Сыр гимнастшылары ел чемпионатынан жүлделі оралды
Астана қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Жарысқа еліміздің алты облысынан 26 команда, 8-16 жас аралығында 200 спортшы қатысып, жеңімпаз, жүлдегер командалар анықталды.
Дүбірлі бәсекеде Сыр гимнастшылары екі жас ерекшелігі бойынша күміс және қола жүлделерге қол жеткізді. 10-12 жас аралығында өткен сайысқа 8 команда қатысып, біздің қыздар жүлделі 2-орынға ие болды.
Команда құрамында Динара Ерғалиева, Томирис Хамза, Аянат Ерлан, Нұрай Нұрхожа, Салтанат Мұратова, Әсел Марат, Ақерке Шілдебаева, Ақбота Өтеген болды.
Ал 8-10 жас аралығында өнер көрсеткен гимнастшыларымыз 3-орынды еншіледі. Олар: Медина Ибрагим, Мерей Нұрлан, Мерей Әбдікәрім, Сымбат Садық, Мерей Нұрхожа, Айна Ақпанбет, Ақерке Елеусінова, Кәусар Сейілбек, Зере Әбдіқабыл, Айша Сұлтан.
Айта кетейік, бұған дейін облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер қатарынан көрініп жүрген Сыр гимнастшылары алғашқы рет ел чемпионатынан жүлделі орындарды иеленді.
Жарысқа спортшыларды облыстың аға жаттықтырушысы Гүлмира Абсұлтан дайындады.
Енді үстіміздегі жылдың 14-16 желтоқсан күндері «Мұз айдыны »спорт кешенінің гимнастика залында ҚР Тәуелсіздік күніне орай көркем гимнастикадан облыстық ашық чемпионат өтеді. Бұл жарысқа еліміздің 8 облысынан 12 команда қатысады.