Ерлікке құрмет – елдік міндет

Жақында осындай маңызды мүсіндік туындының тағы бірінің құрылысы аудан орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы Рәміздер алаңының жанынан бой көтеруде. Ескерткіш Сыр елінің перзенті, атақты қолбасшы, Орта Азияға ортақ тұлға Жалаңтөс баһадүрдің құрметіне арналып отыр.
Қазалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі коммуналдық мекемесінің тапсырыс беруі арқылы жүзеге асқан нысанның бес ай ішінде толық бітуі назарға алынған.
Құны 116 млн теңгеден асатын құрылыс жобасында ескерткіш айналасын толық абаттандырып, келешекте жергілікті тұрғындар мен келуші қонақтарға арналған мәдени-тынығу демалыс орнына айналуына бағытталған жұмыстар жүргізу жоспарланған. Мердігер «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінің айтуынша, қолға алған шаруаны мерзімді уақыт ішінде бітіруге барлық күш-жігер жұмылдырылуда.
2016 жылы Жалаңтөс Сейітқұлұлының туғанына 440 жыл толған торқалы тойға жиналған көпшілік енді туған жерінен бір еңселі ескерткіш бой көтерсе, даңқты перзенттік абыройы одан әрі асқақтап, жас ұрпақ тәлім алар тағылымды іс болар еді деп тарқасқан болатын. Ерлікке құрмет – елдік міндет. Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына толымды тарту болып, көпшілік көкейінде қалған осы ойды сәулелендірген сәулетті ескерткіш аудан ажарының да айшықталуына үлес қосары сөзсіз.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