Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегінен бақыт тапқан жанұя

Еңбегінен бақыт тапқан жанұя

Денсаулық сақтау саласындағы негізгі көмектің бірі – жедел жәрдем қызметі. Қоңырау шалып, көмек сұраған науқастарға алғашқы медициналық бақылау жасау – жедел жәрдемде жүргендердің басты міндеті. Бұл салада ерлермен қатар қыз-келіншектер де күн-түн деместен, аса жауапкершілікпен аянбай тер төгеді.
Қай кезде де әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Осындай сүйіспеншілікке бөленіп жүргендердің қатарында енелі келінді Жанат Сыздықова мен Ақерке Бұхарбай бар. 35 жыл еңбек өтілі бар бірі тәжірибелі маман болса, бірі жас маман. Нәзікжандылар қарбаласқа толы ісін ерекше қадірлейді.
Жанат Бағыбарқызы көпбалалы батыр ана, күміс алқа иегері. Құдай қосқан жары Қуантқан екеуі Жарасқан, Жадыра, Гүлмира, Нұртуған және егіздер: Нұрғиса мен Нұржамал есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Қазір әрқайсысы жеке отау құрып, түрлі салада қызмет атқаруда. Соның ішінде Жадыра, Нұртуған, Нұрғиса мен Нұржамалға анасының жолын қуып, ақ халат кию бұйырған. Олар кәсіби түрде науқасқа ине салып, тамыр арқылы дәрі-дәрмек құюдың нағыз шеберлері. Бүгінде олардың қатарына келіні Ақерке де қосылды. Ақерке жұбайы Нұртуған, қайнысы Нұрғиса және енесі Жанат Бағыбарқызымен бірге Қазалы аудандық жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істеп, тәулік бойы тынымсыз халыққа қызмет көрсетеді.
– Әрбір бөлім шалынған қоңырауды жауапсыз қалдырмай, барлық науқастарға көмек көрсетуге қашан да әзір тұрамыз. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Кез келген науқасқа шұғыл көмек көрсетуде өз ісімізді барынша мұнтаздай орындауға тырысамыз. Әркез сабырлылық сақтап, қандай жағдайға тап болсақ та, бірден бақылауға алып, дереу көмек береміз.
Жалпы мұнда өздерінің қызмет бабындағы шектеулі ережелерін сақтауға тиіс. Алғашқы көмек көрсететін қызмет шақырту санаттарының себебі мен шұғылдылығына байланысты анықталады. Негізінен шұғыл қызметке жарақат алғанда, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, уланып қалғанда, науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған ауыр жағдайларда, жүкті әйелдердің толғағы қысқан кезде хабарласқандарға барынша басымдық беріледі, – дейді Жанат Бағыбарқызы.
Үлкен отбасының түтінін түтетіп отырған батыр ананың айтуынша, ол өзінің саласына кездейсоқ келмеді. Оның анасы Тұрғанкүл медбикелік қызметін ұзақ жылдар бойы қалтқысыз атқарды. Анасының мамандығына қызығып, еліктеген бала кезгі асқақ арман нақты мақсатқа ұласты. Бұл күні оның аға, сіңлі-інілері де Тұрғанкүл анасындай медицина саласына сүбелі үлес қосып келеді. Араларында тіс дәрігері, фельдшер, акушер, медбикелер бар.
Осындай үлкен отбасына құт болып келген Ақерке «103-те» қызмет еткеніне 4 жылға жуықтапты. Бұл аралықта «Жедел жәрдем» қызметіне бірнеше өзгеріс енгізілген. Ақерке Орынбасарқызының мәлім­деуінше, диспетчер мен «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің арасындағы талқылау 5 минутты құрайды. Осы уақыт ішінде олар шақыртушының жағдайы туралы айтып, қажетті құралдарды алып жолға шығуы керек. «Жедел жәрдем» бөлімі кезекші дәрігерге бағынуға міндетті. Диспетчердің жедел қызмет көрсетуі 4 категория бойынша орындалады. Экстремалды 1 мен 3 аралығындағы кезек күттірмейтін шақыртуға жылдам барады. Жол көлік оқиғасы, жүрек ауруы, қан қысымы 220-ға жоғарылағанда, инсультте, аяқасты жарақат алғанда, дарға асылу, суға батқан, ұстама ұстағанда, пышақталғанда осы санат бойынша шұғыл ем жасайды. Ережедегі 4-санат ешқандай өміріне және денсаулығына аса қауіпті зақым келмейтін жағдайға жатады.
– Бізде күндіз – 4, түнгі – 5 бригада таңғы 5-тен кешкі 20:00-ге дейін және 20:00-ден таңғы 5-ке дейін ауысыммен халыққа қызмет етеміз. Жаны қысылып, алғашқы көмектен соң есін жиған науқастың ризашылығы бізді қуаттандырады, – дейді Ақерке.
Кішкентайынан дәрігер болуды армандаған Ақерке бала кезінде басқа құрбылары қуыршақ ойнап жүргенде, ол медицинаға қатысы бар ине, ұстағаны шприц болды. Өсе келе ойыншықты, шын мәнінде, жұмыс бабында қолданып жүр. Оқуды тәмамдаған соң таңдаған саласына келген жас маман жұмысқа орналасқанына көп болмаса да біліктілігімен көзге түсіп үлгерген. Оның паймынша, медицина саласын «жедел жәрдемнен» бастаған жөн. Мұнда бәрін көресің, тәжірибе жинайсың деген ойда. Бастапқыда жұмыс оңайға түспегенін жасырмады. Дегенмен жан-жақтан жеткен алғаусыз алғыс алға жетелейтінін жеткізді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
07 наурыз 2022 ж. 244 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031