«Хан дойбысы» хақында не білеміз?
Еліміз егемендік алғаннан бері рухани тынысы кеңіп, құнды құндылықтарына көңіл бөлініп, төл жады жаңғыруда. Ілкімді істің ілгерілеуіне Елбасымыздың әр кезеңдегі бағдарламалары мен ұлттық игіліктерімізді ұлықтайтын бастамалары айтарлықтай септігін тигізіп келеді. Сондай халықтық мүддеге ойыстырып, жаңғырудың жарқын үлгісіне бастайтын қадам «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. Тағылымды мақалада мемлекет басшысы дамудың алғышарты жаһандық жаттылықтар емес, өзіміздегі барды ұлықтаудан басталу керектігі туралы айтады. Ұрпақ бойына мәнді нәр беріп, тарихы мен танымын санасына терең сіңіруде ұлттық ойындарымыздың тигізер үлесі зор. Олардың қай түрі болсын жас ұрпақты төзімділік пен шеберлікке, ұлтжандылыққа баулуымен қатар, ерік-жігерін шыңдауға үлес қосады. Соның бірі ежелден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны – «хан дойбысы».
«Хан дойбысында» оның жеке ханы, биі, бегі, алаша халқы, тентегі және қарашасы болады. Қарап отырсаңыз, кәдімді мемлекеттік жүйе іспеттес. Әрқайсысының төрткөз тор тақтада атқаратын міндеті бар. Ерекшелігі сол, қандай ерлік жасаса да, өз дәрежесінен бір елі де ауытқымай, ханы хан, биі би болады. Тағы бір қызықты тұсы, хан тек ханның қара қасқа жолымен жүреді. Басқа жерде ол билігін жүргізбейді, тек қана ықпал етеді. Ойынның жүріс-тұрысы да өзгеше. Тек алға және екі жанына қарай жүреді. Артқа қайту жоқ. Құдды қазақтың «Ер екі сөйлемейді» деген дәстүр заңын сақтайтындай. Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақал бар. Осы жердегі алтау Хан, Би, Бек, Алаш, Тентек, Қараша сынды «Хан дойбысы» ойынының кейіпкерлері. Бұлар ұдайы басшысына құлақ асып, барлық мәселені бір ауыздан шешеді.
Мұндағы төрткөз тортақта ертедегі соғыс алаңын елестетеді. Бұл ойынға қатысушы екі адам ханның рөлін атқарады. Кімнің ақыл-айласы жоғары, саяси өресі басым болса, сол жеңіске жетеді. Ғалымдар хан дойбысын сыры мен қыры терең, құны өлшеусіз, философиялық мәні зор, болашағы баянды, ата-бабаларымыздан қалған таптырмас мол мұраға балайды. Оған негіз де жоқ емес. Дойбының кестесі ою-өрнектермен нақышталған. Ал, тақтадағы ортақ фигура қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнектері, шаңырағының түсі, олардың дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, би мен батырын анықтауға көмектеседі. Хан кестесі жеті қазына мен жеті ырыстан құралады. Ондағы төрт қанатты ою хан тағының белгісі. «Қарашасыз хан болмайды, құйрықсыз құс болмайды» дегендей ханның екі серігі болады. Оң жағында серкесі, сол жағында қыран бүркіті бар. Ал, хан тағының оң жағына көк түсті билер, қызыл түсті бектер, қара түсті алаштардан ел-жұрт орналасады. Ал ханның сол жағына телі-тентектер болады. Жалпы жиырма төрт үйден құралған екі жақ хандық ақедік, көкедік болып ерсілі-қарсылы ойнайды. Қай жеңгені жалпақ дүниеге билік айтады. Осы жерде Ақедік хандығында хан тағымен ханның қара қасқа жолында төрт қанатты оюмен өрнектелген хандары үлкенінен кішісіне қарай көк үй, алтын үй, күміс үйлер қаз-қатар тігіледі. Хандықтың оң жағындағы ел-жұртының төбелі төрінде көк түсті билер үлкеннен кішісіне қарай үш қанатты би, екі қанатты би, бір қанатты би болып қаз-қатар қойылады. Билердің алдына қызыл түсті бектер үлкенінен кішісіне қарай үш қанатты бек, екі қанатты бек, бір қанатты бек болып орналасады. Бектердің алдында қара түсті алаштары үлкенінен кішісіне қарай үш қанатты алаш, екі қанатты алаш, бір қанатты алаш болып орын алады. Хандықтың сол жағындағы тентектер жұртына түссіз тентектер жайғасады. Көкедік хандығы да дәл осылай құрылады.
