Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңімпаздармен жүздесті

Жеңімпаздармен жүздесті

Жұма күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпаздарын қабылдады. Кездесуге спорт саласының мамандары мен спортшылар, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жаттығу залында төгілген тердің арқасында Абылайхан Жұбаназар Моңғолия Республикасында өткен самбодан Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Бішкек қаласындағы тоғызқұмалақтан ересектер арасындағы Азия кубогында құрамында Сәбит Шүленбаев және Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шыңғыс Ұзақ бар облыс командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Бокс­тан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынаған қазалылық арулар да жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Атап айтар болсақ, 69 келі салмақта өнер көрсеткен Ақерке Бақытжан алтын медальға қол жеткізіп, осы салмақтағы елдің нөмірі бірінші боксшысы екенін дәлелдеді. Ал, жасөспірімдер арасындағы бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Айда Оңдаш күміс медальді олжаласа, болашағынан зор үміт күттіретін Дәметкен Келімбет қола медальді қанжығалады.
Жеңімпаздарды жоғары жетістік­терімен құттықтаған аудан басшысы соңғы уақытта спорт саласына мықтап көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасымен спорт саласын дамыту мен қолдау мақсатында көптеген шаралар атқарылуда. Мұн­дай жұмыстар біздің ауданда да жүргізілуде. Бөлінетін қаржының көлемі де жылдан-жылға ұлғайып, биыл аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуға аудандық бюджеттен 24 млн теңге бөлінді.
Ауданда 30 жасанды спорт алаңы бар. Олардың жағдайын бүгінгі күннің талаптарына сай ету мақсатында кезең-кезеңімен жаңалауды жоспарлап отырмыз. Биыл барлығы 10 жасанды спорт алаңын жөндеп, 2-ін жаңадан салатын боламыз. Сонымен қатар, орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Оны да осы жылы пайдалануға беретін боламыз, – деген Мұрат Нәлхожаұлы спорт саласында ауданның намысын қорғап, бөсі биік бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан саңлақ спортшыларды аудан әкімінің “Алғыс хатымен” марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Кездесуде аудандық жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлі­мінің басшысы Талайлы Бөріқұлақов спортшыларға жылы лебізін білдірсе, өз кезегінде Азия чемпионы Абылайхан Жұбаназар мен халықаралық жарыстың жеңімпазы Сәбит Шүленбаев аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ
05 маусым 2018 ж. 1 698 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 58

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930