Індетті ауыздықтау – ортақ міндет
Өткен аптада аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Гүлвира Мдуарова аудан әкімдігінде брифинг өткізіп, тұрғындардың тәртіпке бағынып, індетті ушықтырып алмаудың алдын алу жұмыстарын түсіндіріп берді.
– Жыл басынан бүгінге дейін ауданда коронавирус инфекциясымен 53 науқас тіркеліп отыр. Атап айтсақ, Әйтеке би кентінен 11, Қазалы қаласынан 26, Кәукей, Өркендеу және Ақтан батырдан 1 адам, Қожабақы мен Абайдан 2, Арықбалық 6 және Пірімов ауылынан 3 адам анықталған. Сондай-ақ ол қатарда ұйымдасқан ұжымдар «Өрімтал» балабақшасы, №16, 17, 249, 225, 94, 90, 92, 104 мектептер, «Қамқор вагон» мекемесі, аудандық өрт сөндіру бөлімі және «Шипагер» денсаулық сақтау ұйымы бар. Қазіргі таңда осы аталған ауру ошақтарынан коронавирустың алдын алуда тиісті шаралар жүргізілуде. Себебі карантинге алынған науқастар мен олармен қарым-қатынастағылар сақтық шараларын әлсіретпеуі тиіс, – деді Гүлвира Таныбергенқызы.
Бүгінде өңірдегі індет жұқтырғандардың қатары көбейіп, сары аймаққа енді. Бұған қатысты Қызылорда облысының Бас санитарлық дәрігері аймақ бойынша шектеу оның ішінде карантиндік шаралар туралы қаулы жария етілген болатын. Онда санитарлық талаптарды сақтай отырып, төменде көрсетілген міндеттер жүзеге асатыны айтылған.
Мәселен, балаларды түзету кабиенттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтары 15 адамнан артық толмауы керек. Сол секілді медициналық орталықтар, кабинеттер, стоматолгия ұйымдары алдын ала жазылу арқылы жұмыс істейді. Ал қоғамдық көлік отырғыштың саны бойынша ғана тұрғындарды тасымалдайды.
Мектепке дейінгі ұйымдар санитарлық талаптарды сақтай отырып, 25 адамнан аспайтын топтарды жинай алады. Ұйымдар мен офистердің жұмысы 50 процент қашықтан, 50 процент күндізгі бойынша жалғасады. Діни нысандар ұжымдық іс-шаралар өткізбейді. Қоғамдық тамақтану орындары 50 процентке дейін адам жинай алады. Яғни 50 адамнан асырмай сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін рұқсат етілген. Мәдениет нысандарында 30-дан артық тұрғын бас қоса алмайды. Сондай-ақ театр, кинотеатр мен концерт залдарының толтырылуы 20 проценттен аспауы қажет.
Балалар ойын-сауық орталықтары, спорттық іс-шаралар, ас беруге жасыл аймақта тұрған уақытта рұқсат етілген болатын. Ендігі сары аймаққа енуге байланысты аталған нысандардың жұмысына шектеу қойылды. Міне, осы талаптармен таныстырған бөлім басшысы Гүлвира Мдуарова алдағы міндеттерге де тоқталды.
– Өткен жылғы қателікті болдырмас үшін қатаң тәртіпті осы бастан қолға алуымыз қажет. Індеттің таралу қарқыны аяқ асты күшейер болса, опық жеп қалуымыз ғажап емес. Сол үшін аудан тұрғындарына қоғамдық орындарға бармауларыңызды өтінеміз. Сонымен қатар қол алыспау, құшақтаспау, бетперде тағып жүру әрбір тұрғынға міндет. Қолыңызды жиі жуып, арақашықтықты сақтап, өзіңізбен жақындарыңызды қауіпті індеттен қорғай аласыз, – деді ол.
Расымен аудандағы ахуал күрделеніп барады. Облыс қана емес аудандағы ауру жұқтырғандардың көрсеткіші күннен-күнге көбеюде. Індетті ауыздықтау – ортақ міндет. Ол үшін тәртіпке бағынып, талаптарды орындау қажет.
А.БАҚЫТҰЛЫ