Атажұртқа ағылған жұрт
Тарихтың тар кезеңдерінде атамекенінен ажырап кеткенімен, кіндік қаны тамған жерін ұмытпай, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарды елге қайтару – тәуелсіздіктің ұлы жеңісінің, егемен еліміздің басты мақсатының бірі. 1991 жылдың қыркүйегінде Тұңғыш Президент – елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барып, Стамбұлдағы қазақ диаспорасымен тікелей жүздесіп, шетелде жүргендердің бәрін көшіріп әкелуге уәде етті. Алайда сол сәтте Қазақстан әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген еді. Соған қарамастан ел болашағы үшін елеулі мәселені дер кезінде ұғынған елбасы маңызды мақсат қойып, кері оралды. Арада ұзақ уақыт өтпей, 1991 жылдың 18 қарашасында шетелдегі қазақтарды елге көшіру туралы қаулы қабылданды. Осынау құнды құжат жүзеге асқан 30 жыл ішінде атажұртқа 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді.
Әр заң – жаңа өзгеріс
Аталмыш қаулы ресми жарияланғаннан кейін ауылдық жерлерге орналасып, жұмыс істеуге ниетті қазақтарды Қазақ КСР-іне әкелудің жолдары, көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сонымен бірге әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй қызметтерін пайдалану, жаңа ортаға бейімдеу сынды түрлі мәселе бойынша жеңілдік жасау, көмек ұсыну егжей-тегжей қарастырылды. Аса маңызды үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек және Сыртқы істер министрлігіне тапсырылып, қайта оралушыларға қажетті құжаттар əзірленіп, шетелдегі тиісті органдармен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде, қоныстанудың тəртібі мен шарттары туралы келісімшарт жасалды.
1991 жылы 31 желтоқсан күні Елбасы Қазақ радиосынан алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа шақырған тарихи Үндеуін жария етті. 1992 жылғы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» Заң қабылданды.
Ал 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы – тәуелсіз ел тарихындағы айтулы оқиғаның бірі, 33 елден келген қандастың басын қосқан үлкен жиын. Алғашқы құрылтайдың шымылдығын ашқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бас қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға да кірмеп еді. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік», – деген ыстық ықыласқа толы сөзін жиналған жұрт жылы қабылдағаны анық.
Айта кету керек, Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, оның Төрағасы болып Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 1992 жылы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көші-қон департаменті құрылды.
Алғашқы көш
Осындай игі істердің нәтижесінде алыстағы ағайынмен байланысуға жол ашылып, көші-қон үрдісі үздіксіз жүзеге аса бастады. 1991-1992 жылдары бастаған алғашқы көшпен елге 10 мыңнан аса қазақ отбасы оралып, жалпы 60 мың адам туған жерімен қауышқан.
Ресми ақпаратқа иек артсақ, алғашқы бес жылда бүгінге дейін келген қандастарымыздың 10 проценті оралса, 1997-2001 жылдар аралығында – 8, 2002-2006 жылдары – 38, 2007-2011 жылдары– 34, 2012-2017 жылдары 10 проценті атамекеніне қоныстаныпты. «Қазығын тапқан» қазақтардың 61 проценті – еңбекке қабілетті болса, 18 жасқа дейінгілері 28,5 процентті құрап отыр. Ал қалған 10,5-і зейнет жасындағыларға тиесілі.
Тәуелсіздікпен қатар басталған ұлы көштің тоқтамайтынын алға тартып, 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы тиісті орындарға нақты тапсырмалар берген-ді. Дәл осы жиында мемлекет пен қоғам тарапынан қаны, жаны қазақ әр азаматты қолдаудың маңыздылығы көтеріліп, «Отандастар» қорын құру тапсырылды. Қор бүгінгі күні өз жұмысын табысты жүргізіп, әр жылдары елге оралған жанға еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып алуға көмектесуде. Айта кету керек, қазақ даласына қарай бет алған көш бүгінге дейін Үкіметтің қамқорлығынсыз қалған жоқ, асыға жеткен әр қазаққа материалдық, рухани көмек көрсетіліп келеді.
Дайындаған
Дина БӨКЕБАЙ