Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бозкілем батырлары

Бозкілем батырлары

1980 жыл. Мәскеу. Әлемдік спорт тарихындағы елеулі оқиға – Олимпиада ойындары. Бұл ойынға қазақ намысын қорғау үшін бірталай спортшыларымыз ат басын Мәскеуге бұрды. Солардың арасында Жақсылық Үшкемпіров те бар. Қазақ балуанының жеңіске жететініне тек оның жаттықтырушысы Вадим Александрович Писарев қана сенсе, қалғандары үлкен күмәнмен қарады. Міне, айқасатын сәт те келіп жетті. Олимпиаданың жеребе тастау рәсімінің қорытындысы бойынша, қазақ балуаны бірінші белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы Александрумен тартысқа түсетін болды. Үшкемпіров секілді чемпиондыққа үміткерлердің қатарында: румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештер болған. Бірақ қарсыласын қырғидай қырған қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіров чемпион атанып, осы жарыста күллі әлемге ел атын асқақтатып қайтты. Сол уақытта бозкілемдегі батырдың бұл ісі қазақ атын жер жаһанға танытып қана қоймай, жастардың спорттың бұл түріне деген қызығушылығын арттырды.

Мұндай жасөспірімдер қатары біздің ауданда да бар. Нақтыласақ, №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өсіп, жетілуде. Талай бозкілем батырларын шығарған қасиетті Қазалы жерінен алып палуандар қатары көбеймесе, сиреген емес. Біз мұнымен мақтанамыз. Себебі ол спортшылар қай додада бақ сынаса да, қоржындары құр қайтқан емес.
Талай күрес майталмандарын шыңдаған грек-рим бөлімінің тарихы тым тереңде жатыр. Ал бүгінде спорттың бұл түрімен 620 жасөспірім шұғылданып, қыр-сырын үйреніп, дүбірлі додаларда топ жарды. Алыстан арбалап қайтеміз. Олардың өткен мен үстіміздегі жылдағы жеткен жетісіктері-ақ барлығын дәлелдеп береді. Бұл бапкер төккен тердің жемісі, бейнетінің зейнеті. Қазір мұнда 15 жаттықтырушы бар. Шетінен сен тұр, мен атайын. Мұндай көпті көрген жандардан тәрбие алып жатқан спортшы жастардың болашағын бағамдай беруге болады.
Былтыр Щучинск қаласында жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты болды. Мұнда 92 келі салмақ дәрежесінде Ғасырбек Айдос үшінші орынды қанағат қылған еді. Палуанның ел біріншілігіндегі бұл көрсеткіші жаман деуге келмейді. Себебі талай тарланды артқа тастап, үштіктен көрінудің қандай қиын екенін бозкілемде тер төгетін спортшылар жақсы біледі. Сол секілді Жанкент қаласындағы кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты 75 келі салмақта Мұхаммед Кенжебенов ерекше көзге түсіп, екінші орынды иеленді. Ерасыл Талғатта Арал қаласындағы тартысты турнирде 29 келі салмақ бойынша ІІІ орынды еншіледі.


Бұл додалардың арасында Алматы қаласында өткен даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін ХХІ республикалық турнирдің ерекше болғанын атап өткен жөн. Мұнда аудан намысын арқалаған қос күресші Ғасырбек Айдос пен Қуаныш Аманкелді үздік үштіктен көріне білді. Осындай бәсеке Қостанайда да жалғасты. Ауыл спортшылары арасындағы ҚР чемпионатында қоржынға 2 алтын, 1 күміс, 4 қола түсті.
Жамбыл облысында Әлем, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған біріншілікте 45 келі салмақ дәрежесінде Шыңғысхан Әбдіхалымов жүлделі үшінші орынды қанағат қылды. Спортшыларымыз мұнан өзге бәсекелерде алдыңғы қатардан көрініп, жоғары нәтижеге жетті.
Айтпақшы, бұл күресшілердің былтырғы алған асуы ғана. Биылғы жылды жариялар болсақ, Шымкент қаласында өткен 20 жас аралығындағы спортшылар арасындағы ҚР чемпионатында Жандос Задаш ІІІ орын алды.
Ал облыс орталығында өткен ҚР чемпионатына алыс-жақын аудандардан мықты спортшылар жиылды. Яғни, U17-U23 жас аралығындағы мақтаныштарымыз бозкілемде тартысты. Осылайша жарыстың алғашқы күні жеңіспен басталды. 45 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен грек-рим күресінің палуаны Шыңғысхан Әбдіхалымов ел чемпионы атанып, бірінші жүлдені қоржынға салды. Сондай-ақ аталған чемпионаттың екінші күнінде тағы төбеміз көкке жетті. Кіл мықтылар бас қосқан додада Қуаныш Аманкелді 110 келі салмақ дәрежесі бойынша ел чемпионы атанып үлгерді. Осыдан соң қос спортшы Азия біріншілігіне жолдама алды.


Құрметті оқырман, «Қуаныш Аманкелді есімді палуанды сөз ете берді ғой» деп сөге көрмеңіз. Өйткені ол жақында ғана Түркияның Анталия қаласындағы халықаралық турнирде өнер көрсетті. Ол 110 келі салмақ бойынша үшінші орынды алды. Міне, азамат. Аядай ауданда жүріп-ақ алып батырларды жыға білетін жастардың күресіне ел сүйсінеді. Қолдайды, қошемет көрсетеді.
Көрші Арал ауданындағы бәсекеде грек-римшілер құр қайтпады. 5 алтын, 8 күміс, 11 қола жүлде елге жетті. Мұнан соң біздегі спорттың деңгейі тым төменде деп айтуға келмейді. Әрбір ат басын тіреген аймақта өзгелерден алдыңғы қатарда болып, аудан намысын жықпайды.
Шынын айтайық, бұл біздегі бозкілемде тартысып жүрген батырлар шыққан шыңның бір парасы ғана. Тізе берсек тоқтау жоқ. Мерейімізді тасытып жүрген спортшы жастарға қандай қошемет көрсетсек те жарасады. Салауатты өмір салтын ұстанған жандардың әлі талай биікті бағындырып, қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.

А.БАҚЫТҰЛЫ

17 мамыр 2022 ж. 1 575 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930