Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің ежелгі ережелері

Елдіктің ежелгі ережелері

Алтай мен мен Атырау, Ертіс пен Еділ, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан ғайыр атырап – қазақтың ата қонысы. Айналасындағы орын тепкен басқа ұлттар жабайылықтан арыла алмай жүргенде қасиетті ел өз аймағында әділдік орната алғанымен тарихта қалды. Мұнда тірі жанға жазықсыз жапа шектіруге, жетім-жесірді жылатуға, ұрлық пен қылмысқа жол берілмейтін еді. Әгәрәки бір бассыздық орын ала қалса, әуелгіде «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолында», беріректе «Тәуке ханның «Жеті жарғысында» белгіленген ауыр жазаға ұшырайтын. Бұрынғы дәуірде қолданыста болған дала заңдары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Ата заңын беттеуде, ел ішінде тәртіп орнатуда әлі де негізге алынып келеді.

Қасым ханның қасқа жолы
Қасым – Қазақ хандығы тарихында XV ғасырдың соңы мен ХVI ғасырдың басында билікте болған Жәнібек ханның ұлы. Ол жас қазақ мемлекетін нығайту процесі жүріп жатқан кезеңде билеуші-реформатор ретінде есте қалды. Хан тағында отырғанда Қасым хан билікті нығайтуда, әдет-ғұрып пен заңдылықты сақтауда үлкен жетістіктерге жетті. Ол Бабыры бидің кеңесіне сүйене отырып, халықты ауызбіршілікте, қатаң тәртіпте басқара білді. Тарихшы Мұхаммед Хайдардың қалдырған деректеріне сүйенсек, ханның тұсында оған шынайы берілген адамдар саны миллионнан асып, қару асынған әскер саны 300 мыңға жуықтаған.
Қоғамдық және мемлекеттік өмірдің нормаларын нығайту жолында Қасым өзінің бауырлары мен билік басында болған шыңғыс ұрпақтарынан әдет-ғұрыпқа жаңғырту жасай алғанымен ерекшеленді. Өзінің тікелей тапсырмасымен жарық көрген “Қасым ханның қасқа жолы” қазақ тарихындағы дәстүр мен халық даналығы негізінде жасалған алғашқы заң. Ереженің әр қатары оның саясаты мен қоғамға деген көзқарасына негізделген еді. Тарихшылар сондай-ақ заңда ханның билігі мен танымалдылығын арттырып, сайып келгенде нақты қандай өзгерісті қалайтыны, хандықты қалай басқарғысы келетіні анық байқалатынын айтады. Ал оның реформасының негізгі мақсаты бөлініске түскен қазақ жерлерін біріктіру, көшпелі халықтардың топтасуы мен орналасуы саясаты деп атауға болады. Ол елдегі әкімшілік-аумақтық бөліністі жетілдірді. Әсіресе басқару жүйесіне, қыпшақ даласында бұрыннан қолданылып келе жатқан моңғол, араб сөздері мен белгілерінің орнына мемлекеттік, қазақ және түркі терминдері мен ұғымдарын енгізу үшін көп еңбектенді. Дәстүрлі институттардың құндылығын күшейтіп, көшпелі топтар санасында «ұлт» терминін қалыптастыруға күш салды. Көшпенділер арасындағы дінбасылардың ықпалына кедергі келтіріп, ел мойындаған билердің билігін күшейтуге тырысты.
Қасым ханның қасқа жолы негізгі бес бағыттан тұрды. Оның әрбірі қоғамдағы даулы мәселелердің шешімін тауып беруі тиіс еді. Мәселен, меншік құқығы, жерге, малға және мүлікке қатысты дауларды шешудің ережелерін қамтыды. Сонымен бірге адамдық құқық, әртүрлі тәртіп бұзушылықтар және оларға берілетін жазаларды қарастырды. Соғыс уақытында, әскерге шақыруда, бөлімдер құру қағидаттарында және әскери олжаларды бөлуде, армияны қолдаудағы халықтың міндеттерін анықтайтын талапты әскери құқық деп атады. Ал “елшілік салты” бөлімінде халықаралық құқық, елшілік этикет мәселесі талқыланды. Жалпы қарапайым тұрғындар арасындағы тәртіпті бақылау “қоғамдық құқықтың” еншісіне берілді. Бұл бөлім қоғамаралық өзара көмекке, сондай-ақ мерекелер мен көпшілік шараларды ұйымдастыруға арналды.

