Мәжіліс мәселемен мәнді
Биыл дала еңбеккерлері құрғақшылықтың кесірінен біраз шығынға ұшырады. Шаруашылық айналасында жүрген азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиындықты еңсеруге тырысты. Нәтижесінде Қазалы өңдеу ісі жөнінен озат аудан атанды. Бұл ең алдымен сала қызметкерлері мен жетекшілерінің еңбегі. Келісті істі жүйелі ұйымдастырып, тығырықтан шығу алгоритмін жасақтаған тиісті бөлімдердің де қосқан үлесі аз емес. Ендігі егін жинауды аяқтап, «Алтын дән» мерекесін жоғары дәрежеде өткізу міндеті тұр. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Сөз арасында айта кетейік, жиын басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Қазақтелеком» АҚ Қазалы желілік техникалық цехының жаңадан тағайындалған басшысын таныстырды. Бұған дейін аудан тұрғындары ғаламтор жылдамдығының нашар екенін, кейде мүлде жұмыс істемей қалатынын әлеуметтік желіде жиі көтеретін. Қазалылықтар жаңа басшыдан жақсы нәтиже күтері анық. Сәйкесінше М.Әуесұлы осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, сол уақытта желіні жетілдіруде еселі жұмыс атқарған Нұрлан Әбішұлының басшылық қызметіне сәттілік тіледі.
Құрғақшылық дегеннен шығады, былтыр су тапшылығына байланысты облыстағы басшылық күріш алқабын қысқарту туралы пәрмен берген. Бұл алыс-жақын шетелге өнім экспорттап отырған шаруалардың қолын байлағанымен, мәселенің өзге шешімі болмады. Нәтижесінде биыл қамбаға түскен астық ортайды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай баяндамасында егін егу маусымында бұрынғы көрсеткішті қайталауға жең түре кірісетінін мәлімдеді. Дегенмен су тапшылығының қайталану ықтималдығын да ескермеуге болмайтынын тілге тиек етті.
– Су тапшылығы салдарынан биыл межеленген мөлшер 585 гектарға кем орындалады. Бұдан бөлек 126 гектар бидайға және жоңышқа, мақсарының бір бөлігіне орақ түскен жоқ. Ал шаруаларды қысқы жем-шөппен қамтамасыз ету жолға қойылып, тұрақты бағада сатылуда. «Алтын дән» мерекесін ұйымдастыруға байланысты жоспарланған жұмыс аяқталуға жақын, – деді.
Бұдан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Қуат Ысқақов басқа бөлім басшыларына шағымданды. Күзгі мерзімді әскерге шақыру жұмысына аудандық полиция бөлімі жәрдемдеспейтінін мәлімдеді. Сонымен бірнеше ауылдық округ әкімдігі азаматтарды медициналық тексеруге әкелуді ұйымдастыра деп реніш білдірді. Сөз алған полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов: «Әскерге шақыру ісін қорғаныс бөлімі өзі үйлестіруі керек емес пе?» – деп сауал қойды.
Аудан әкімі жастарды азаматтық борышын өтеуге үндеу, үйлестіру көптің ісі екенін, полицейлер ықпалдасатынын еске салып, орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа кезекті жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұдан кейін кезекті мәселе вакциналанған тұрғындар үлесіне ауысты.
Әлемді қорқыныш құрсауында ұстап отырған індеттің таралуын тоқтату үшін Үкімет ауруға қарсы екпе қарқынын үдетуді тапсырғанын білеміз. Ғалымдар да қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы вакцина алуды жеделдету керегін айтудан жалықпай келеді. Алайда осы күнге дейін Қазалы ауданындағы кейбір ауылдық округ тұрғындарының жартысы екпе алмаған. Осыған байланысты аудан әкімі түсіндіру жұмыстарын үйлестіре алмаған бірнеше ауыл әкіміне қатаң сөгіс берді.
Аппарат мәжілісінде баспасөзге жазылу мәселесі де талқыланды. Мұхтар Оразбаев мемлекет саясатын жүргізу мен елдің танымын кеңейтуде газеттің үлесі орасан екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі ақпардың шындыққа жанаспайтын тұсы барын, баспасөз – құжатпен пара-пар екенін еске салды. Осыған байланысты баяндама жасаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Мерей Тілеубаев білім, денсаулық, теміржол саласында түсіндірме жұмысы әлсіз жүріп жатқанын жеткізді.
Сөз соңында Мұхтар Әуесұлы әріптестеріне аудандағы бірқатар мәселелерге байланысты ескерту жасады. «Бес ай бойы ерік өздеріңізге берілді. Нәтижелі жұмыс жасап үлгергендер көзге анық байқалады. Ал «жүрдім-бардымға» салып ісінен қорытынды байқалмаған басшылар іркілген жұмыстары үшін жауап беретін уақыт алыс емес. Сондықтан жыл аяғына дейін қордаланған мәселелерді шешіп үлгеріңіздер», – деді аудан басшысы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