Жағдайың қалай, жас маман?
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылы ауылдағы маман тапшылығын шешу үшін бастау алғаны баршаға белгілі. Ал бұған шалғайдағы ағайын үлкен үмітпен елеңдей қарады. Талай жас дипломын арқалап ауылға барып, еңбек етті, санаулысы сонда тұрақтап қалды. Дегенмен жас мамандардың міндетті 3 жылдық еңбек өтілін атқарып болған соң қалаға қайтатыны жасырын емес. Оның себебі неде? Бағдарламаның шикі тұстары көп пе?
«Дипломмен – ауылға!» аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы кешені салалары бойынша білім алған жас мамандар ауылға барып, жұмысқа орналасады. Бағдарламаға сәйкес, жас маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ баспана алуға небәрі 0,1 процентпен бюджеттік арзан несие беріледі.
Зерттеулерге сүйенсек, 2009-2020 жылдар аралығында 77 мыңнан астам маман 11,5 миллиард теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 36,6 мың маман 105,3 миллиард теңге сомасында тұрғын үйге берілетін бюджеттік несиеге қол жеткізген. Бұл ретте білім беру саласының 70 және денсаулық сақтау саласының 21 процент мамандары қамтылған. Ал одан бергі жылдардағы санында нақты ақпарат қолға тимей отыр.
Бағдарлама болашағына жаңа жоспар
Бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе де, ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бүгінде бір ғана агроөнеркәсіптік кешен саласына 2,8 мың маман жетіспейді. Жыл сайын мемлекеттік гранттар бойынша аграрлық мамандық алған түлектердің тек 30 проценті ғана ауылда жұмысқа орналасады. Демек бюджеттен бөлінген 7 миллиард теңгеге жуық қаражат тиімсіз пайдаланылып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асырудағы кемшіліктердің бірі – жас мамандарға бюджеттік несие қаражатын бөлу кезіндегі бюрократия.
– Жоба қанша жерден дұрыс мақсатта жасалса да, оның нәтижелі болуы жергілікті атқарушы билікке байланысты. Дипломмен ауылға барған мамандардың әлеуметтік жағдайын жасай алмай отырмыз. Үй ала алмай, коммуналдық шығынын төлеуге шамасы келмей, айлық үстемеақысына қолы жетпей жүргендер бар. Осының кесірінен жоғары білімді жастар ауылға тұрақтамайды, – дейді тәуелсіз сарапшы Кәрімбек Құрманәлиев.
«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі – Ұлттық экономика министрлігі. Мұны екінің бірі біле бермейді. Салдарынан бағдарламаға қатысты қаптаған шағым өзге Үкімет мүшелерінің, Білім және Ғылым министрлігі, Мемқызмет істері агенттігінің, аймақ әкімдерінің құлағын шулатуда. Бұл орайда мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Ұлттық экономика министрлігі осы жобаны үйлестіруші ретінде қай мамандықтарға жастардың тұрақтап қалатынын анықтауы керек дегенді айтады.
– Жобаға басынан бастап аналитика жасау қажет. Менің ойымша, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ескірді. Ауылға маман тартудың заман талабына сай жобаларын ойластыратын уақыт жетті. Ол бағдарламалар арнайы зерттеліп, қоғамдағы сарапшылармен кеңесе отырып жүзеге асырылуы тиіс, – деді халық қалаулысы.
Көшіп кетуге тосқауыл жоқ
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай ауылдағы мектептердегі мұғалім тапшылығын шешетін жаңа бағдарлама дайындауды тапсырды. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға барудан неге қашады? Мәселенің түйіні әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Кей ауылдағы жөндеуден өтпеген жол мен мектеп, сыныптағы 30-дан астам оқушы, тұрмыс жағдайы жас маманды қалада қалуға мәжбүрлейді. Олай етсе, ауыл мектебіндегі оқушының жайы не болмақ? Мұндайда бір мұғалім амалсыздан бірнеше пәннен сабақ берері анық. Тіпті кей білім ошағынан зейнет жасына толған ұстаздың әлі күнге дейін жұмыстан қол үзбегенін кездестіру қиын емес.
Анықталғандай бағдарламамен алған үйді кейін қымбатырақ бағаға сатып, қалаға көшіп кетуге тосқауыл жоқ. Себебі жобаның басты шарты – маман ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Салдарынан кейбір жастар бағдарламаны баюдың жолына айналдырған. Мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайынының үйін қағаз жүзінде сатып алып, пайда тапқандар да кездесті. Мұндай деректер көбейіп кеткендіктен, Үкімет бағдарламаға өзгеріс енгізіп, қатысушыға туысқанының үйін сатып алуына қатаң тыйым салды.
Қазір ауылда да үй қымбаттаған. Үкімет берген ақшаға ескі тұрғынжай сатып алып, оны жөндеуге тағы сондай қаржы салу керек.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспаналы болғым келді. Әйткенмен, мен барған ауылда баспана бағасы шарықтап тұр. Құны 7 миллионнан басталады. Осыған орай министрліктен бағдарлама бойынша бөлінетін несие мөлшерін көбейтуді сұраймын, – дейді жас маман Қуандық Сәменов.
Бас маманға – жас маман...
Жастардың барлығы жаппай әлеуметтік көмек үшін ауылға барады деп ойласақ, қателесеміз. Туған ауылына жүрек қалауымен барған жас маманның бірі – Айбек Қабдеш. Ол 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілердің қосылғанын естіп, көп ойланбастан, осындай шешім қабылдаған. Бүгінде ауылдық округ әкімдігінің аппаратында жұмыс істейді.
– Ауылда күнкөріс көзі мектеп, әкімшілік және аурухана ғана. Бағдарлама аясында мектепке келген мұғалім айлығына 25 процент қосып алады. Бірақ әкімшілік пен ауруханадағы мамандарға бұл үстемақы қарастырылмаған. Менің ойымша, ауылда жастардың тұрақтамауының басты себебі – инфрақұрылымның жетілмегені. Жыл сайын ауылды дамытуға миллиардтаған ақша бөлінгенімен, барлығына бірдей жетпейді. Биыл мына құрылыс десек, одан арғы жылы өзге шаруа күтіп тұрады. Әрине барлығы тұрғындар қамы үшін. Дегенмен бірсыпыра елді мекенге жол да, жарық та, жастар баратын мәдени орындар да аздық етеді. Осыдан кейін жастар қалай барғысы келеді? – дейді Айбек Қабдеш.
Жергілікті жерде барлығы болмағанымен, кей ауылға жол түсе қалып, мекемеге бас сұқсаңыз, жастар аз, басшылықта отырғандардың көбі орта буыннан жоғары жастағылар. Ал олар жастар әкелген өзгеріске қырын қарап, түсінбейтіні анық. Сондықтан 3 жыл еңбек мерзімін бітірген соң тіл табыса алмаған жас «Ауылдан болашағымды көріп тұрған жоқпын» деп ат-тонын ала қашады. Сол үшін округтерге сондағы жүйеге өзгеріс енгізетін, тың идеяларды қосатын жастарды тартуға көптеп күш салу қажет. Сонда ғана өзгерісті, бас маман емес, жас мамандар әкеледі. Әйтпесе бұған дейін еңбек еткендердің ауылды басқа қырынан дамытуды қолға алғанын естімей келдік емес пе?!
Тақырып қаузалғанда «Судың да сұрауы бар» дегендей, жас мамандар әрбір іске ұқыпты және жауапкершілікпен қарауы тиіс деп әңгімені алыстан орағытатынымыз бар. Бұл да жөн. Бірақ уақыт таяп, шара қабылдауға келгенде қауқарсызбыз. Осыдан кейін «Ауылым, қайдасың?» деген маманның тауы шағылып, қайтадан қалаға оралмасына кім кепіл?..
Абзал ЖОЛТЕРЕК