Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Камералар қауқары қандай?

Камералар қауқары қандай?

Несін жасырамыз, қазір көпшілік қоғамдық ортада ерсі қылық көрсетіп, артық іс жасаса, айналасына жалтақтай қарап, «бейнекамера жоқ па?» деп ойланады. Одан бөлек қапияда жол-көлік немесе басқа да қылмыстық оқиғалар орын алса, бірінші кезекте, жақын маңдағы бейнекамералардың іске қосылып тұрғанына көз жүгірткіміз келетіні тағы бар. Тіпті кей кезде мәселенің мән-жайын толықтай ашу үшін ішкі істер қызметкерлерінің өзі де көше бойындағы бейнекамералардың көмегіне жүгінеді. Алайда кент көшелерін жағалай орналасқан камералардың кәдесін көріп отырмыз ба? Әлде барлығы жай ғана көзбояушылық па? Байыбына барайық... 
Әңгімені әріден қозғасақ, Әйтеке би кенті бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін сақтау мақсатында 2017 жылы 50 дана бейнебақылау камерасын орнату үшін тиісті қаражат бөлініп, кенттегі қажетті жерлерге 47 дана және Жанқожа баба кесенесіне 3 дана камера орнатылғанын білдік. Олар күні кешеге дейін сол қалпында тұрды. Кейін 50 дана былай тұрсын, «осының 5-еуі істей ме?» деген ой қылаң берді. Өйткені оқыс оқиғаларда бейнематериалды ашуға жүгінгенде бірсыпырасы істен шыққанын, кейбірі қосулы тұрғанымен, болған оқиғаны бұлдыратып көрсететініне көз жетті. Сол уақытта кент әкімшілігі мамандарымен байланысқанымызда:
– Қазір тек 36 дана ғана өз қызметін тиісінше орындауда. Ал қалғандарының іске қосылмай тұруының басты себебі – бейнебақылау камераларының сымсыз байланыс қабылдағыш арқылы жұмыс ­жасауында. Өйткені аудандағы барлық камералардың бас қабылдағыш антеннасы Әйтеке би кенті әкімдігі ғимаратының шатырында орналасқан. Сонымен қатар ондағы биіктік төмен болғандықтан қабылдағыштың дұрыс қызмет атқармауына басты кедергі жыл сайынғы екі қабатты тұрғын үйлердің бой көтеруі, ағаштардың биіктеп өсуі немесе басқа да ғимараттардың салынуы, – деп баяндады.
Мейлі, бұған да көндік. Дегенмен мен ғана емес, кез келген аудан тұрғынын тоқтатып: «Кентте қай камера жұмыс жасап тұр?» деген сауалды төтесінен қойсаңыз, «ешбірі» деп жауап берері даусыз. Өйткені біз бұған сол уақытта тәжірибе жасап көрдік. Айтпақшы, бұл өткен жылы болған жағдай. Ал биыл...
Жыл басында осы мәселеге қатысты Қазалы ауданы полиция бөлімі мамандарынан сұрағанымызда:
– Қызылорда облысында көлік жылдамдығын анықтайтын түрлі тексеру құрылғы орнатылған. Соның көмегімен жол ережесін бұзатын жүргізушінің қалай шапшаңдықты асырғанын көріп, аз уақыт ішінде оның нөмірін, көліктің түр-түсін, кімнің атына меншіктелгені анықталады. Осыған сәйкес ауданда бейнекамераны арттыру жөнінде билік басындағыларға ұсыныс тастаған едік. Алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін тауып, жол-көлік оқиғасын азайтуға септігін тигізетін құрылғылар еселенсе, апатты жағдайлар тыйылар еді, – дегені есімде.
Мұнан бөлек Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа кезекті сауал жолдап, осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткенде, жыл соңына дейін аудан камерамен толық қамтамасыз етілетінін айтқан. Кейін аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болат Кабизов жаңа қызметке тағайындалғанда, тағы да осы түйткіл айналып шыға келді.
– Тұрғындар тарапынан көшедегі бейнебақылау камераларына байланысты шағым жиі түседі. Бірі бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кетсе, екіншісі жаяу жүргіншіні жібермеген болуы мүмкін. Анығында бейнекамералар толыққанды жазба жазбайды. Жергілікті атқарушы орган қазір кемшілікті жою үшін жұмыс істеп жатыр. Барлығы жөндеуден өткен соң бізге жүктелген міндет мүлтіксіз орындалады. Әрине, алдымен халыққа бейнекамералар қосылғаны туралы хабар береміз. Өйткені біздің міндет айыппұл төлету емес, ережеге бағынуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыру, – деді ол.
Айтса айтқандай-ақ, көп ұзамай өткен қыркүйек айының 17-нен бастап кенттің 10 нүктесіне орнатылған Оңтүстік Кореяда жасалған «Hikvision» камералары іске қосылды. Аудандық ішкі істер қызметі бұл жайында ақпараттандырып, әуел ­бастан сүйінші сұрады.
Енді қазір Р.Бағланова мен Әйтеке би көшесі қиылысы, Т.Бөріқұлақов пен Жанқожа көшесінің қиылысы, Оңтүстік теміржол өткелі, Батыс теміржол өткелі, М.Счастнов пен Әйтеке би көшесі қиылысы, «Орын-ай» базары жанындағы бағдаршам, Қ.Пірімов көшесі мен Әйтеке би көшесінің қиылысы, Қ.Пірімовтің аяғындағы айналма жолға, 4-ші квартал беткейіндегі кіреберіс теміржол көпіріне, Жанқожа батыр мен Қ.Пірімов көшесінің қиылысындағы қозғалыс бойы үздіксіз таспаға жазылып отырады. Осы сәтте аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болат Кабизов:
– Бейнекамералардың орталықтанған жүйесі Әйтеке би кентіндегі орталық алаңдағы полиция бекетінде орналасқан. Түсіру сапасы өте жақсы құрылғылар 360 градуста, 200 метр қашықтыққа дейін жақындата алады. Жаңа камералар арқылы аудандық полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылықтардың алдын алуға зор мүмкіндік туып отыр, – деп марқайып қалған болатын. Алайда кент ішіне жағалай бейнекамера орнатылды десек те, тәртіпке бағынбаушылар қатары азаяр емес. Бағдаршамға аялдамай, жылдамдықты асырып жүргендерді де көз көріп жүр. Мұндайда «орнатылған камерадан не пайда, олқылықтың алдын ала алмаса?» деген ойға келесің.
Қандай жағдай болмасын, кенттегі камералардың барлығы бірдей жұмыс істеуі заңды. Оның үстіне, аяқ асты орын алған оқыс оқиғаларды толықтай талдау үшін бейнебақылаудың көмегі көп. Көптен күткен камера орнатылды. Дегенмен нәтиже анау айтқандай болмай тұр. Егер мұны жауаптылар қолға алып, қатаң тәртіп орнатпаса, біз бен сіздің басымызға түскен келеңсіз кедергінің мәнін ашу қиынға соғары даусыз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
27 қараша 2021 ж. 482 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031