Су шаруашылығы саласының ардагерлерімен кездесті
Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюы жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Осы мәселеге байланысты бар өмірін су шаруашылығы саласына арнаған инженер, гидротехник, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қазақстанның құрметті су шаруашылығының ардагері Әбдрасулла Жұбамбаев аймақтық «Тұран – Қазалы» газетіне су тапшылығына байланысты өзінің бірқатар ұсыныстарын жазған болатын.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ә.Тыныбаев атындағы су торабында мақала авторы, Қазақстанның құрметті су шаруашылығының ардагері Әбдрасулла Жұбамбаевпен кездесіп, су тапшылығына байланысты ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде Әбдрасулла Жұбамбаев Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабы плотинасының жобада қаралған зор мүмкіндіктерін пайдаға асыру керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Егер айтылған ұсыныстар жүзеге асатын болса, су тапшылығы кезінде плотина арқылы судың деңгейін көтеріп, «Өтебас», «Томай» көлдеріне мол су жіберуге болады. Одан бөлек «Масақбай» учаскесі арқылы сол маңдағы жерлерді суландыруға мүмкіндік туады.
Аудан басшысы су шаруашылығы саласындағы тәжірибелі маманның ұсыныстарын жүзеге асыру үшін қыруар қаржы қажет екендігін айтты. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ еместігін жеткізді.
– Мәселен жақында ғана «Өтебас» көліне су салатын каналды тазалау жұмыстарын жүргізуге құжаттар дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды. Жоба құны 65 млн теңге. Каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген соң канал басындағы шлюзді 1 метрге төмендетіп, жөнделеді. Одан бөлек, Масақбай бөгетіне 3-5 текше метр су өткізе алатын гидротехникалық құрылыс салу жөнінде ұсыныстарымыз бар, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, Ә.Тыныбаев атындағы су торабының бастығы Болат Әсербаев «Қазсушар» өндірістік учаскесінің бастығы Бабахан Тайманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай да бұл мәселелерге қатысты ой-пікірлерін айтты.
Кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кентінің Қарақұм беткейіндегі «Құмкөл», «Марқакөл» және тағы басқа көлдер мен жайылымдықтарға су жіберу барысын көрді. Қазіргі таңда бұл маңдарға бастауын «Басықара» каналынан алатын «Абдулла аша» және тағы басқа арналар арқылы су жіберілуде.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат