Жауапкершілік жүгі салмақты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 21 қазандағы Жарлығы және Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес жаңа жылдың 10 қаңтары күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтетін болып белгіленгені мәлім.
Бұл сайлаудағы өзгерістер қандай, аудан көлемінде саяси науқанға дайындық қалай? Осы мәселеге байланысты сауалды аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жаппарберген Жалғасбайға қойған едік.
– Жаппарберген Жақсығұлұлы, 2021 жылдың алғашқы онкүндігіндегі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауының бұрынғыға қарағанда қандай өзгеше сипаты бар?
– Жоғары өкілді органды сайлау – қашанда ел өміріндегі ең маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі саналады. Мемлекет басшысының сайлауды тағайындау туралы Үндеуінде маңызды мезгілдің ерекшеліктері айқын атап көрсетілген.
Президент онда сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар бекітілгенін баса айтты. Енді Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен бірге сол халық қалаулылары бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтере алады.
Сондай-ақ мәслихат сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілгелі отыр. Екіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңдағы өзгерістерге орай тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады. Үшіншіден, жиырма тоғыз жасқа толмаған әйелдер мен жастар өкілдері партиялық тізімге енгізілгендердің жалпы санының кемінде отыз процентін құрауға тиіс. Және бір айырмашылығы, алдыңғы жылдардағы сияқты кезектен тыс емес, депутаттардың өкілеттік мерзімі аяқталатын кезеңде өтетін кезекті сайлау болғалы тұр.
– Аудандағы сындарлы шаққа әзірлік туралы не айтасыз?
– Мәслихаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді жергілікті жерде аудандық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Ол үшін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №21/323 қаулысына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санына сәйкес аудандық мәслихаттың 15 депутаты сайланады.
Аудандық сайлау комиссиясының үстіміздегі жылғы 22 қазандағы №АСК-18/51 қаулысымен аудан аумағы шекарасында Қазалы аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау округі құрылды.
Орталық және облыстық сайлау комиссияларының қаулылары негізінде аудандық сайлау комиссиясының сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспары бекітіліп, шаралар атқарылуда. Аудандық газет беттерінде, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың интернет-ресурс парақшаларында сайлау округін құру туралы, аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, учаскелік сайлау комиссияларының шекаралары жарияланды.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес депутаттыққа кандидаттарды ұсыну 2020 жылғы 10 қарашадан басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі.
Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталады және 2021 жылғы 9 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 00:00-де тоқтатылады.
– Сайлау барысында депутаттардың саяси партиялар ұсынған тізім бойынша сайланатындығы белгілі. Енді солардың атын атап берсеңіз?
– Әділет органдарының мәліметі бойынша бүгінге дейін 6 саяси партия тіркелген. Атап айтқанда: «Ақжол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстан Коммунистік халық партиясы, «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы, Жалпыұлттық Социал-демократиялық партиясы солардың қатарында. Депутаттық мандатқа бәсеке де осы партиялар арасында өтпек.
– Учаскелік сайлау комиссияларының құрамы толық жасақталған ба, оларды оқыту жайы қалай ұйымдастырылады?
– Аудандағы 1 аумақтық және 40 учаскелік сайлау комиссияларының 275 мүшесі бар. Барлығы да белгіленген заңдылыққа сүйеніп, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынуымен аудандық мәслихаттың сессиясы шешімімен тағайындалған. Сайлау комиссияларының 11 мүшесі берген арыздары бойынша босатылып, бос орынға сайлау өткізу жөнінде аудандық мәслихат аппараты арқылы хабарлама жарияланды. Бүгіндері саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден түскен ұсыныс негізінде аудандық сайлау комиссиясы жаңа кандидатураларды аудандық мәслихаттың сессиясында сайланғанға дейін уақытша тағайындап, аудандағы учаскелік сайлау комиссияларының құрамы толықтырылды.
Осы жылғы 11 қарашада облыстық сайлау комиссиясы мүшелері, «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы» РМҚҚ облыстық филиалының, «Өңірлік оқу орталығы» ЖШС қызметкерлерінің қатысуымен аудандық сайлау комиссияларының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшыларымен оқыту семинарын өткіземіз. Содан кейін қараша айында учаскелік сайлау комиссияларының қалған мүшелерін оқыту, пікір алмасу семинарларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тағы да оларды қашықтан тестілеу межеленуде.
Қазіргі таңда учаскелік сайлау комиссияларын және дауыс беретін үй-жайларды талапқа сай жабдықтау, материалдық-техникалық жарақтандыру ісі қолға алынуда.
– Бүкіл жер шары мен елді дүрліктірген пандемия жағдайы дауыс беру тәртібін өзгертпей ме?
– Оған жол берілмейді, дауыс беру бұрынғысынша сайлау бюллетеньдері арқылы жүргізілмек. Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың санитарлық қауіпсіздігі басты назарда ұсталады. Барлық сайлау комиссияларының мүшелері бетперде, қолғап, антисептик құралдарымен қамтамасыз етіледі. Үгіт жұмысына байланысты кездесуде, сайлаушылардың дауыс беру кезеңінде тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға айрықша мән берілетін болады.
– Сайлау барысында жергілікті атқарушы органдармен байланыс қай деңгейде жүргізілмек?
– Әрине сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға жергілікті атқарушы органдар көмек қолдарын созады. Сондай-ақ сайлау туралы Конституциялық заңда сайлау учаскелерін құру, оның шекараларын нақтылау, сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру, кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін ғтимарат бөлу, үгіттік баспа материалдарын орналастыруға орындар белгілеу және оларды жарақтандыру мәселелерін жергілікті атқарушы органдар атқарады.
Айта кетсек, белгіленген сайлау заңдылықтарына сай дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын әрбір сайлау учаскесі бойынша әкім қол қойған сайлаушылардың тізімдері учаскелік сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беретін күнге он бес күн қалғанда сайлаушылар тізімдерін нақтылап, қаласа танысуына ұсынады. Осы уақыттан бастап кез келген сайлаушы тиісті құжатымен учаскелік сайлау комиссиясына келіп, өзінің тізімде бар-жоқтығын, деректерінің дұрыстығын тексере алады. Әрбір сайлаушының жеке мәліметтерін жария етпеу, деректерінің құпиялығын қамтамасыз ету мақсатында сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларында ілінбейді.
Сөз соңында ауданның барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.
– Ашық-жарқын сұхбатыңыз үшін рахмет, сайлауды абыроймен өткізуге тілектеспіз!
Әңгімелескен Сахи ҚАПАР