Еңбегімен елге сыйлы
Ақырын жүріп, анық басып, абырой биігінен көрінген осы бір жанды елдің құрмет тұтуы тек емес-ті. Жасанып, мінезін өзгертіп, өктемдігін білдіруге ол жүрген жол да, атқарған қызметі де жеткілікті. Алайда қарапайымдылықты өмірлік қағидасы етіп, адамгершілік пен ар жүгін абыройлы мақсатқа айналдырған кейіпкеріміз, расында, өз ісінің маманы, айтары бар адам, батыл қыз, сүйкімді әйел.
Қызығы сол, 15 жылға жуықтаған журналистік тәжірибемде, әсіресе, Кеңес Одағы тұсында қызметтік жолы басталған аға буынның өмір жолына үңілгенде, олардың қарапайым жұмысшы болудан басталған өмірбаянына бойлау қалыпты жағдайға айналған-ды. Алайда бұл жолы мүлде бөлек болды. Рас, қызметін директор болудан бастаған адамға алғаш рет кезігіп, таң-тамаша болдым.
Жай басшы ғана емес, аудан тарихына өз үлесін қосқан тұлға ретінде сыйлы. Ол кездерді біз сөз етіп отырған Баян Төлегенова күліп еске алады.
– Осы күні сол кез есіме түссе, езуіме еріксіз күлкі үйіріледі. Жастық жігер, жалын көзсіздікке, тәуекелшілдікке жетелейді екен. Қазір дәл солай бір мекемені құр десе, жүрексінер едім, – дейді.
Атағы қарағайдай ҚазГУ-дің заң факультетін үздік бітірген жас маман өз саласы бойынша еңбек етпесе де, тағдыр бұйыртқан бағыттан бақытқа бөленгенін әрқашан айтып отырады.
Жас маман дипломын қолына алып, туған жерді түлетуге оралғанында, аудандық атқару комитеті Қазалыда архив ашу бастамасы қызу көтеріліп жатқанын жеткізеді. Жас қыз келісім беріп, осылайша өзі ешқашан білмеген әлемге батыл еніп кете барады.
Қазіргідей сандық жүйе жолға түскен кезең емес, ол тұста мекеме құру, жасақтау, оның жұмысын жолға қою қиынның-қиыны. Баян Қонысқызы аудандағы мекемелердің алғаш құжаттарын қабылдап, сол кезде ауданаралық мұрағат болған Арал қаласындағы архивтен Қазалыға тиесілі, әлі уақыты бітпеген құжаттарды қайтарып, келушілерге заң аясында қызмет етуге білек сыбана кіріседі. Алғаш іргетасын қалаған осы мекемеге Баянның көңілі әлі де бұрып тұрады. Бұл кезде қалыптастырған дағдысы әлі бойынан жырақтамаған. Әріптестерінің: “Біздің Бәкең ашылмаған сандық, жинақталған архив сияқты. Кез келген сұраққа жауап табасың, – деп әзілдейтінінің астарында үлкен сыр бар. Әрине, білім, білік адамға жылдар өте келе, тәжірибе толысқанда келеді. Алайда бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұлағатты ұстаз Қоныс әкенің жадына ұялатқан “Бетегеден биік, жусаннан аласа бол! Ешқашан ізденуден жалықпа”, – деген сөзі әрқашан қиындықта жолдан жаңылдырмапты.
1989 жылдан бері оның өмірі аудандық әлеуметтік саламен бірге өрбиді. Осы уақыттар ішінде көптеген азаматты ұстаз тұтып, өнегесін жанына ұялатады.
Сол мекемеден өзін қабылдап алған Сейіл Игіліковтің қарапайым, сабырлы, кез келген іске басшымын деп қарамай, өзі кірісіп кететіні, әріптесі Жанұзақ Тұяқбаевтың турашыл, басқаға болсын, білсін дейтін мейірімділігін ешқашан естен шығарған жоқ. Талапшыл, барлық іске жан сала кірісетін Шамша Айтуғанов, Байман Сағымбаев, Мұнарбай Қожахметов, Жаппарберген Жалғасбай, Талайлы Бөріқұлақов, өз жақынындай болып кеткен жанашыр жандар Кеңес Әлиев, Райла Аманова, Сағира Барғамбетованың әрқайсысының бұл салада ізі сайрап жатқанын айтудан жалықпайды. Жаңашыл басшы Совет Бабанаевтың да серпінді бастамаларын үнемі қолдап, жүзеге асуына мүмкіндігін жұмылдырып отырады.
Әлеуметтік бағыттың ыстық-суығында инспектор, бас инспектор, бөлім бастығының орынбасары жауапты жұмыстарын атқарған Баян Төлегенова: “Біздің істе бір сәт те жауапсыздық, салғырттық таныту мүмкін емес”, – дейді бізбен әңгімесінде. Олай деуге себеп жеткілікті. Алдында тұрған әр қағаз әр адамның тағдыры. Бірі туылса, бірі зейнеткерлікке шығады. Өкінішке орай, бірі өмірден өтіп жатады. Одан өзге жалғызбастылар мен мүгедектер, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек тағайындау құжаттық жұмысын дәл осы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі атқарады. Елдегі түрлі өзгеріс, жаңалықтардың алғаш жүзеге асырылатын мекеме ісінің көзге көрініп, біз біле бермейтін қаншама қиындығы бар. Бұл бағытта уақыт ағымына тоқтаусыз тіршіліктің тынымсыз үдесіне ілесуге атсалысатындардың аудандағы қатарынан Баянның табылып, өз орнын белгілеуі мамандығына деген сүйіспеншілік, әке аманатына деген адалдықтан дарығанын топшылауға болады.
Өмірлік серігі, азаматы Тұңғышбай Дербісәліні де аудан, облыс, республика жұртшылығы спорт саласындағы талай тастүлектің қанатын қомдаған білікті бапкер ретінде жақсы таниды. Екеуі өрбіткен ұрпақ бүгінде алысты жақын, жатты туыс етіп, отбасында көрген тәрбиесін елге бағыттауда.
Кеудесінде самсаған орден, медаль, қоржынында көптеген Мақтау, Алғыстары бар жандар жетерлік. Ал әрбір көмек сұрай келген тұрғын ертеңіне анадай алаңдап, оларға қамқор қолын созып, нәтижесіне марқайып отыратын, алғыс арқалап, еңбегімен елеулі болған Баян Қонысқызының жүрген жолы кейінгі буынға үлгі болуға тұрарлық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА