Коронавирус адам терісінде қанша уақыт сақталады?
Індет іркілді. Ес жиып, айналамызға енді ғана байыппен көз тоқтатып жатырмыз. Өйткені биыл зұлмат жұмыр басты пендені әбден әбігерге салды. Десек те әлі күнге дейін жан-жағымызға үрке қараймыз. Әлсін-әлі әлеуметтік желіге үңіліп «Коронавирустың екінші толқыны келе ме?» деген сауалға жауап іздеп қоямыз.
Қазірде әлемдік аренада үлкен талқыға түсіп жатқан осы індет жағдайы. Жат жұртшылық пандемиядан әлі де зардап шегуде. Тіпті аурудан жазылып шыққандар қайтадан төсекке таңылып жатыр. Соған сәйкес жақында жапониялық ғалымдар вирустың адам терісінде қанша уақыт тіршілік ете алатынын анықтады.
Ғалымдар «теріде вирус 9 сағатқа жуық қауіпті болуы мүмкін» дейді. Зерттеу барысында тұмау вирусының өмір сүруінен COVID-19-дың мерзімі 5 есе көп екенін дәлелдеген.
Тіпті тәжірибе жасалып, адам терісіне 100 мыңнан астам коронавирус пен тұмау вирусы енгізілген. Содан кейін оның теріден жоғалып кетуіне қанша уақыт кететіні есептелген. Тұмау адам денесінен 1-2 сағаттан кейін жойылса, коронавирус адам терісінде кей жағдайларда 11 сағатқа, жалпы орта есеппен 9 сағатқа дейін сақталады екен. Сондай-ақ дәрігерлер металл, әйнек, немесе пластмасса бұйымдары бетінде бірнеше күн бойы белсенді бола алатынын да растады.
Олар көрсеткен зерттеулерге сенсек, 80 процент этанол спиртін қолдану терідегі вирустарды 15 секунд ішінде жояды. Егер қолды сабынмен 15 секунд жуып, содан кейін 10 секунд ішінде ағын сумен шайып тастаса, вирустың бастапқы мөлшерінің тек бір бөлігі ғана сақталады. Демек қолды ағынды сумен жуудың өзінде вирустың жүзден бір бөлігі бәрібір қалады.
Айта кетейік, аустралиялық ғалымдар коронавирус банкноттар мен смартфондардың экранында 4 аптаға дейін сақталатынын зерттеу арқылы анықтаған. Бұл тұмау вирусы уақытынан шамамен 2 есе көп.
Шыны керек, күз келді дегеннен тұмаудың да төбесі көрінеді. Бүгінде көпшілік оны вируспен шатастырып жатады. Ал олардың айырмашылықтары бар екенін естен шығармаңыз. Осыған қатысты дәрігерлер қандай ерекшеліктер суық тию, коронавирус және тұмауды ажыратуға мүмкіндік беретіндігін түсіндіріп берген.
Мамандардың айтуынша, суық тию оңай өтеді, аурудың қарқындылығы да екі-үш күннен кейін айтарлықтай төмендейді. Суық тиген кезде мұрын бітелуі мүмкін. Әдетте бұл пневмония сияқты аурулар туындатпайды.
Сонымен қатар тұмау мен коронавирус ауыр сырқатқа және асқынуға әкелуі әбден мүмкін. Және олар мына белгілерге ие: құрғақ жөтел, дене қызуы, қалтырау, тамақ, бұлшықет немесе дене мен бас ауруы және әлсіздік. Ал тұмау мен коронавиурстың айырмашылығы қандай?
Биылғы індеттің негізгі белгісінің бірі – иіс сезудің жоғалуы. Тіпті мұны басымыздан өткердік. ЖРВИ кезінде де иіс сезбеуі мүмкін, бірақ әдетте мұрын бітеледі. Коронавирус жұқтырған кезде бірден иіс пен дәмді айыру жоғалады. Сонымен қатар тұмау бірден ауыр жағдайда басталуы мүмкін. Ал коронавирус кезінде симптомдар жеңіл басталып, біртіндеп ауырлайды және ұзақ уақытқа созылатын көрінеді.
А.БАҚЫТҰЛЫ