Есім ханның ескі жолы
Шығай ханның ұлы Есім – тарих пен ұлт жадында терең із қалдырған билеуші және заң шығарушы ретінде ойып тұрып орын алады. Ол билікке келген тұста күрделі ішкі күресті өткеріп, нәтижесінде қазақ мемлекетінің саяси жүйесін түбегейлі реформалады. Есім хан қайтыс болғаннан кейін, 1598 жылы хан тағына оның інісі Тәуекел ие болды. Осы уақытқа дейін Есім Сұлтан көптеген маңызды шайқастар мен жорықтарда батыл жауынгер және білікті әскери көшбасшы ретінде көпке танымал атанды.
Батыр ханның жасаған реформасының мәні мемлекетте үстемдік құрған Шыңғыс ұрпақтарын билер мен ақсақалдардың үстемдігімен алмастыруда жатыр. Бұл қадам бүгінгі күнге “Есім ханның ескі жолы” деген атпен жетті. Аталған кодексті Есім ханның жеке мұрасы деп айтсақ жарасады. Өйткені “ескі жол” әр уақытта қабылдаған Шыңғыс ханның «ясы» (қазақша «жасақ») сияқты, немесе Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңнамалардан бөлек, Есім ханның субъектілері және жаңалықтарына, 30 жылдық абыройлы билігіне сүйене отырып жасалған болатын.

