Сенатор әйелдердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды
Әйелдердің зейнет жасы 2027 жылға қарай 63-ке дейін көтерілмек. ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында депутат Дана Нұржігіт әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенатор қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы қысқарғанын, өлім-жітім көрсеткіші өскенін алға тартты.
"2015 жылы зейнеткерлік жасты өзгерту туралы заң қабылданған кезде Қазақстандағы орташа өмір сүзу ұзақтығы негізге алынды. Ол кезде көрсеткіш 71 жаста еді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70-ке қысқарды. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жас, ерлер үшін 70 жас болады деп болжанған. Шын мәнінде, бүгінгі күні қандай болжам бар екені туралы нақты ақпарат жоқ", - деді Дана Нұржігіт.
Ол мұндай анық емес, сенімсіз дерек, яғни күмәнді көрсеткіштер әлеуметтік маңызы бар заңды қабылдауға негіз бола алмайтынын айтты.
"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы өлім-жітім 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға өскен. Одан кейінгі жылдары бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Осылайша, жаһандық болжамдарға негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы Қазақстанның қазіргі жағдайына мүлдем сәйкес келмейді. Осыдан жеті жыл бұрын әлемде қарттар саны көбейіп, еңбекке жарамдылар азайып бара жатқаны айтылды. Алайда пандемия, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс салдарынан бұл болжамдар қате болып шықты",- деді сенатор.
Сондай-ақ әйелдерге белгіленген зейнет жасы да жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді.
"Тағы бір себеп еліміздегі басты мәселе – жұмыссыздық. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық. Қазақстандағы мүдделі мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті 9 млн-нан астам адамның 453,1 мыңға жуығы жұмыссыз. 2021 жылдың бірінші тоқсанында бір жылдан астам жұмыс іздеп жүрген 15 пен 28 жас аралығындағы жастардың үлесі 8 350 адамды құрады. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 9262 адамға жетті немесе 10%-ға өсті. Бұған жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген жастардың қатарын қосу керек. Сондай-ақ биыл елімізде алғаш рет қолданбалы бакалавриат пилоттық режимде жүзеге асырылуда, соған сәйкес жастар 2-2,5 жыл оқып, еңбек нарығына араласады. Оларды қайда жұмысқа аламыз? Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес, азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін жұмыс істей берсе, жаңа ұрпаққа жұмыс жоқ. Азаматтардың сенаторларға көптеген өтініштерін ескере отырып, әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жас деп белгілеп, әрі қарай жұмысты жалғастыру мәселесін өз қалауынша қалдыруды ұсынып отырмыз", – деді Д. Нұржігіт.
Айта кетерлігі, Қазақстанда ерлер 63 жаста зейнетке шығады. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасы бірте-бірте ұлғайып, 2027 жылға қарай 63-ке дейін көтеріледі.