Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларын байлығына балаған

Балаларын байлығына балаған

Таңсәріден оянып, таңғы асқа жиналған үлкендердің жүзіне бүлдіршіндердің шат күлкісі мен тәтті қылықтары күлкі сыйлайды. Немерелерінің кішісі былдырлап, нәзік саусақтарын шошайтып, әлденені нұсқап әлек. Онысы көңілі түскен дүниесіне қолын созып, алып бер дегендегісі. Әкесі мен анасы да бал қылықты балғындарына қарап, сүйсініп отыр. Мектеп жасындағылары оқуға жиналып, кішілері ойыншықтарының жанына жайғасып, үйдің іші әп-сәтте базарға айналды. Бұл Әйтеке би кентінде тұратын Рауан мен Сабираның шаңырағындағы күнделікті көрініс.
Сабира Ібайда «Алтын» алқалы ана. Жолдасы Рауан екеуінің шағын мемлекетінде жеті жеткіншек өсіп келеді. Үлкендері 10-сыныпта оқиды. Кішісі бір жарым жаста. Балалар ата-әженің тәрбиесін көріп, өнегесін алуда. Ерлі-зайыптылар жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Отағасы Бозкөл ауылында тоған ашып, балық өсіруді қолға алса, жары тігін цехының жұмысын жандандырып отыр. Ісмер келіншек киімнен бөлек, перде, көрпе-төсек тігеді. Жағалы киімдерді жаңалап, заманға сай сәндеп те береді. Қазіргі таңда мектеп оқушылары, балабақша балаларына бірдей үлгідегі киімдерді тігуге тапсырыс алып, жұмыс істеуде. Ол сондай-ақ соңғы уақытта отбасы мүшелерінің барлығына бірдей етіп киім дайындап беруге тапсырыстардың жиі түсетіндігін тілге тиек етті. Жолдасы Рауан түрлі үлгідегі жалюздерге тапсырыс қабылдап, орнатып береді.
– Кеше ғана ата-анасы мен ұл-қызына киім тіктік. Тұтынушымыздың көңілінен шығып, алғысын жаудырды. Талғамына сай, таңдаған матасынан, қалаған үлгідегі көйлектерді дайындап береміз. Өзіммен бірге екі қыз жұмыс істейді. Заттарды Алматы, Ақтөбе қалаларынан арнайы алдырамын, – деген кәсіпкер келіншектің цехты ашқанына көп бола қойған жоқ. Алайда тігіншілікке келгені кеше емес. Бала күнінен қолөнерге бейім болып өскен Сабира мектептен соң технология пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Ал қазір Әйтеке би кентіне қоныс аударған.
– Негізі, Қазалының тумасымыз. Бірнеше жыл Ақтөбе қаласында тұрып, мұғалімдік қызмет атқардым. Жұмысыммен қоса, тігіншілікті қатар ала жүріп, өтініш айтқан жандардың тілегін жерге қалдырмайтынмын. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істедім. Арнайы курс ашып, шәкірттер тәрбиеледім. Туған жерге қайта қоныс аударған соң, бастапқыда үйде отырдым. Алайда таныс жандар келіп, тапсырыстар қабылдауымды өтінді. Ойлана келе, осы жерді жалға алып, тігін цехын ашуды көздедік. Қазір жұмысымыз жаман емес, алға жылжып келеді. Балаларымыздың несібесі болар, бұйырған нәпақаны тауып отырмыз, – деген ананың болашаққа жоспары көп.
Балалы үй – базар. Бұл отбасының да шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған балақайлар. Күміс күлкілері үйдің үшін нұрландырып жібереді.
– «Бір бала дүниеге келсе, бір қозы артық туады» демей ме? Бар байлығымыз, бақытымыз балаларымыз. Шүкір, олардың білімді, жан-жақты әрі ештеңеден тарықпай өсуіне ерінбей еңбек етудеміз. Осылардың келешегі кемел, болашағы жарқын болса, бұдан асқан бақыт жоқ. Жуырда ғана облыс әкімі жаңадан салынған үйлердің бірінің кілтін табыстады. Көп балалы отбасыларын баспанамен қамтып отырғандығына ризашылығым шексіз. Әр адам баланы өмірге өзі үшін әкеледі. Десе де қамқорлық танытып, қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – дейді Сабира Жанболатқызы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 наурыз 2022 ж. 683 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031