Туған күніне қарап таны
Астролог мамандар өмірге жаңа келген сәбидің болашағын, мінезін оның туған күніндегі ауа-райына қарап болжауға болады дегенді жиі айтады. Сіз осыған сенесіз бе? Білмеймін?! Олай болса, біз сіздерге астрологтардың осы тақырып төңірегіндегі тұжырымдарын назарларыңызға ұсынамыз. Сену де, сенбеу де өзіңіздің құзырыңызда!
Туған күніңіздің тәулік мерзімі
Егер адам таңертең дүниеге келген болса, оның өмірі таусылмайтын қыруар шаруаларға толы болады. Ол өзінің маңдай терімен жеткен игіліктерінің арқасында ғана бақытты бола алады.
Түсте, түс қайта дүниеге келгендер өте күшті энергияға ие жандар екен. Олардың өмірлері өзгерістерге толы болып келеді. Және көбіне елдің алдында, көпшілік назарында жүреді. Олар өздерінің қайталанбас дарындарымен ерекшеленіп тұрады.
Кешқұрым уақытта жарық дүние есігін ашқандар өмір ағысына бағынғыш, қиындықтарға төзімді келеді. Ақылды және ақылына бағынғыш адамдардың көпшілігі осы уақытта дүниеге келгендігі дәлелденген. Олар өздеріне бақыт әкелетін өмір жолын еш қателеспестен таңдай алады.
Туған күніңіздегі ауа-райы
Күннің көзі күлімдеп тұрған, аспан шайдай ашық күнде туылған жандар энергияға бай және пысық болады. Олар тамаша мансапқа еш қиындықсыз жете алады. Бірақ, ашуға тез берілгіш болып келетіндіктері тағы бар...
Күн де, бұлт та көрініп тұрған кезде дүниеге келген пенделер өмір бойы өздерінің жеке бақытын іздеумен өтеді.
Жаңбырлы күнде туылғандар ақша мәселесінен қиындықтар көрмейді. Бала кезінде жақсы тәрбиеленген болса, ғұмырында үлкен жетістіктерге жетіп, жақсы қызмет жасай алады.
Қар жауып тұрған күнде дүниеге келгендер жойқын күш пен керемет ақылға ие жандардың алдыңғы қатарынан орын алады. Найзағай ойнап тұрған сәтте дүниеге келгендер ешкімнің ішін пыстырмайды, олармен сөйлескен сайын жан дүниесіне үңіле бергіңіз келіп тұрады. Алайда, олардың көпшілігі бақытсыз болып келеді екен.
Жел соғып тұрған күні жарық дүние есігін ашқандар салқын қанды, мақсатқа тез жеткіш, өз ортасында көшбасшы болуға бейім болып келеді. Бірақ, олар бір жерден екінші жерге орын ауыстырғанда жиі күйзеліске түсіп жатады. Сондай-ақ бұл жандардың есте сақтау қабілеті өте жақсы болады.