Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерден қашқаның, қай сасқаның?

Әскерден қашқаның, қай сасқаның?

«Ерлік білекте емес жүректе» дейді дана халқымыз. Тәуекелді ту етіп, батылдықпен жауға бастаған бағзы бабаның сөзі болса керек. Бірақ бүгінгі күннің баласы «қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып» жау қашырмай-ақ Отан алдындағы борышы саналатын әскерден қашқақтайды. Соңғы жылдары әскери борышын ерікті өтеушілер қатары азайған. Жігіттердің дені жалтарып, түрлі сылтау мен бармаудың жолын іздеп әлек.
Мемлекеттік Қарулы Күштер жүйесінде 18-ден 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелгені бәрімізге мәлім. Жыл сайын борышын өтеуге 16 000 адам шақырылады. Соған қарамастан шақыртумен барғандар әскердің 30 процентін ғана құрайды екен. Яғни, жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Жастар әскери жүйеден қорқа ма? Әлде әлеуметтік желідегі ақпараттар арқылы әскерге деген сенімсіздік артты ма?

Қазір білім алатын заман
Сонымен борышын өтеуге барғысы келмейтін, жоқ ауруды бар етіп, әскердің ауылын алыстатуды мақсат қылған жастардың көптігін атап өттік. Дегенмен аталмыш мәселеде әскерден жалтаруға себеп көп. Міндетті қызметке әкетеміз десе ат тонын ала қашатынның көбі әскерге бару уақытты босқа өткізу деп санайды.
– Жаңа технологиялар аз ғана уақыт ішінде адамзат баласының санасына, өмір сүру жағдайына прогресс жасады. Қазір біліммен жарысатын, оқитын заман. Әскерде бір жыл уақыт өткізгенше, қоғамға пайдамды тигізер жұмыс істегім келеді.
Борышын өтеп келген аға-көкелерден «Әскерге бармай-ақ қой» дегенді жиі естиміз. Ондағы әлімжеттік пен түрлі құқықбұзушылықты интернеттен де күнде көріп, естіп жүрген боларсыз, – дейді қазалылық Айдос есімді жігіт. Әйтсе де, барлық шартқа сәйкес келетін азаматтардың әскерге бармауға құқығы жоқ. Бір жылым босқа кетеді дегендерге мемлекет әскери тәжірибе жинап, шыңдалуына жағдай жасайды.
Мемлекет ретінде қару-жараққа қарсылық танытып, бейбіт күннің байрағын биіктетіп жүрген жайымыз бар. Бірақ бұл соғыс болмайды дегенді білдірмейді. Әрине, қазір қарусыз, технологиялық-ақпараттық шабуылдың қаупі жоғары. Айта кету керек, әлемде әскери жасағы мықты 10 мемлекеттің 8-інде әскери қызмет міндеттелмеген.

Әскер – өмір мектебі
Ұлтының тағдырын бір ғана әрекетімен шешкен бабалар жолы уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, сан ғасырлық үлгі. Шын мәнінде әскерге бару әрбір қазақстандық азамат үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс. Бұл туралы мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Файзолла Қаменов: «Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар менсінбей қарайтын, тұрмысқа шықпайтын. Әскерден қашу деген әңгіме мүлдем болмаған. Тарихи жайларға байланысты ма, өзіміз бала күннен әскер болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттың бірі еді.
Заман өзгергенмен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Бұрынғыдай емес, әскери міндетті өтеу мерзімі де 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Қазір кәмелет жасқа дейінгі білім ошақтарында кадет сыныптары ақсап тұр, әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Жастар денсаулығының медициналық тексеруден өтпеуіне күнделікті тұтынатын газды сусын, фаст-фудтың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртуда. Балалар кішкентай кездерінен смартфонға шұқшиып, көзінен айырылып жатыр. Бұл –қоғамдағы ең түйткілді мәселе, – дейді.
Иә, бұрын әр бозбала болашақ әке, елдің тұтқасы саналып, мойнына артылар жауапкершілік жүгі әскерге барудан басталатын. Жігіттер қайрат жиып, абыройы биіктеп елге оралатын. Тіпті, 16-17 жастағы жеткіншектердің биліктегілерге соғысқа жіберуін сұрап хат жазуы бала жүректі буған намыстың, тәуекелдің тізгіні болса керек. Сол кездері ұлттық құндылықтың салмағы басым болғандықтан ба, «Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» деген Бауыржан Момышұлының сөзін ұстаным еткен. Балалықтан азаматтыққа өтер кезде жігіттердің бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсағанына халық куә.

Жүйені өзгерту керек
Міндетті борыштан жалтаруға себеп көп, шешім жоқ. Ересектік өмірге қадам басқан, әскерге барудан қашқандар әлі күнге дейін өзгермей келе жатқан жүйеге тоқтау қою керегін ескертіп, дабыл қағады. Сондықтан еліміздің Қарулы Күштері жүйесіне жаңа өзгерістер енгізу қажет.
Қазақстандағы әскери жүйе сонау кеңес үкіметінің жабайы, ескі тәртібімен қалған. Неге көбі әскерден қашады? Бұл тұрғыда әскерге барғысы келмейтін жігіттерге ғана кінә артып қоюға болмайды. Мәселен, үйінің жалғыз баласын да ата-анасы әскерге жібергісі келмейді. Өйткені қорқады, адамдарда сенімнен гөрі күдік басым. Теледидардан, интернет желісінен әскерге барып келген немесе әскерге барамын деп, о дүниеге аттанып кеткен азаматтарды жиі көреді. Бұл мәселе өз шешімін таппағанша, әскерге барушылардың қатары кемімесе, артпайтыны анық.
Америка Құрама Штаттарында әскерге баруда еркіндік бар. Барлығы бірдей міндеттелмеген. Әскери кадрлардың қажеттілігі жоғары болғандықтан, арнайы келісімшарт жасалып, басшылық маманның талабын маңызды санайды. Соған сай халықтың да көзқарасы түзу. Бәлкім бізге де әскери қызметке міндет емес, маңызды кадрлық жүйе ретінде қарау керек шығар?

Дина БӨКЕБАЙ

20 қараша 2021 ж. 560 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 31

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930