Зейнетақы жинағын балалардың еміне пайдалануға болады
Денсаулық сақтау министрлігі емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілетін бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өзгерістерге сәйкес алушының біржолғы зейнетақы төлемдерін өз баласын емдеуге пайдалануына жол беріледі.
Сондай-ақ жұбайының немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын пайдалануға болады. Бұл үшін тараптар алушының жеке кабинетінде біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады, ол некені немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылады.
Қорытындыны алғаннан кейін өтініш беруші медициналық ұйымды таңдайды және шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын әрі қарай тіркей отырып, уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы өзінің жеке кабинетінде дәрігерлік комиссияның қорытындысын қоса береді. Кейін медициналық қызметтер көрсету туралы шарт жасасады.
Өз кезегінде, уәкілетті оператор алушы ұсынған құжаттар біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатына сәйкес келген кезде алушыдан құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын тексереді.
Емделуге ақы төлеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
- қорытынды;
- медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы шарт немесе дәрілік заттарды сатып алуға сатушы мен алушы арасындағы шарт.
Медициналық қызметтерді шетелде алу кезінде деректемелерді (төлем шотын) көрсете отырып, төлемді жүзеге асыру үшін қажетті құжатты немесе медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтерді көрсету туралы шартты (құжаттар шет тілінде жасалған жағдайларда нотариалды куәландырылған аудармасын қоса бере отырып) ұсынуға жол беріледі.
Бұйрық жобасы 14 наурызға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.