Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар неге әскерге барудан жалтарады?

Жастар неге әскерге барудан жалтарады?

Ертеректе ер азамат үшін әскерге бару үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал қазір барлығы керісінше. Мүлдем жоқ деп айтудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен оттың төзімділігіне күмән көбейіп тұр. Неліктен бүгінгі жас әскерге барудан жалтарады? Осы сауал төңірегінде бірнеше пікірге құлақ түрдік.

Белгілі бір артықшылық қарастырылса
Нұрлыбек Симбаев, әскерге бармаған жас:
– Еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыз деп жатады. Шын мәнісінде, олай емес. Қазір әрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға ондағы қиындықты айтып, уақытты өлтіресің деген үгіт жүргізеді. Мұндайда керісінше, әскери өмірдің қызығы мен қиындығын ­баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн емес пе?! Ол аз десеңіз, көк жәшіктен әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жиі көрсетіледі. Оның орнына бозбалаларды азаматтық борышын өтеп келуге үгіттеп, жігерлендіру шараларын қолға алып, әскерден келушілерге өзгелерге қарағанда мемлекет тарапынан белгілі бір артықшылық қарастырылса екен.
Бүгінде бұрынғыдай қолға қару алып соғысу емес, жоғары технологиялы жабдықтар мен ақпараттық шабуылдың рөлі басым. Сондықтан мұны білген мен секілді жастар уақыт өткізбей кәсіптің көзін тауып, оны дөңгеленткенді құп көреді.
Аудан ішінде кейбір жасөспірімдер шақыртуды жауып тастаудың жолын іздеп, бармай қалудың амалын қарастыратынын жиі естимін. Тіпті өтірік анықтама жаздырып алу фактілерін де көріп жүрмін. Осыдан-ақ жасөспірімдердің әскери билет алып қайтуға қаншалықты қауқарсыз екенін аңғаруға болады.

Әрбір ердің мерейлі міндеті
Ақылбек Жанахмет, 2016 жылы Алматы облысы, Іле ауданының 78460 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеген:
– Бастапқыда әскери азамат қатарынан табылуға зауқым болмады. Өзгелердің сөзіне құлақ түріп, жасқандым. Кейіннен уақытым келіп тұрғанда барып қайтқанды жөн санадым. Өкінетін ештеңе жоқ, бұрынғыдай 3-4 жылға елден жыраққа жіберіп жатқан жоқ, өз жерімізде қызметіңді өтейсің. Ата-анаң, ағайын-туыс артыңнан келген жағдайда кез келген уақытта жолықтырады. Артық ештеңе айта алмаймын. Қалған қиындық пен қуанышты әскерге барып өз көзіңмен көрген дұрыс. Оның үстіне Отан алдындағы борышын өтеу әрбір ердің міндеті.
Бір жылдан соң ауылға келгенде кейбір жасөспірімге: «Неге қалып қойдың?» – деп сұрасам, айтар уәжі: «12 ай уақыт босқа кетіп, көптеген мүмкіндікті жоғалтып, қатарластар білім, мансап қуып жүргенде, әскер барлығынан құр қалдырады. Есесіне құжат қажет болғанда, жақын маңдағы әскери бөлімде қызмет атқарамын», – дейді.
Несін жасырамыз, бүгінгі ата-анасынан алысқа ұзап көрмеген бозбала шалғайға баруды ауыр бейнет көреді. Бірақ әскери тәртіп олардың талап-тілегіне бағынбайды, қалауына көнбейді. Аймақ бөлек болғанымен, Отан – ортақ. Республиканың қай түкпіріне де барып ел шетіне жау келсе, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жаудың бетін қайтаруға дайын тұру бұлжымас борыш. Қазіргі жасөспірімдердің бірі жұмыс, екіншісі оқуды сылтау етеді. Оған қоса шаңырақ көтергенін алға тартып, қалып қоюдың амалын іздейтіндер де жоқ емес.

Міндеттелген меже де жеңілдеді
Бақыт Мырзалы, 1988-1991 жылдар аралығында Мурманск қаласы, Гремиха аралында борышын өтеген:
– Бүгінгі әскер мен бұрынғысын салыстыруға мүлдем келмейді. Ертеректе әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін 3-5 жылға дейін шет ел асып кете беретін. Оның өзінде әрқайсысы әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, өзге ұлт өкілдерімен бірге болады. Қасыңда елден қандас бауырың болса қуанасың. Сол уақытта жалғыз кеткендері де кездесті. Мен де Ресейдің солтүстік-батысындағы ядролық су асты қайықтары базасында әскерде болдым. Ол кездегі заман солай. Кейіннен еңсемізді көтеріп, өз алдымызға отау тігіп, барлық әскери базалар Қазақстанда ашылды. Міндеттелген меже де жеңілдеді.
Қазіргі таңда жастардың әскерге барудан жалтаратынын байқадым. Неге бұлай болғаны белгісіз, «Неге қашып жүрсің, 1 жыл дегенің көзді ашып-жұмғанша өтеді де шығады», – десем, санаға сыймайтын себепті айтады. Халық батыры Бауыржан Момышұлының: «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген аталы сөзі бар. Сондықтан бүгінде «әскери тәрбие мектебінің тағылымынан өтуді парызым, Отан алдындағы қасиетті борышым» деп білетіндер көбейе түссе нұр үстіне, нұр дер едік.

Біраз ілгерілеушілік бар
Қуат Ысқақов, Қазалы аудандық қорғаныс істер бөлімінің бастығы:
– Егемен елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бүгінгі өр ұландар туған жердің ертеңіне алаңдап, аянбай тер төгуі қажет. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамының да орны бөлек. Себебі елдің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі жастардың әскери қызмет атқаруы міндеттелген. Сондықтан жыл сайын қызметке республика бойынша 16000-нан аса адам шақырту алады.
Соңғы уақытта біздің аймақтағы әскерге бармай жүргендер саны алдыңғы қатарда. Құлшынып барғысы келетіндердің әлеуметтік жағдайы, не денсаулығы кедергі келтіреді. Өткен жылы көктемдегі шақыртуға 100 процент адам жолданды. Ал күздегісі алдыңығысынан төмендеу болды. Алайда жыл соңында 100 процент көрсеткіш көрсете білдік.
Есте болса, 2015 жылы Сыр өңіріндегі осы санаты жастардың көбейіп кеткені соншалық, бір кезде олардың аты-жөнін жергілікті басылымдарға жариялауға оқталған. Кейіннен жаза қатайтылып, айыппұл арқалағандар артқандықтан, бұл істе біраз ілгерушілік байқалды. Мүмкін бүгінгі күні осы талапты қайта күшейткен жөн сияқты.

Абзал ЖОЛТЕРЕК


22 мамыр 2021 ж. 677 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 69

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 45

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 78

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031