Куәлік алу жеңілдеді
Біршама уақыттан бері ел арасында екі жақты пікір пайда болды. Олардың басым көпшілігі: «Енді алысқа ат арылтып бармай-ақ жүргізуші куәлігін ауданнан ала аласыз» деген жағымды жаңалыққа сенбейтіндіктерін айтуда. Себебі бұған дейін автомектептен тек сертификат алдық дегенді алға тартады. Халық арасында желдей ескен әңгіменің анық-қанығы қандай?
Ібайдулла Тілеп, облыстық мәслихат депутаты:
– Талай адам жүргізуші куәлігін алу үшін Алматыға барып, іс-тәжірибеден өтуіне тура келді. Ары-бері жолы бар, тұрақтайтын орны бар бірнеше күнді, қаржыны талап ететін. Осы мәселе көптен бері алаңдатып жүрген болатын. Қарапайым халықтың жағдайын ойлап, мәселені көтеруге шешім қабылдадым. Сол кездері облыстық автоцоннан Арал немесе Қазалы аудандарының бірінде автодром құрылғыларын орналастыру туралы бастама көтерілді. Облыс әкімдігіне Қазалыдан автодорм айлағын ашу туралы ұсынысымды білдірдім. Облыстық мәслихат сессиясының кезекті отырысында аймағымызда автодром салу мәселесі шешілді. Жалпы құны 130 миллионды құрайды. Қазір жұмыс басталып кетті. Болашақта 70 миллион тұратын құрылғылар бізге әкеліп құрылады. Көршілес Арал, Ырғыз, Шалқар, Байқоңыр, Қармақшы аудандарының жүргізушілік емтиханын бізде тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады.
Жетеу ЕРЕКЕШОВ, «Отан-Қазалы» оқу-өндірістік жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің директоры:
– 2019 жылдың шілде айына дейін куәлік Қазалы ауданнан берілді. Яғни халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алып келді. Белгілі себептермен бұл мүмкіндік бүгінгі күнге дейін болмай қалғаны рас. Енді міне аудан аймағынан автодром салынып жатыр. Біздің мекемеде үш жарым ай көлемінде оқып, халыққа қызмет көрсету орталығында тест тапсырасыздар. Нәтиежеңізге қарай, куәлікке қол жеткізесіз. Автомектепте барлық көлік түрлері бар. Құны бір миллион тұратын аппаратымыз ережелерді еркін меңгеріп кетуге үлкен ықпалын тигізеді. Таңдаған категорияңыз негізінде білім аласыз. Оқу ақысы 35-70 мың теңге аралығында. Бес күн бойы бір мезгіл оқуға келеді. 17 жастан асқан жандарды қабылдаймыз. Жұмыс істейтіндер үшін де қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Олар түстен кейінгі уақыттарда аптасына үш рет келе алады. Қазір оқуға ниеттілерді қабылдаудамыз. 10-15 адаммен курс бастап кетуді көздеп отырмыз.
Рүстем ШӨМЕКЕЙ кент тұрғыны:
– Бұл жаңалыққа көпшіліктің қуанғаны сөзсіз. Рас бұған дейін жұрт сандалды. Жүргізуші куәлігін алу үшін өзге қалаға бару қажет болатын. Ол уақытты, қаржыны талап етеді. Халықтың барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Ал жүргізуші куәлігі көпшілігімізге керек-ақ. Естуімше, үш жарым ай оқиды екен. Бұл уақытта жол ережелерін, көлік басқару қағидаларын толық меңгеріп шығуға мүмкіндік бар.
Өзім жүргізуші куәлігін алуға ниеттілердің қатарындамын. Біле білген адамға үлкен мүмкіндік туып тұр. Пайдалануға бел буып отырмын.
Жанна ЕРЖАНОВА, кент тұрғыны:
– Мен 2013 жылы Нұр-Сұлтан қаласында оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Сол кездің өзінде бағасы шатаспасам, 45 мың теңге болған. Қазіргі біздің аудандағы баға өте тиімді әрі қалтаға қонымды. Әрі оқу курсын аяқтаған соң алысқа ұзамай-ақ аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы куәлікке қол жеткізесіз. Менің жұмыс кестем тығыз. Діттеген жерге уақытылы жету үшін жеке көліктің көп көмегі тиеді. Қазір қарап отырсаңыз көлік айдаушылар қарасы көбейген. Алайда жол ережелерін бұзып жататындар да аз емес. Сондықтан әр адам өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігі үшін жол ережелерін жөнді білгені дұрыс. Бұл ретте автомектептің орны ерек.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА