Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлыншақтар қуанышқа кенелді

Құлыншақтар қуанышқа кенелді

Бұл күн – есін білген бөбектің жылда асыға күтетін, күнмен бірге оянған кішкентайдың қуанышқа кенелетін күні. Соңғы жылдары індеттің таралуы салдарынан тосырқап қалған мерейлі мерекені биыл аудандық білім бөлімі жоғары деңгейде атап өтуді жөн санады. Жүздеген құлыншақты аудандық Оқушылар үйінің алаңына жинап, мерекелік көңіл-күй құшағындағы қуаныш иелеріне түрлі сыйлықтар дайындады. Кішкентайлар кешіне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған ел ағалары, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов арнайы келіп, шара ауқымын кеңейтті.
Ұйымдастырушылар шараға қатысушы балабақша бөбектеріне арнап жүзден астам тегін билет таратты. Бұл сондағы бүгін ғана жұмысын бастаған аттракциондар мен ойыншықтарды тегін пайдалануға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, кенттің он мектебінен келген бастауыш сынып оқушылары «Денсаулығы сәбидің – қуанышы әр үйдің» деген ұранмен тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, үстел теннисі секілді спорттық сайыстардан бақ сынасты. Ал кішкентай суретшілер өзара шын талантты анықтады.
Алаңға келгендердің көңілінен шығып, таңданысын тудырған шебер әрі зерттеуші оқушылардың қолөнер көрмесі болды. Ғылыми жаңалыққа жақын дүниелер «Серіктес директорлар» лигасы аясында жүзеге асып жатқанын айтпай кетуге болмас. Жоба «Балалар жылы» көздейтін басым бағыттарды орындап келеді.
Сахна айналасына жиналған меймандар мерекелік бағдарламаны үзбей тамашалады. Ең алдымен көпшілік назарына «Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы» композициясы ұсынылды. Мұны №21 «Алпамыс» бөбекжай балабақшасының бөбектері орындады. Бұдан кейін аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы мереке иелеріне ізгі тілегін жолдау үшін еркетайларды көңілін өзіне бұрды. Аталған күннің маңызына тоқталып, балаларды қауіп-қатерден қорғау, олардың тұлға ретінде дамуына жан-жақты қолдау көрсету ел саясатының басты бағыттарының бірі екенін айтты.
Жүрекжарды лебіз, жағымды тілектен кейін флешмоб көрсетуге асық балалар ортаға жүгіре шықты. Бұған әр үйдің өнерлі жұлдыздары қосыла билеп, ата-аналар қызу қол соқты. Би дегенде белді бекем буатын бүлдіршіндер аз болмады. Алдымен С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп оқушылары «Ромашканы» билеп берсе, сәнді киінген айгөлектік өнерпаздар «Көңілді балдырғандар» шығармасын орындады. Ақтөбе қаласында өткен «Дарынды өнерпаздар» байқауының гран при жүлдегерлері, оқушылар үйінен тәлім алып жүрген жеткіншектер де қалыс қалмай, «Спорт» биін ән ырғағына келтіріп, шебер орындады. Сон-соң бұларға Қорқыт ата атындағы әуез мектебіндегі «Тұран тобының» кең дауысты дарындары қосылып, бірге шырқаған «Детство» хоры, №4 «Шұғыла» бөбекжайында тәрбие алатын «Алтын дауыс» республикалық байқаудың жеңімпаздарының «Біз бақытты баламыз» оркестрі көпшілік қошеметіне бөленді.
Жас жұлдыздар қойған мерекелік концерт әсем әуенмен қорытындыланып, меймандар өнерлі балалармен естелік суретке түсті.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ,
фото Нұрлан ҚАНАТ
04 маусым 2022 ж. 401 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 81

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 82

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930