Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңістің мәнін ұқтырған сұрапыл күндер солдаты

Жеңістің мәнін ұқтырған сұрапыл күндер солдаты

«Ер майданда сыналады» деген санасында сақталған ұстаныммен жылжып келеді. Өкпені қаритын салқын ызғар, аяқтан өткен суық енді ғана білінейін деді. Неміс әскерилері қала маңындағы соғыс – теңіз базаларын талқандап, аса ірі өндіріс орындарынан айыруды көздеген мақсатты жоспарын жүзеге асыруға ұмтылған кез. Көмекке жететін азық пен қару-жарақтың келмегеніне үшінші күн өтсе де, Ленинград маңындағы фашистерді талқандауды Кеңес командованиесі жедел қарқынмен жүзеге асыруда. Күн санап адам саны да азаюда. Алға адымдаған сайын ашыққан қарын әсері күшті әлсіретіп барады.

Жау тарапы шабуылын тоқтатар емес.

Жақын жолдастарының бірінен соң бірі ажал құшып жатқанын көрген Бекжанның бойын «Осы жерде менің де өліп кетуім мүмкін» деген үрей биледі. Ауылдан хат келмегелі де біраз болды. Өзінің де хабар бере алмай отыраны мынау. Ой құшағындағы оның есін бұлар жасырынған окопқа жарқыншағы жеткен мина даусы тез жиды.

Лезде не болғанын бағамдаудың өзі оңайға соқпады.

Қасындағы қаруласының бірі окоптан басын көтергенінде, автоматтың дәлдеп атқан оғы нысанаға алыпты.

Өлімді күтіп окопта жату – қорқаудың ісі. Жалғызына үміт артқан ата-ана, елде бұларға сенім білдіріп, толарсақтан сыз, белуардан бейнет шегіп жүрген көптің сенімін сөндірмеуді азаматтық парызы екені ойға оралғанда, тар окоп ішімен бауырлап барып, серігіне айналған қаруын ыңғайлап, ұрысқа кірісті.

Осындай Ленинград бағытында жау әскерлерінің шабуылына тойтарыс жасап, соққы беру міндеті құрамында ұрысқа қатысқан жерлесіміз Бекжан Дидаров «Қаһарман қаланы» қорғаудағы күш-жігерін жұмылдырған майдангердің бірі. Ол Кеңес қарулы Күштері жүргізген аса ірі стратегиялық шабуыл операциялары – үшінші, бірінші Прибалтика, бірінші, екінші Белорусь майдандарында да жауға тойтарыс беруге қатысқан қазақ жауынгері. Бұл неміс басқыншыларының қорғаныс жүйесінде маңызы зор болған территорияны жау жағынан азат ету оңайға соқпағанын тарих растайды.

Құрамында Бекжан бар майданның әскерлері жаудың қорғанысын бұзып өтіп, Витебскінің батыс жағында немістің 5 дивизиясының күл-талқанын шығарып, Минскіге бағыт алады. Тәжірибелі полк үлкен қарқынмен Белоруссия астанасын неміс-фашист басқыншыларынан арылтады. Мұнан соң 1-Прибалтика майданының әскерлері Шяуляйді алып, Рига шығанағына жетеді.

Жеңіс жалауы тігілген Берлин қаласында ерлік міндетін абыроймен аяқтаған азамат туған жерге аман-есен оралады.

Жауынгерлік жолда Ленинград, Данциг, Тарту, Рига, Берлин қалаларын фашист әскерлерінен тазартуға қатысып, азаматтық парызын адалдықпен атқарған артиллерист бес рет Кеңес Одағының Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің мақтау қағазына лайық деп танылады. 1941-1945 жылдар аралығында екі мәрте «Ерлігі үшін», «Ленинград қаласын қорғағаны үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін», «Германия­ны жеңгені үшін» медальдарымен наградталады.1943 жылы «Ауыр артиллерияның үздік атқыш жауынгері» белгісімен марапатталып, «Қызыл жұлдыз» орденін омырауына тағуы да оның жауапкершілік жүгін жоғары ұстағандағынан сыр тарқатады.

Оқ пен оттың бұрқасынында Жеңіс туы тігіліп, бейбіт күннің жақындауына салмақты үлес қосқан майдангердің жүріп өткен жолына бойласақ, сұрапыл сәттердің қандай азапты да ауыр болғандығын терең ұғынамыз.

Бұғанасы бекімей жатып, тұрмыс тірлігіне араласқан кейіпкеріміз соғысқа дейін колхоздастыру кезеңінің белсенді ұйымдастырушысы болған ол туған жерге оралысымен еңбек майданына да сүбелі үлесін қосады.

Бейбіт өмірдің белсенді азаматы Жданов колхозында колхозшы, егіс бригадирі, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, төрағасы, ірі қара фермасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 1969 жылы зейнет демалысына шығады. Ғұмырының соңына дейін өнегелі, ізгі ісімен кейінгі буынға үлгі болған Ұлы Отан соғысы ардагерінің жолын бүгінде ұрпақтары жалғап келеді.

Арада қанша уақыт өтсе де, жерлестері ержүрек азаматтың есімін мақтанышпен айтады. «Ерлік – елге үлгі, ұрпаққа – ұран» деген осы да...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
09 мамыр 2019 ж. 1 398 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031