Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық ата-аналар мектеп формасына неге қарсы?

Қызылордалық ата-аналар мектеп формасына неге қарсы?

Елімізде оқушылардың міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіліп, бұйрық жобасы дайындалды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова ата-ана өзі қалаған мектеп формасын еркін таңдай алатынын мәлімдеді.

Бірақ Қызылорда қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің ата-аналарға қоятын талабы басқа. Кезекті оқу жылын аяқтап жазғы каникулға шыққан балалардың ата-аналары жаңа оқу жылында киетін оқу формасымен бас қатырып жүр. Kyzylorda-news.kz. ақпарат агенттігінің редакциясына хабарласқан қала тұрғыны Гүлмира Асанова мектеп басшылығының ата-аналар жағдайымен санаспайтынын айтты.

«Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. Жазғы демалыс зымырап өтіп, ата-аналардың уайымы енді басталды. Бір қуантарлығы, мектептерде қазірдің өзінде оқушылар формасына мән беріліп жатыр. Міне, бірнеше аптадан бері Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің жалпы мектепішілік жиындарында, ата-аналардың топтық чаттарында бұл тақырып қызу талқыланып жатыр. Неге екені белгісіз біз соңғы жиналысқа ғана шақырылдық.

Жаңа мектеп формасын енгізуге ата-аналардың ешқайсысы қарсы емес. Мектеп формасы балаларды тәртіпке келтіретінін бәріміз жақсы түсінеміз. Ата-аналар мектеп формасын таңдауға құқылы, ең бастысы форманың сапасын қадағалауымыз керек. Бар мәселе директордың мектеп формасының бір ғана үлгісін ұсынғанында болып тұр. Бұл бір ғана түрік кәсіпкерінің өнімі. Ол кәсіпкер бұл қалада емес. Бала болғаннан кейін ойнайды, құлайды, жыртылады. Ал біз оны басқасына ауыстыруға мүмкіндік болмайды», – дейді ата-ана.

Ата-аналар мектеп формасын WhatsApp желісі арқылы суретін ғана көрген. Сапасына қатысты ешкім ешнәрсе айта алмайды. Сонымен қатар біздің аймақтың климатын ескерсек қалың трикотаж матасынан тігілген форманы балаларымыз киіп те үлгермейді. Ал ақысына сатып алынған дүниені кие алмаса неге сатып алуымыз керек дейді ата-аналар.

«Төрт заттан тұратын жиынтықты (жейде, юбка, шалбар, жилет, жемпір) 28 000 теңгеге сатып алуға тура келеді. Әрбір зат жеке сатылмайды. Мектептің барлық оқушыларынан форма құнының 50 пайызын жедел түрде жинап беріңдер деді. Мектепте бала саны 4000-нан асады. Бір отбасының 3-4 оқушысына мұндай бағаға бірден мектеп формасын сатып ала алмаймыз деп ата-аналар наразы бола бастағанда, жеткізушілер көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жеңілдіктер жасауға келіскен. 25-50 пайыз. Ата-аналар әлі келісімін берген жоқ. Бірақ кейбір сыныптар осы 50 пайыз – 14 000 теңгені жинай бастады. Осы 14 000 теңгені тапсырып үлгергендер де мектеп формасының үлгісін көрген соңғы кездесуден кейін сатып алудан бас тартқан. Жақында мектеп формасына қатысты заңға өзгерістер еніп жатқанын естіп жатырмыз. Осыдан кейін бәрі қалыпқа келеді деп сенейік», – дейді Гүлмира Асанова.

Неліктен мектеп директоры ата-аналардың осы мектеп формасын және осы кәсіпкерден ғана сатып алуын талап етіп отыр? Мәселенің мән-жайын білмекке мектепке хабарластық.

«Карантиннен кейін оқушыларға еркін, классикалық үлгідегі киіммен сабаққа қатысуға рұқсат етілді. Жаңа оқу жылынан бастап бірыңғай мектеп формасын қалыптастырып, ата-аналарға бірнеше киім үлгісін ұсындық. Ата-аналар арасында форма үлгісіне, ақысына қатысты түрлі пікір болды. Біз мектеп формасын тігетін және жеткізетін кәсіпкердің әлеуметтік жағдайы әр түрлі отбасына жеңілдік жасайтынын басты назарға алдық. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігінен жаңа оқу жылында еліміз бойынша бірыңғай мектеп формасы енгізілетіні хабарланды. Сондықтан бұған дейін ата-аналардың талқылауына ұсынған форма үлгісінен бас тарттық. Жаңа оқу жылындағы мектеп формасының үлгісі министрліктің шешімінен кейін қосымша хабарланады», – деді Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің директоры Жанат Садуақасова.
08 маусым 2022 ж. 541 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930