны хақ. Қысқасы, кәсіпке келген адам бір тиынды екеу ете алады. Содан кейін де үкімет жастарды кәсіпке тартуға, кәсібі бардың ауқымын кеңейтуге қолдан келген көмектен аянып отырған жоқ. Әсіресе әлгінде айтқан жастардың үлесін салада арттыруға күш салынып келеді. Онысы алдымен «қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген тәмсілдің кейіпкеріне айналмасын деген ой болса, кейінгі жоспар экономиканың қуатын күшейтуде жатыр. Бұған кәсіпкерлердің салығына енгізілген үш жылдық мораторийді дәлел ретінде алсақ болады.
Аудандық кәсіпкерлік және туризмді дамыту бөлімінің басшысы Ақтілеу Талайлыұлы іс бастап, тірлік ізінде жүрген жерлестерінің саны 5200-ден асқанын сүйіншілеп жүр. Оның 20 процентке жуығы жастардың үлесімен толысып отырғаны тіптен қуантады. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін бөлім тарапынан 200-ге жуық жас талапкер келіп, білікті мамандардан кәсіп тұрғысында кеңес алған. Бұдан бөлек, басқа іске батылы бармай жүрген 500-ден астам азамат аудандық кәсіпкерлер палатасына барып, қызметіне жүгінгенін біліп отырмыз.
Негізінен жоба иелерін жеңілдетілген несиемен қаржыландыру ісіне көмек беруші ұйымдар көп екенін білеміз. Жергілікті атқарушы орган іс бастаушыға қалай жәрдем көрсететінін сұрағанымызда: «Бизнеске арналған үкімет мекемесі арқылы жыл басынан бері инженерлік коммуникацияларға қосылуға техникалық шарттар алып беру, жердің нысаналық мақсатын өзгерту, сәйкестендіру құжатын рәсімдеу және салық төлеу, бизнес жоспарлау бағыты бойынша 520 азаматқа қызмет көрсеттік. Оның 90 проценті өрендердің үлесінде. Тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісе кетейін, биылдан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба шеңберінде кәсіп бастағысы келетіндерге тегін оқу, грант, жеңілдетілген несие беру жолдары кеңейтілді, – деді Ақтілеу Бөріқұлақов.
Сала жетекшісінің айтуынша, 2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құны 455,5 миллион теңгені құрайтын 121 кәсіпкердің жобасы бірдей мақұлданды. Жастар жайын сұрағанда, 113,6 миллион теңге еншілерінде екенін жеткізді. Бұл қаржыға 29 жас кәсіпкер тірлігін бастап кеткен. Ал көптің қолы жетпей жүрген 585 мың теңгелік грант қаражатын өткен жылы 270 өрен иемденген. 60 процентін аудан орталығындағы азаматтар иеленсе, қалалықтар белсенділігіне қарай 6 процентті көрсетті. Ауылдағы құрдастардың жеңімпаздар үлесі 35 проценттен асады. Ал биыл 6 айдың ішінде 21 жас грант иегері атанды. Бұл мемлекеттің ауылды көркейтуге бағытталған кешенді жоспардың нәтижесі, халықтың еңбекқорлығы десек жарасады.
Бұдан бөлек “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр 18 жас кәсіпкер құны 160 миллион теңге болатын жобаға несие алып, ағымдағы жылы құны 25 миллион теңгені 2 жас кәсіпкер субсидия ретінде иемденген. Осы бағдарлама аясында кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін жастарға 15,6 миллион теңге берілген. Бұл 4 жобаны іске асыруға жұмсалған. Бөлім басшысы жобаның 2022 жылы өтетін уақытын да нақты айтты.
– Биыл жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру конкурсын ұйымдастырушысы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы осы жылдың маусым-шілде айларында өткізуді жоспарлап отыр. Құжаттарды ұсыну форматы «qoldau.kz» сайты арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда конкурсқа қатысуға ниеттілердің саны 30-ға жетіп отыр. Ендігі кезекте мемлекеттік бағдарламамен қолдау алған жобалардың толыққанды жүзеге асырылып, аудан экономикасының дамуына өз әсерін тигізетініне сеніміміз мол, – деді А.Талайлыұлы.
Жалпы ауданымызда жыл сайын жастардың қоғамда өз орнын айқындау және олардың уақыт талабына бейімделіп жаңа кәсіп түрлерін қолға алу, өндіріс орындарын ашып жұмыссыздықты азайтуға үлестерін қосу мақсатында кәсіпкерлік саласында белгілі бір дәрежеге жеткен кәсіпкерлерді, қаржы институттары мен тиісті сала мамандарын арнайы шақыртып, жастар форумы өткізіліп келеді. Дегенмен ең маңызды мәселе қайтадан қаржыландыруға келіп тірелетіні анық. Соған сай жұмыспен қамтудың жол картасының екінші бағыты іске асырылуда. Кәсіпкерге несие берумен 2021 жылы облыста құрылған «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы айналысып отыр. Ұйым «Бастау-Бизнес» және «Бизнес кеңесші» жобалары аясында сертификат алған азаматтарға 6 процентпен несие беруді бастап кетті. Бұл талап қылған жастарға үлкен көмекпен пара пар.
Еңбек бағдарламасы аясында қайтарылған қаражат есебінен ауылдық елді-мекен тұрғындарының кәсібін жүргізу мақсатында кәсіпкерлігі 3 жылға толғандарға «Іскер» бағдарламасы арқылы 6 процентпен және жеке қаражат есебінен «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 17 процентпен ауылдық елді-мекен тұрғындарының кәсібін жүргізу мақсатында несие алуға өтінімдер қабылдауда. Айта кетейік, қарыз үстемесінің он процентін мемлекет субсидиялап береді.
– Бүгінгі күнге осы бағдарламалар шеңберінде құны 8,6 миллион теңге болатын 2 жоба қаржыландырылса, құны 9,8 миллион теңге болатын 1 жоба мақұлданған. Көпке мәлім, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылған жобалардың 72 проценті мал шаруашылығын құрап отыр. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыстарды жандандырып, әрбір жоба бастамашыларына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп, көкөніс, бақша өнімдерін өңдеу және тосап даярлау, жемістерді кептіру немесе түрлі шырындарды даярлауға және пайдаланылмаған тері-жүн өнімдерін өңдеп, қолөнер саласын дамытып, барынша өңдеу саласына бет бұрыс жасаймыз, – деді кәсіпкерлік саласының кураторы.
Тағы бір қуантарлық жайт, ауданда мемлекеттік бағдарлама шеңберінде грант, несие қаражатын алған үміткерлер кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, табыс табу үшін үй жағдайында өнім өндіруге бейімделіп келеді. Қазірдің өзінде жартылай дайын және кондитерлік өнімдерін өндірушілер қатары көбеюде. Бұл ретте жас өрендердің ерік-жігері айқын байқалады. А.Бөріқұлақов жастарды сүйемелдеу, оларға кеңес беріп, қаржыландыруға жәрдемдесу ісін одан әрі жандандыра түсетінін айтты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