Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіп – қауесеттен

Қауіп – қауесеттен

Соңғы күндері WhatsApp желісі арқылы «Балалар күніне орай балалар жылында бала басына 36 мыңнан ақша түседі» деген ақпарат желдей есті. Елдің басым көпшілігі бұл жаңалықты бір-біріне таратып, сүйіншілетті. Қашанда сенгіш қасиетіміз басым халықпыз. Қаржыдан қысылып, тапқан табысы жыртықты жамауға жетпей жүйкесі тозып жүрген кейбір жандардың санасына титтей сәуле жақты. Алайда артынша жалған екендігі жайында ақпарат тарады. Қарапайым халықты шатастырып, болмастан дәлемендірген бір ауыз сөзге біреу иланса, біреулер фейк екенін о бастан сезіп қойған еді.
Қазір күніне саң мыңдаған жаңалық естиміз. Интернетті ашып қалсаңыз, түрлі ақпараттық сайттар бір жаңалықты мың құбылтып, әрқайсысы өздерінше баяндап, оқырман тартуға тырысады. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алып жататындар да жоқ емес. Әлеуметтік желі деген дүниеде дүрбелең туғызатын ақпараттардың барлығы дерлік шындыққа жанаспайды. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай ұрандататындар көбейіп кетті. Олардың көздегені не екенін кім білген? Әйтеуір оңды-солды ақпарат таратып, адамды әлекке салады.
Осы ретте кез келген оқырман естігеннің бәріне сене берудің бекершілік екенін ескеруі қажет. «Анау айтты, мынау жазды», деп желігіп, жөн-жосықсыз жаныңыздағы адамның санасын уламас бұрын фейк пен жалған ақпараттың айырмашылығын және әлеуметтік желідегі ақпаратты қалай тексеруге болатындығын сараптай білген жөн.
Басқа пәле тілден
Алдымен жалған мен фейк дегеннің ара-жігін анықтап алуымыз керек. Көбіне адамдар бұл екеуін шатастырып, фейк пен жалғанды бір нәрсе деп ойлайды. Жалған ақпаратта ешқандай эмоция, асыра сілтеушілік немесе драмматизация жоқ. Мұндай ақпаратта абайсызда қате кетуі мүмкін. Оны оқыған кезде жалған екенін байқамайсыз.
Ал фейк ақпаратты анықтау оңай. Тақырыбы «мені оқы» дегендей, алыстан айқайлап тұрады. Оны байқамау мүмкін емес. Фейк ақпаратта өзіне тән кілт сөздер бар. Көбіне бұл кликбейт тақырыптар, яғни «жаға ұстатты», «дүр сілкіндірді», «желіні жарды» деген секілді сөз тіркестері болады.
2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігінің дерегінше, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанды. Фейк жаңалық – шындыққа жанас­пайтын, алайда шынайы дереккөз ретінде ұсынылып, қоғамды жаңылыстыруға бағытталатын ақпарат. «Фейк ақпарат» термині ХІХ ғасырдан бастап қолданыста. Бірақ интернет пен әлеуметтік желілер жалған ақпаратты жасау және тарату тәсілін өзгертті. Интернет пайда болғанға дейін адамдар жаңалықты негізінен бұқаралық ақпарат құралдарынан алатын. Ал БАҚ қызметкерлерінен кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтау талап етілетін. Интернет пайда болғалы жаңалықтар мен ақпаратты жариялаудың, бөлісудің және тұтынудың жаңа тәсілдері шықты. Оларды бақылау стандарттары мен редакциялық нормалар өзгерді. Көпшілік қазір ақпаратты әлеуметтік желілерден немесе басқа да ақпарат көздерінен алатын болғандықтан, адамдар жаңалықтың шынайылығына күмәнмен қарай бастады. Осы орайда Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс іске қосқан Wikitribune жобасының да жалғандықпен күресуге көмегі көп. Онда журналистер жаңалықтарын не материалдарын жарияламас бұрын, ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуға міндетті.
Әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін кең етек алды. Сенімді дереккөздерге сүйеніп, бүгінде шет мемлекеттер жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын жазар болсақ, Швеция биыл 1 қаңтардан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау. Ал Франция үкіметі өткен 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді.
