Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Байқожада оң бетбұрыс бар

Байқожада оң бетбұрыс бар

Сәрсенбіде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Майлыбас ауылдық округіне қарасты Байқожа елді мекеніндегі тұрғындармен кездесті. Тілшілік тіршілікпен біз де сол жерден табылдық.
Биыл Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 61 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда спорт алаңы салынады. Қазіргі таңда бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
500-ге жуық халқы бар елді мекеннен спорт алаңын салу жөнінде тұрғындар аудан басшысымен өткен басқосуда баяндаған болатын. Ұсынысты қолдаған Мұхтар Әуесұлы тиісті қаржыны аудандық бюджеттен бөліп, бұл елді мекен жұртшылығына кездесуде айтып берді.
– Бұдан былай аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері бұрынғы форматта болмайды. Бұл туралы жарлық апта аяғында шығады. Мұнда әкімдер жұртшылықпен тоқсан сайын жүздеседі. Ол кезде тек баяндама жасаумен ғана шектелмей, халықтың ұсыныс-тілектері тыңдалатын болады. Одан әрі қарай көтерілген мәселелердің орындалып, не орындалмағаны туралы келесі тоқсанда айтылады. Ауылдан келіп түскен арыздарға байланысты жыл басында сіздермен жүзбе жүз жолығуды құп көрдік. Көтерілген түйткілдер орынды. Біз мұның шешілетін жағын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар өткен жылдағы басқосуда ауыл ақсақалдары ең бірінші жергілікті жерге спорт алаңының қажет екенін айтқан еді. Бұл мәселе дереу қолға алынып, былтыр желтоқсан айында бюджеттен ақша қаралды. Сәтін салса, алдағы уақытта ел игілігіне беріледі. Ал оны қайда орнату қажеттігін елді мекен жұртшылығы айтады, – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Мұнан бөлек жиында тұрғындар ауылдағы орталық көшені асфальттау, сервистік ауызсу желісін қосу, электр желілерін қалыпқа келтіру, трансформатор қондырғысын орнату қажеттігін сұраған. Ал аудан әкімі баяндалған шаруаларды шешу үшін қыруар жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Алайда аяқсу мәселесін шешу әзірге мүмкін болмайтынын түсіндірді.
Сондай-ақ Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландырылуға ұсынылғанын да жеткізді. Егер жоба қолдау табатын болса, ауызсу мәселесі толық шешілетінін айтты.
Айта кетейік, ауыл тұрғындарымен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысының басшысы Нұрбек Күзембаев барды. Сонымен бірге аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов, «ҚЭТТК» АҚ Қазалы аудандық электр торабының бастығы Ерболат Мұқаш, «Қазалы ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Талғат Алданазаров халықпен жүздесті. Аталған азаматтар екінші тараптан қойылған ұсыныс-пікірлерге жауап беріп, барлығын жан-жақты түсіндірді.
Басқосу соңында ауыл тұрғыны Жаппарберген Қуатов елді мекенде күрес немесе бокстан спорт үйірмесі ашылса деген ұсынысын айтса, Сардарбек Шапихов айтылған мәселелерді жерге тастамай, халықтың өтінішін ескерусіз қалдырмаған аудан басшыларына ризашылықтарын жеткізді.

А.БАҚЫТҰЛЫ
14 ақпан 2022 ж. 412 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 85

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 84

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930