Жеті жарғы
Тәуке хан – Жәңгір ханның үлкен баласы. Ол туралы мұсылман, қытай, орыс авторларының еңбектерінде, сондай-ақ қазақтардың ауызша халықтық өнер ескерткіштерінде кеңінен сақталған. Қазақ тарихында Тәуке ханның тұсындағы ахуал «халық бейбіт өмір сүрген кез», мемлекеттің «алтын ғасыры» ретінде сипатталады. Өйткені хандықта тәртіп пен заңның орындалуы басты назарда ұсталып, әділеттілік үстемдік құрды.
Тәуке хан таққа 1680 жылы отырды. Жұрт жаңа билеушіні көреген саясаткер және ақылды дипломат ретінде қадірледі. Билігін нығайтуда хандықта елеулі элиталық әлеуметтік топ құрған далалық ақсүйектер өкілдерімен билердің көмегіне жүгінді. Онысы іске асты да. Есесіне қазақ қоғамындағы билер институтына дәстүрлі түрде үлкен мән берді. Осылайша құқықтық, экономикалық, әскери және идеологиялық функцияларды басқаруда маңызды рөл атқарды. Бірақ билер Шыңғыс ұрпақтарынан емес еді. Айналасына беделді билерді жиған Тәуке «билер кеңесі» арқылы ханның билігіне ашық қарсы шыққан шыңғыстықтарға қарсы күрес жүргізді. Билер кеңесі аңызға айналған Майқы бидің дәуірінен бері, Тәуке ханнан әлдеқайда бұрын құрылғаны белгілі. Олардың абыройының биіктігі соншалық тек маңызды мәселелерді шешу кезінде ғана шақырылатын. Жаңа ханмен жақсы қарым-қатынас орнатқан билер кеңесі Түркістан қаласының жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласында және Күлтөбеде жиын шақыратын. Хан Тәуке билер кеңесін алдымен ең ықпалды үш қазақ жүздерінің қатысуымен өткізе бастады. Бұл тұста Ұлы жүзді Төле би, Орта жүзді – Қазыбек, Кіші жүзді – Әйтек би биледі.
«Жеті жарғы» – әкімшілік, қылмыстық, азаматтық заңнаманың нормаларын, сонымен қатар салықтар, діни наным туралы ережелерді, яғни қазақ қоғамының барлық салаларын қамтыды. Жоғары билік ханның қолында шоғырланды. Кодекс отбасы және неке, әскери, сот ісін жүргізу туралы ережелерді, қылмыстық, құн төлеу жайындағы заңдарды қамтыды. Бұдан бөлек жесірлерге арналған бөлек тарау енгізілді.
Жеті жарғы бойынша жоғарғы сот – хан. Ол қылмыстар мен теріс қылықтар үшін сотталып, жазаланғандар туралы талап-арыздарды қарап, салық салу тәртібін орнатуға жауапты. «Жеті жарғының» тағы бір тармағында хандықты сұлтандар мен тайпа ақсақалдары арқылы басқару тәртібі нақтыланды. Олар әр жыл сайын күзде, далалық жерде жиналып, халықтың тіршілігін, басқару жүйесін талқылау үшін кеңес құратын болып келісті. Сонымен бірге жиынға қатысушылар «халық жиналысына» заң бойынша қару-жарақпен келуге мәжбүр болды. Бұл талапты орындамағандар құрылтайда дауыс беруге құқығынан айырылды. Оларға кішілер ізет көрсетіп, өз орындарынан бас тартуға батылдары бармады. Бұған заң да рұқсат бермейтін. Орта ғасырдағы басқа да құқықтық ерекшеліктер сияқты, «Жеті жарғыда» да басты орын қылмыстық құқық нормаларына берілді. Бұл санатқа кісі өлтіру, жәбірлеу, зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, қорлау, ата-бабадан қалған дәстүрді сақтамау, ұрлық, неке адалдығы, мұрагерлік құқықты бұзу сияқты бассыздықтар енгізілді. Бір ерекшелігі ауыр қылмыс жасаушылар мен ата-ананы құрметтемегендердің қылмыс деңгейі бірдей саналатын.
Қылмыс жасағаны үшін кінәлілер әртүрлі жазаға тартылды. Әлі күнге дейін қазақ лексикасында қолданыста бар «қанға – қан, жанға – жан» деген тәмсіл «Жеті жарғыда» қолданыста болды. Бірақ жазаны сот үкімі немесе талапкерлердің келісімі бойынша жеңілдетуге рұқсат етілді. Сол себепті қылмыскердің кез келген кінәсі үшін белгіленген құн төлеп, жазадан құтылуына мүмкіндік берілді. Келісім жүзеге асапаған жағдайда өлім жазасы, келтірілген залал үшін айыппұл төлеу, мүлікті тәркілеу, елден қуу сияқты үкім қолданылды.
Жазаның ең көп таралған түрі – құн төлеу. Осылайша тіпті кісі өлтіруші де талап қоюшылардың келісімімен аман қалды. Құн мөлшері құқық бұзушы мен жәбірленушінің әлеуметтік статусына байланысты(беделді – қарапайым, мырза – құл) өзгеріп тұрды. Бұл «Жеті жарғының» таптық сипатын айғақтайды. Кісі өлтірген адам жәбірленуші тарапқа ер адам үшін 1000, ал әйел үшін 500 қошқар төледі. Ал Сұлтан мен Ханымның күңін өлтіргендер жеті адамның құны төленді. Қарапайым құлдың құны бүркіттің немесе аңшылық итінің құнына тең болды. Өз-өзіне зиян келтіргендер де айыппұл төлеуі тиіс еді.
Саяси жағынан бұл заңдар мемлекетті орталықтандыруға, интеграциялық ел болып қалыптасуына айрықша ықпал етті. Заманында осы құжаттар арқылы Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен экономикалық тұрғыдан байланысуына, саяси және сауда мәселелерін шешуге көмектесті. Ақылды, көреген хандар осы заңдарды басшылыққа ала отырып, қазақ халқының игілігі үшін тұрақты, бейбіт өмір сүруі және гүлденуіне белсенді қызмет етті.
Дайындаған Р.ӘБДІҚАЛЫҚ
29 тамыз 2020 ж. 8 449 0

Жедел көмек жан сақтайды

06 желтоқсан 2024 ж. 174

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031