Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Куба қабыланымен күш сынасқысы келеді

Куба қабыланымен күш сынасқысы келеді

Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып отырған 29 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Куба қабыланы Эрисланди Лараны жекпе-жекке шақырды. Ал сол былғары қолғап шебері жайында біз не білеміз?
Эрисландидің жасы 40-қа таяп қалды. Ол 1983 жылдың 11 сәуірінде Кубаның Гуантанамо қаласында дүниеге келді. Әуелі әуесқойлар арасында өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айт­сақ, 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында 69 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, әлем чемпионы атанды. Сол жарыс барысында Лара украиналық Сергей Деревянченко (30:9), үндістандық Вижендер Сингх (таза жеңіс), Андрей Баланов (28:16), америкалық Мэлсон Бойд (таза жеңіс), қазақ Бақтияр Артаев (31:22) және белоруссиялық Магомед Нуриддинов (24:9) сынды дүлдүлдерді еш күмәнсіз жеңді.
2005 жылы Мәскеуде өткен Әлем кубогінде Куба құрамасы екінші орынды иеленгені белгілі. Сол команданың сапында Эрисланди Лара да өнер көрсетті. Бостандық аралының өкілдері жартылай финалда Қазақстанның боксшыларынан басым түсті. Сол кезде Лара Бақыт Сәрсекбаевты (39:22) сан соқтырған еді. Кейіннен ол Орталық Америка ойындары және басқа да аса ірі халықара­лық турнирлерде жеңіс тұғырына көтеріл­ді. Сөз орайы келгенде, түрлі байрақты бәсекелерде кубалық боксшы біздің Бақтияр мен Бақыттан бір емес бірнеше мәрте жеңілгенін де айта кеткен абзал.
2007 жылы Бразилияда алауы тұтан­ған Панамерика ойындары кезінде Эрис­лан­ди өзінің даңқты отандасы, Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарын екі реттен ұтқан Гильермо Ригондомен бірге АҚШ-қа қашуға әрекет етеді. Бірақ олар жергілікті полицияның қолына түсіп, Кубаға қайтарылды. Келесі жылы аталған боксшы қайта тәуекелге бел буды. Бұл жолы Лараның жолы болды. Бірер уақыт Германияда тұрақтайды да, көп кешікпей Америкаға аттанады.
АҚШ-қа жеткеннен кейін кәсіпқой рингте күш сынаса бастайды. 2008-2022 жылдар аралығында барлығы 35 кездесу өткізген Эрисланди 29 рет жеңіс тойын тойлады. 16 бәсекеде айқын басымдық танытты. Ол тек Пол Уильямс (2011 жылы), Сауль Альварес (2014 жылы) және Джарретт Хердтен (2018 жылы) ғана ұпай санымен ұтылды. Тағы үш тартыста тең есеп тіркелді. Әр кездері Лара түрлі белді нұсқалар бойынша алтын белбеуді иеленді. Қазіргі кезде WBA-ның тұрақты чемпионы. Өзінің соңғы жекпе-жегін Эрисланди Лара былтырғы жылдың мамыр айында ирландиялық Гэри О’Салливанға қарсы өткізіп, оны сегізінші раундта ұрып жықты.
Ал Жәнібектің жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Ол да әуесқой рингте толағай табысқа жетті. Әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Кәсіпқойлар арасында 13 кездесу өткізіп, барлығын жеңіс­пен аяқтады. Сегіз қарсыласын нокаутқа жібереді. Бұл күндері WBO нұсқасының алтын белбеуін иеленіп отырған қазақтың қайсар ұлы енді орта салмақтың абсолютті чемпионы атануды көздеуде.


12 наурыз 2023 ж. 478 0

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 34

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031