Гендер пати: Сән бе, қазаққа тән бе?
Қазіргі кезде қазақылыққа жат, шетелдік дәстүрлер қоғам арасында зор қызығушылыққа ие. Әйтпесе бұрынғының қалыңдығы «девчиник» жасамай да құда түскен еріне тұрмысқа шығушы еді. Бүгінде қазақы әдет-ғұрып тізімі бұрын соңды сіз бен біз естімеген әдеттермен толып жатыр.
Қазақ қашанда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты құрметтеп, атадан балаға үзбей жалғап келген. Алайда одан бөлек батыстың цивилизациясына қызығушылық танытып жүріп, салт-санасынан да қалыс қалмаған секілдіміз. Жаһандану әсерінен елге енген осындай ырымның бірі – «гендер пати». Оны көптеген жас отбасы жасауды үйреншікті әдетке айналдырған.
Жалпы кеш мәні құрсақ көтеріп, белгілі бір уақыты келгенде аяғы ауыр келіншек УЗИ зерттеуі арқылы баланың ұл немесе қыз екендігін анықтайды. Ондағы нәтижені қағазға жазып, көрінбейтіндей етіп орап береді. Солайша отбасының жақын достары құрсақтағы шарананың кім екенін сүйіншілеп, тосын сый жасайды. Қызықты сәтті шардың, тәтті торттың түсі немесе басқа да заттар арқылы жеткізеді. Қазіргі таңда мұндай кешті арнайы ұйымдастырып беретін ұйымдар да бар. Осындай орталықтың біріне қоңырау шалып, қаншалықты сұранысқа ие және бұндай шараны ұйымдастыруға кететін шығын бағасын сұрап білген болатынбыз.
– Ауданда осындай мерейтойларды атап өтуге арналған 3-4 орталық бар. Атрибуттар бағасына келер болсақ: Үлкен қара қалқымалы шарға жазып, жасау құны 6000 теңге тұрады. Ал дәл сондай, бірақ қалқымайтын шарға жаздырар болса 4000 теңге болады. Оны атап өтуге арналған басқа да заттар көптеп сатылады. Басқа да, хлопушка, ішіне қалқымалы шағын шар салынған арнайы қорап сынды түрлері де бар. Мұның барлығының ішінде арнайы белгісі болады. Яғни қызғылт түс кездессе – қыз немесе ашық көк түс шықса – ұл деген мағынаны білдіреді. «Гендер пати» батыстан келген дәстүр болса да, кентте мұндай мерейтойлар көптеп аталып өтіліп жатады. Тапсырыс берушілер саны да күн санап артып келеді. Бұл әрине кәсіптің дөңгелеуіне орасан зор өзгерістер алып келіп жатыр, – дейді дүкен сатушысы.
Аталмыш дәстүрдің қазақ қоғамына келгеніне көп болмағанымен жас отбасылар арасында танымалдылыққа ие. Осы орайда көпбалалы ана пікірін тыңдағанбыз.
– Кезінде қазақы дәстүр бойынша аяғы ауыр келіншектер үш айға дейін тіл-көз, бәле-жаладан сақтасын деп көпке жария етпейтін болған. Ал қазіргінің келіндері құрсақ көтергені білінер-білінбестен гендер пати жасауды әдетке айналдырған. Бұрындары көпті көрген, алтын құрсақты апа-әжелер келінінің жүкті болғанын білсе де, оны көпке жария етіп, сүйіншілемеген. Сұрай қалғандарға астарлап жүкті болған жас келінді ұялмасын деп, ырымдап «күмәнді», «ішінде көжесі бар» деп айтатын еді, – дейді 3 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйіп отырған Айна Қошақанова.
Ежелгі дәстүр бойынша «құрсақ шашу» деген әдемі дәстүр бар. Бірақ ер азаматтардың қатысуынсыз, жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, құрбы-құрдастары шақырылып, мұнда да кәдімгідей кішігірім той-томалақ жасайды. Бұл басқосуды – «құрсақ шашу» тойы деп атайды. Жиынға келген барша әйелдер қауымы сауық-сайран құрып, ән айтып, би билеп, келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына тілекші болған.
Қазақтың «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделген. Десек те, осы бір кереметтей дәстүрді бұрмаламай, дәріптеп, келешек жас отбасыға аманаттаса, қазақ салтының үзілмеуіне кепіл болар еді.
Серік АҚМЫРЗА
Серік АҚМЫРЗА