Сондай-ақ Франция 2018 жылы фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылдады. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі де фейк ақпаратпен күресу үшін БАҚ туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.
Өзбекстанда Қылмыстық кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Сонымен қоса президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.
Сингапурда қабылданған жаңа заңда, ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді.
Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жеккөрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Біздің елімізде де жалған ақпарат таратушы жазасыз қалмайды. Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Аңғал елді алдаушы көп
Елде республикалық деңгейдегі дағдарыстық оқиғалар орын алған кезде әлеуметтік желіде, әсіресе WhatsApp арқылы жалған мәліметтер ағыны тарады. Өйткені төтенше жағдай болғанда халық ақпаратқа ерекше мұқтаж болады. Аңдып жүріп, оқиды десек те қателеспейміз. Мемлекеттің, ресми сайттардың берген деректеріне қанағаттанбай, тіпті кейде ел-жұртты алдап, жағымсыз жайттарды айтпай отыр деген ойды миға мықтап алады.
Мамандардың айтуынша, мұндай кезде әлеуметтік желіден келген фотодан күдіктенсеңіз Google Image Search немесе Yandex Image Search іздеу жүйелерінің көмегімен суреттің түпнұсқа екенін тексеруге болады. Ол үшін суретті осы іздеу жүйелеріне жүктеп, күмән тудырған суретке байланысты қандай мақала, ақпарат шыққанын немесе оның қандай сайтта жарияланғанын таба аласыз. Google Image Search сіз іздеген суретке ұқсайтынын тауып, оларды көлеміне және жарияланған уақытына қарай сұрыптауға мүмкіндік береді.
Карантин кезінде белгісіз сұйықтық шашып жүрген ұшақтың суреті желіде тарады. Суретпен бірге «Кеше түнде осы ұшақ у шашып жүрді» деген мәтін тарады. Онсызда аурудан еңсесі түскен ел үрейленіп, даурығып кетті. Тіпті бұндай екіұшты жағдайлар алауыздық тудырып, елдің дамуына да айтарлықтай зиянын тигізеді. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында суретті тексеру үшін жоғарыда айтқан Google Image Search іздеу жүйесіне салғанда суреттің 2016 жылы АҚШ сайттарының бірінде жарияланғаны белгілі болады.
Ағылшын немесе басқа да шет тілдерден аударылған видеолар көбіне орысша дыбысталады. Оны қазақшалағысы келген қазақ ақпарат агенттіктері қате аударып, шындыққа сай емес ақпарат таратқан кездерде кездескен. Сондықтан YouTube-та видео көрсеңіз, түпнұсқасын тауып, субтитр деген функцияны қосып қарағаныңыз жөн. Не айтылып жатқанын Google Translate немесе Yandex Translate-тің көмегімен аударып, тексерсеңіз, жалған ақпараттың құрбаны болуға жол бермейсіз.
Таңда әрі талда
Ақпаратты қандай арнада, кім жариялағаны да маңызды. Ол үшін оны таратқан автордың профайлына кіріп анализ жасауға болады. Мәселен, алдымен оның аватарында қандай сурет тұр? Аккаунттың белсенділігі қай деңгейде? Пайдаланушы көбіне қандай тақырыпта ақпарат жариялайды? деген сауалдарға жауап іздеу маңызды. Жарияланған мәліметті тексеруге шамамен 1-2 минуттан 30 күнге дейін уақыт кетеді. Жариялымнан күмәндансаңыз оны ресми органның сайтына кіріп сәйкестендіресіз. Алайда тексергіңіз келген мәліметті ресми дереккөздерден таппайтын кездер болады. Мұндай жағдайда ресми органға сауал жіберуге тура келеді. Олар сауалыңызға 15 күннің ішінде жауап беруге міндетті.
PS: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні кез келген оқиғанның бәріне сене беру жөнсіз. Тақырыппен ғана танысып, «масқара, осындай болыпты» деп келесі адамға тарату сауатсыздық пен талғамсыздықты танытады. Ойланбай сөйлеп, опық жеп қалмас үшін алдымен мақаланы толық оқып алып, көкейіңізде күмән туса, жоғарыда айтылған тәсілдермен дұрыс-бұрыстығын тексеріп алғаныңыз абзал.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 мамыр 2022 ж. 569 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930