Жолдау: Төңкеріс жасамақ болғандар кімдер?
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жариялап жатыр. Мемлекет басшысы «мемлекетке сатқындық жасаған адамдар» туралы өз сөзінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді»,- деді ол.
Қаңтар оқиғаларынан кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы, көп жылдар бойы мемлекеттік лауазымдарды иеленген Кәрім Мәсімов ұсталған болатын. Ол мемлекетке опасыздық жасады деп күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалды. Кейін "билікті басып алу" бабы бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бас прокурордың айтуынша, Мәсімовтың қылмысы анықталса 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді",- деді Мемлекет басшысы өз жолдауында.
Айта кету керек, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 13 наурыз күні "Қазақтелеком" АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
"Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр", - деп жазды Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін екі күннен соң елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевтың қамауға алынғаны мәлім болды. БАҚ бетінде Боранбаевты қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ұстап, тергеу изоляторына қамағаны туралы жазылды.