Ажалға себепкер болмасын
Қытымыр қыстың алғашқы айын еңсерген жұртшылықтың дені жылдағыша суықтап, тұмауға шалдықты. Бірі көзден жас кетпейтінін айтса, екіншісі тамақ, үшіншісі ағзадағы шанушудың ауырсындырып, ұзақ уақыт кетпеуімен шағымданады. Бұрын «Ауру айтып келмейді» дейтін болсақ, бүгін алыстан айғайлатқан «омикронның» салдары дендеді деп қорқыныш құшағында күн өткізіп жүргендер қатары қалың. Көпшілікті үрейлендірген себеп пен салдар туралы біз де зерттеп, білмекке ұмтылдық.
Өткен жылдың қараша айының соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың бұл вариантын «Variant of concern» яғни «алаң тудырған штамм» деп атаған.
Алғаш Оңтүстік Африка республикасында 9 қараша күні алынған сынамадан табылған оны мамандар екі күн ішінде саралап, ДДСҰ-ға мутацияны тану туралы ұсынған.
Мағлұматтарға сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анықтап, айдар таққан коронавирустың кезекті түрінің қауіптілігі жария болды.
Бұл вирус бұрынғыдан өзгерек
Көпшілік арасында қазіргі таңда «жаңа штамм коронавирус вакцинасына төзімді, ол індетті ушықтырады» деген пікір жүр.
Омикрон штамы туралы нақты дерек аз. Алайда мамандар мутацияның ауқымы елеулілігін алға тартады.
«Бүгінге дейін SARS-CoV-2 вирусының бірнеше мутациясы белгілі болды. Ал бұл қаупі жоғары деп танылып отырған «омикрон» жайын ғалымдар екі түрлі шартпен бағамдайды. Алғашқысы, вирустың жұқпалы, ауыр халге түсіруі, иммундық реакцияға төзімділігі, диагностикада көрінбеуі, емдеуге жатпауы. Бұл мутация вирустың қасиетін өзгертетіндей деңгейде болуы. Ал екіншісі, вирустың тарауын күшейтуі және оның ошақтарының көбеюі. Егер осындай шартқа сай, Covid-19 вирусының эпидемиологиясын түбегейлі өзгертсе, біз айтып отырған штамм статусына сай келеді», – дейді теміржол ауруханасының эпидемиолог дәрігері Серік Ердалиев.
Ғаламдық қаупі өте жоғары деп отырған штамм Қазақстанға да келіп үлгерді. Анықталғандай, штамды жұқтырғандардың ауру деңгейі орташа. Олар үйде емделіп, жағдайыларын жақсарта алатыны белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың иіс, дәм сезу қабілеттері жоғалмаған, өкпені қабындыру дерегі тіркелмеген. Тамақтан ауырту, жұтындырмау секілді белігілер байқалған. Бір сәтте түшкіріп, жөтелмей-ақ, тек демнің өзімен ауаға тарап, жүздеген адамға дейін жететін қабілетке ие.
Әдетте оның жалпы белгілерін коронавирусты анықтайтын ПТР тестер арқылы білуге болады. Бірақ оның нақ «омикрон» екеніне көз жеткізу үшін қосымша зертханалық талдау қажет.
Қауіп деген жар астында
16 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова Елордада «омикрон» штамы вирусының өзге мутацияларға қарағанда жылдам тарап жатқаны жайлы дабыл қақты. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаменті мен Қазалы ауданындағы бөлімнің мәліметінше, қуанарлығы, бұл ауру түрімен бірде-бір қызылордалық әлі тіркелмеген. Жаңа штамның иммундық жұқпалығы мен тарау ықтималдығы жоғары екенін ескерсек, «Жау жоқ деме, жар асында» дегендей, әрбіріміз өз денсаулығымызға байқас болып, індеттің жұғуы мен таралуына атсалыссақ, жағдайды түзей алатынымызды естен шығармаған жөн.
А.МЕЙІРХАНОВА