Аханның аяқдопшылары күміспен күптелді
Жанкент ауылындағы №104 орта мектептің оқушылары футзалдан республикалық турнирде екінші орынға қол жеткізіп, ауданның атын тағы бір мәрте елімізге танытты. Бұған дейін де біздің ауданның бұрымдылары дүбірлі додаларда топ жарып жүргені баршамыздың есімізде болар. Тіпті Жансая Көпжан Қазақстанның жастар құрамасында, Құндық Қожахмет ұлттық құрама сапында доп теуіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Бірін айтып, біріне кетті деп айыпқа бұйырмаңыздар. Ал, енді жанткенттік шәкірттерге қайта оралайық. Күміспен күптелген команданы №104 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ахан Мырзалиев жаттықтырады.
Республикалық ұлттық мектеп лигасындағы "Теңбіл доп" жарысы Петропавл қаласында өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 7 команда екі топта бақ сынады. Біздің бұрымдылар өз тобында Маңғыстау, Жамбыл және Қарағанды облысы командаларының арасынан үздік шығып, топ бастады. Жартылай финалда біздің жерлестеріміз жергілікті Солтүстік Қазақстан облысының аяқдопшыларынан 5:2 есебімен басым түсіп, ақтық сынға жолдама алған болатын. Өкінішке орай, финалда Алматы облысының спортшыларынан жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.
– Біздің шәкірттер республикалық турнирде жақсы өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оған біздің бір ғана Жанкент ауылының емес, бүкіл Қызылорда облысының намысын қорғағанымыз да себеп болды деп ойлаймын. Әрбірінің бұл жеңіске қосқан үлесі бар. Оның ішінде турнирдің "Үздік шабуылшысы" атанған Гүлсезім Анық та бар, – дейді Ахан.
Қызылжардан олжалы оралған шәкірттерді Әйтеке би кентіндегі "Керуен" автовокзалынан №104 мектептің директоры Аманбай Орақбай өзі күтіп алып, жеңістерімен құттықтады.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