Қызылорда облысында модульді инфекциялық аурухана ашылады
Қызылордада жақын күндері модульді инфекциялық аурухана ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта коронавирус дерті асқынған жағдайда 21 инфекциялық және провизорлық емдеу орындары қайта ашылады. Олардың жалпы саны 3 мың орынды құрайды. Сондай-ақ, бүгінде тез соғылатын құрылыс заттарынан салынған 200 адамдық модульді инфекциялық аурухана жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аймақта медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі артып келеді. Бастапқыда өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарының саны 76 болса, қазір 244 данаға жетіп отыр. Оған қоса, жергілікті бюджеттен 4 флюро және 6 дана стационарлы рентген аппаратын сатып алу жоспарлануда. Көпбейінді облыстық аурухана базасында оттегі станциясы іске қосылды.
Ал Қазалы ауданында 1 оттегі станциясы салынуда. «Шілде айынан бастап емханалар деңгейінде қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, үй жағдайында дәрігерлік және динамикалық бақылауды қажет ететін 161 мобильді бригада ұйымдастырылды. Олардың әрбірі 5 мың адамға қызмет көрсетті. Бригадалардың 38-і қалада болса, 28-і аудан орталықтары және 95-і елді мекенде жұмыс жасады», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков. Жедел жәрдем қызметіне жергілікті бюджет есебінен лизинг арқылы толығымен жабдықталған 40 жедел жәрдем реанимобильдері жеткізілді. Одан бөлек, 2 жылжымалы медициналық кешен кілттері Жалағаш, Қармақшы аудандық ауруханаларына тапсырылды. Естеріңізге сала кетелік, Қызылордада коронавируспен күреске қарсы медицина қызметкерінің резерві құрылды.