Қаладағы қарқынды тірлік
Қазір Әйтеке би кентінде ғана емес, Қазалы қаласында да ел игілігі үшін жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жолдары жөндеу көріп, абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Енді қала тұрғындары көгілдір отын келетін күнді асыға күтуде.
Жүйелі жұмыстар қуантады
Өткен жылы мұнда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында 8 жоба іске асырылды. Аталған жобаға республикалық және облыстық бюджеттен жалпы құны 832,5 миллион теңге тартылып, тиісті құрылыс жүрді. Қалған мән-жайды қала әкімі Рахметулла Ізтілеуов айтып берді.
– Былтыр 8 көшені абаттандыру жұмысы жүріп, 4 көше (А.Құнанбаев, Ә.Жангелдин, Аманкелді батыр, Аманкелді тұйығы) орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ Ғ.Мұратбаев атындағы саябақты абаттандыру мен қалалық мәдениет үйі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сол секілді қалалық емхана, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп, «Шағала» БСДО-ның ғимараты да ағымдағы жөндеуді көрді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 7 жоба іске асырылып, жалпы құны 46,2 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті шаралар атқарылды.
Атап айтсақ, қала көшелеріне, шет аймақ пен алаң, саябақтарға 16 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. №3 «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасының ғимараты жөнделді. Қала көшелеріне светодиодты түнгі жарықшамдар орнатылып, көше жиегінде орналасқан аяқсу арықтарына 200 метр труба орналастырылды. Мұның барлығы тұрғындар игілігі үшін жасаған жұмыстар. Бұл ғана емес алдағы күндері жүйелі істер жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Тұрғындар тілегі орындалады
Қала халқы көптен күткен тұрғын үйлерге газ желісін жүргізу жұмысы басталып кетті. Сәтін салса осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек қала ішіндегі Ш.Уәлиханов көшесінің бас жағында орналасқан тұрғын үйлердің жанындағы аяқсу арығына жүргізген темір бетонды латок орнату жұмыстары да жақын күндері толығымен аяқталады. Тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 1 дана СНП-500/10 маркалы насосы орнатылатын көрінеді.
Бұл қалада биыл атқарылатын ауқымды жұмыстардың бірсыпырасы. Осы жылдың басты шаруасы қала ішіндегі 10 көшені асфальттау болып отыр. Атап айтсақ, Толыбеков, Бұлақбаев, Аманкелді батыр, Бекетай би, Рысқұлбеков, Алтынсарин, Қыстауов, Момышұлы, Шляпин, Мұқанов көшелері жөндеу көретін болады.
Айта кетерлігі, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында қала көлеміндегі атқарылған шаруаларға 85 адам еңбекке тартылған. Бұдан бөлек ондағы 17 азамат әлеуметтік жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар биылдан бастап ақылы қоғамдық жұмысқа қабылдаған қызметкерлердің жұмыс атқару мерзімі 6 айдан 1 жылға ұзартылды.
– Бүгінде біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған шақты бастан өткерудеміз. Қала күннен күнге көркейіп келеді. Балаларға ойын алаңдары салынып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізуде. Жақында орталық бақ та жаңа көрікке енді. Жан-жағы жаңаланды. Қуанып қалдық. Сырттан қонақ келсе, мақтанышпен серуендетіп көрсетеміз, отбасымен де демаламыз. Әрине бұны атқарған қала әкімшілігі мен қала басшысы Рахметулла Ізтілеуге алғыс айтамыз, – дейді қала тұрғыны Динара Мұсаева.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Қазалы қаласының кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіші жоғары деңгейде. Жылдан жылға кәсіпкерлер қатары да артуда. Мәселен, «Бастау бизнес» жобасымен 11, «Бизнес кеңесші» жобасымен 6, «Бизнес мектеп» жобасымен 9 адам кәсіпкерлік негізде оқып, 56 адам 94,3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, кәсіптерін дөңгелентуде.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 адам 40 миллион, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 адам «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорынан» 8,8 миллион, 3 адам Өңірлік инвестициялық орталықтан 12,5 миллион теңге несие алды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 51 адам 28,4 миллион теңге грант алса, 1 адам «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының гранттық қаржыландыру бағыты бойынша 2 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алып отыр. Сонымен қатар өткен жылы 4 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді
А.БАҚЫТҰЛЫ