Бұл ақыл-парасаттың ел басқарудағы ілімділіктің ойыны болып табылады. Кесте астрономиялық танымдардан бастап философия, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі, демократия, секілді сан алуан саланы бір тұғырға тоғыстырады. Сондықтан да оның төрелігі әділ. Жеңгені ерулік алып, хан болып, ел сұрайды. Жеңілгені айыбына жұртының билігін береді.
Алматы облысы, Есік қаласы маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында «хан дойбысының» ойын тастарының табылғандығы ойынның тарихы тым тереңде жатқандығын байқатады. Ондағы киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалынған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін үйсін мемлекетінің заманымен сәйкестендіріп отыр. Аталмыш спорт түрiн насихаттаушылардың сөзiне сүйенсек, «хан дойбысы» сонау ертеректе мемлекет тiзгiнiн ұстаған хандардың, билердiң арасында кең таралған. Кезiнде хан, би секiлдi тұтас мемлекет тiзгiнiн қолына ұстаған бабаларымыз қазақтың «дана би» дойбысын тек ойын тұрғысынан емес, ел басқарудағы саяси құрал ретiнде де пайдаланған екен. Сол себепті де қарапайым халық арасында ашық жарияланбаған, кейіннен хандық дәуір аяқталған соң қарапайым халықтан алшақтап қалған.
Қазақ хандығының, демократиялық билік жүйесін көрсететін ойынның негізгі атауы «Қазақтың дана би дойбысы» екен. Бірақ, кейіннен «хан дойбысы» атауына ие болған. Осыдан бірнеше жылдар бұрын аталмыш ойын түрін елімізде дамытуға Әнуар Қабдолдаұлы мен Қайрат Жақияұлы есімді азаматтар ұйым құрып, ойынға арнайы патент алған. Осындай ұлт өнеріне жанашыр адамдардың еселі еңбегінің арқасында «хан дойбысы» қазақ елімен қайта қауышты. Десе де, төл ойынымыздың насихаты әлі де кемшін. Қазіргі таңда қазақ саңлақтары әлемдегі спорттың сан-алуан түрлерін меңгерген. Қандай спорттық сын, олимпиада болса да, Шығыс, Батыстың ұлттық күрестерін сол халықтың өзінен артық меңгеріп, қанжығамызды майлап жүр. Алайда жүрістің шарты бойынша жапон түймелері, үнді шахматы, қытай дойбысы сынды империялық-қағандық жүйемен түгелдей тұқыртуға емес, жеңілгенді мойындатып, ел болып қосылуға жол беретін байырғы хандық жүйенің демократиялық қағидасын көрсетіп, елдігіміз бен бірлігіміздегі тұтастықты ту ететін «хан дойбысының» басқа ойындардан бәсі биік, бағасы жоғары. Осыдан аз ғана жыл бұрын қазақ күресінен жарыс өткізіп, оның бұқаралығын жандандырып, бүгінде әлем елдерінің оған деген қызығушылығын арттырып үлгердік. «Хан дойбысы» да сондай қолдауға ие болып, ұлттық, спорттық жарыстар санатына қосылса нұр үстіне нұр болар еді.
Әзірлеген
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА