Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салада серпінді істер бар

Салада серпінді істер бар

Ұлт саулығын сақтауда бұқаралық спорттың рөлі зор. Қазақстанда бұл салаға жүйелі қолдау көрсетіліп, оны дамытудағы ауқымды реформалар қолға алынуда. Елді таныту мен табысты етуде жүйелі жолы қалыптасқан туризмге ден қою да маңыздылығын ұғындырды. Олар экономика тетігі, мәдениет бастауы, идеологиялық құралға айналуда. Осы бағытта жұмыс істейтін Қазалы ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі жыл басынан бері өздеріне жүктелген қызметтік міндетін жауаптылықпен атқарып келеді. Байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп, көк туымызды әлем алдында желбірету жауапты сын. Аудандағы ахуал қандай? Жыл басынан бері қандай жұмыстар жүзеге асты? Көз жүгірттік.
Спорттың қашан да адам денсаулығын жақсартып, ұзақ, қалыпты өмір сүруге жетелеп, біріктіруге бастама. Алдына мақсат қойып, талап үдесінен көрінген спортшы қай жерден, қай өңірден, қай кезде шықсын, қажыр-қайраты, еңбегі арқылы асу асып, арманына қол жеткізе алады.
Бүгінгідей салауатты өмір салты мен белсенді қоғамды қалыптастыруда спорттың бұқаралық сипатқа ие болуының үлгісі адамдардың өз денсаулығын мұқият қадағалап, жаман әдеттерден бас тартуына, физикалық, психологиялық денсаулықты жақсартуға көмектеседі.
Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек», – деген болатын. Салаға деген серпін спорт түрлерін дамытуға мән беріп, нәтижелілігін арттыруға ықпалдасуда.
Спортты жаппай дамыту – ересектер мен балалардың шеберліктерін шыңдаудың маңызды жағдайларының бірі. Ол адам денсаулығын нығайтып, дұрыс дамуына әсер етіп, өмірде қажетті қимыл-қозғалыс дағдыларына үйретіп, дене, жігер және адамгершілік сапаларын тәрбиелеуде таптырмас құрал екендігін көрсеткен. Ауданның спортсүйер өрендері өздерін жан-жақты жетілдіру ісін қолға алып, жоғары спорттық көрсеткіштерге жетуге талаптанып, жігерлілікке маманданған. Бұл көзіміз көріп, көңіліміз сенген жағдайдан соңғы қалыптасқан пікір.
2025 жылдың 5 айында аудан аумағында 67 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілген. Оларға 2000-ға жуық адам қатысқан. Жарыстардың 4–уі республикалық турнир болса, 19-ы облыстық , қалған 44-і аудандық деңгейдегі шаралар.
Әдетте күш, жылдамдық, шыдамдылық, ептілік, иілгіштік қасиеттер қимылда анықталады және қимыл әрекеттерінің құрылысына байланыста өрбиді. Спорттық дайындық – жеңісті жұмыстың алғышарты. Спортшының ағзасын дұрыс дайындық, қажетті ахуалға бейімдеу оның жаттықтырушысына байланысты. Себебі қажетті әдестемені дұрыс қолдану басты қағида саналады екен.
Спорт адамдар өмірінде тарихи қызмет атқарумен құнды. Себебі түрлі деңгейдегі, спорттық сындар мен жарыстар арқылы жеңімпаздар анықталып, көрсеткіштері белгіленеді. Ал саяси мазмұны бүкіл дүниежүзілік жүйе негізінде жүзеге асады.
2025 жылы 5 айында Қазалы ауданының спортшылары Азия чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола, Халықаралық турнирлерде 3 күміс, 2 қола медальдарына қол жеткізген. Түрлі спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 9 алтын, 12 күміс, 16 қола медаль иеленген.
Зарина Толыбай Шри-Ланка елінің Коломбо қаласында бокстан өткен Азия Чемпионатында 75 келі салмақта чемпион атанса, Ақбота Болат 48 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені жеңіп алған. Бішкек қаласында өткен гір көтеруден Азия чемпионатында спортшы Мейрамбек Бөлекбаев күміс және қола медальдармен оралған.
Өткен жылы Президент спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарын атап өтіп, жауапты министрлікке саладағы заңнаманы жаңартатын кез келгенін шегендеп айтқан болатын. Мемлекет басшысы жаңа өзгеріс бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беріп, болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашатынын жеткізген. Бүгінгі таңда мектептегі дене шынықтыру сабақтарынан бастап халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындауға дейін тең қолжетімділікті құруда дәйекті жұмыстар жүзеге асуда. Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін насихаттау, инфрақұрылымды жаңғырту және жаттықтырушылар құрамын қолдау басымдылығын арттырған.
Ресми деректер спортты Қазақстанның 8 миллионнан астам тұрғыны жанына серік еткенін көрсетеді. Бұл ел азаматтарының 41,4 процентін құрайды. Мемлекет алдында аталмыш көрсеткішті 2029 жылға қарай 50 процентке жеткізу мақсаты тұр. Әлгіндегі санның 30 проценттен астамын жасөспірімдер құраған. Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасының ауқымы артқан.
Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл бағыттағы жағдай жыл санап жақсарып келеді.
2025 жылы Әйтеке би кентінен, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде аудан халқы доп тебетін 56 жасанды алаң пайдалануға берілген. Оның 23-і Әйтеке би кентінде, 4 жасанды алаң, Қазалы қаласында, 29 жасанды алаң ауылдық округтерде орналасқан.
«Көпқабатты үйде тұрамын. Соңғы жылдары «жасанды алаң» деген жаңа сөзді үйрендік. Бұрын балаларымыз белгіленбеген орындар, қоқыстар маңында ойнап, түрлі жарақаттар алып қалатын. Аллеригиялық көрсеткіштері де көбейіп жүрді. Енді рахат, үйден ұзамай, алаңда доп тебеді. Қауіпсіз. «Балам қайда жүр?», «Не істеп жатыр?» деп алаңдамаймыз, көз алдымызда шымырланып, өсіп жатыр. Футбол алаңы жанында жаңа жаттығу алаңы да бой көтерді. Онда сапалы денешынықтыру қондырғылары қойылған. Ертемен маңдағылар жаттығып, бой сергітеді. Тіпті бізден 3-4 көше бұрын тұратын мүгедек азаматты да білемін. Күнінің арнаулы бөлігін осында өткізеді. «Мемлекеттің осындай сыйын тұрғындар дұрыс сезіне ала ме екен?» деген күмәнді ой да мазалағаны бар. Жоқ, жабындылар мен қоршаулар құртылмаған. Тіпті ойын ойнап болып алаңды жинап жүрген балаларды көргенде түсініктің түзелгенін байқайсың» , – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Ғанибек Нұрқожаев.
Аудандық білім беру ұйымдарындағы 40 спорт залы талаптарға сай жабдықталған.
Қазалы ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2021-2025 жылдарға арналған облыстық даму жоспары негізіндегі 2025 жылғы туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің орындалуында оң динамика қалыптасқан. Оның ішіндегі ішкі туристер санының артуы нысаналы индикаторы бойынша меже – 10 000 адам болса, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айлары бойынша қызмет көрсетілген келушілер саны 2 415 адамды құраған.
Сыртқы туристер санының артуы нысаналы индикатор 700 адамға межеленсе, жыл басынан бері ауданға ат басын бұрған 178 сыртқы туристер тіркелген.
«Нөмірлік қор санын ұлғайту» бойынша аудандағы орналастыру орындарында біржолғы сыйымдылық, төсек-орын саны 265 бірлікті көрсетіп отыр.
Салаға тартылған инвестиция көлемі 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында 190,1 миллион теңгені құраған.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға арналған мемлекеттік қолдау шарасы да жүргізілген. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойында орналасқан «Мирас» кешенінің меңгерушісі атынан 2025 жылға қажетті құжаттары облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына ұсынылып, ай сайын субсидия алуға қолдау тапқан.
Қазалы бойынша барлығы 10 қонақ үй бар. Оның 4-уі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойында көп салалы қызмет көрсету кешендерінде орналасса, қалған 6-уы Әйтеке би кентінде орналасқан.
2025 жылы ауданға келген шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесі орналастыру орындарында болу құнынан нөл пайыз мөлшерінде етіп аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
Ауданға келген шетелдік туристер ағымы туралы ақпараттар «E-qonaq» ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Негізгі туристік нысаны – Жанкент қалашығы. Республикалық дәрежедегі ескерткіш Жанкент қалашығының қорғау аймағы белгіленіп, QR-код тақтайшасы орнатылған. Қалашықтың жанына тарихи кезеңдер бейнеленген «JANKEHT» стеласы және ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты консервацияланған бөлмесінің композициясы жасақталған. Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндіктер жасалған.
Тарихи шахарға туристерді тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру және насихаттау бойынша аудан әкімінің орынбасарымен бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес тиісті шаралар атқарылған.
Фейсбук әлеуметтік желісінде «Жанкент қалашығы» атауымен парақша ашылып, қалашық туралы мәліметтер жариялануда.
Сәуір айында Алматы қаласында өткен «Туризм және саяхат» атты Халықаралық көрмесінде арнайы «Жанкент» қалашығы туралы 100 дана таратпа материалдары дайындалып, ұсынылған. Онда Оғыз қағандығының бас қаласы туралы түсірілген бейнероликті көруге арналған QR-коды орналастырылған.
«Спорт пен туризмнің бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Уақыт талабынан табылу – біздің басты мақсатымыз. Күнделікті оң өзгерістерге ілесуде мамандарымыз ізденісі мен білімін арттырып, жұмыс ырғанын ілгерілетіп келеді. Жоспарланған жоспарлар мен ақпараттық-насихаттық істер, ауданның туристік әлеуетін көтеру, бекітілген негізі көрсеткіштердің толық орындауға бағытталған жүйелі жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табатын болады», – дейді бөлім басшысы Орысбек Жәмшейітов.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 шілде 2025 ж. 155 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031