ҚХЛ-да ең көп жалақы алатын ойыншылар кімдер?
Таяуда Ресейдің «Спорт-Экспресс» газетінің сайтында Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ең көп еңбекақы алатын ойыншылардың тізімі жарияланды. Бай-ауқаттылар қатарында 27 жастағы «Барыстың» тасқамал қорғаушысы Даррен Диц те бар. Жоғарыда аталған тізімде ол 9-орынды иеленді, - деп жазады Egemen.kz
Даррен Диц Канаданың Альберта провинциясының Медисин-Хат деп аталтын шағын қаласында дүние есігін ашты. Өзінің спорттық карьерасының алғашқы кезеңдерін ол «Монреаль Канадиенстің» Америка хоккей лигасындағы (АХЛ) өнер көрсететін «Гамильтон Булдогс» пен «Сент-Джонс Айскэпс деп аталатын фарм-клубтарында бастады. Ішкі біріншілікте көзге түсіп, қырағы мамандар назарын бірден өзіне аударды. Содан 2015-2016 жылғы маусымды Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) өткізді. Бірақ Диц «Монреаль Канадиенсте» көп тұрақтаған жоқ. Көп ұзамай айтулы қорғаушы АХЛ-ға қайта оралды.
2017 жылы Даррен Қазақстанға қоныс аударып, «Барыстың» жейдесін киді. Келген бетте ол айқышты өнер көрсетіп, елордалық жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының біріне айналды. Оның негізгі амплуасы қорғаушы болғанымен, Диц өз міндетін мүлтіксіз атқарып қана қоймай, жиі-жиі шабуылдарға да араласып тұрады. Канадалық легионер сан мәрте оңтайлы пас беріп, маңызды голдар соққанын да көзіміз көрді. 2019 жылы Қазақстанның азаматтығын алған Даррен сол кезден бері ұлттық құрама командамыздың сапында өнер көрсетуде.
Даррен Дицтің қол жеткізген табыстарына келер болсақ, ол 2019 жылы Қазақстан құрамасы сапында әлем біріншілігінде («А» дивизионы) бірінші орын алды. Сол жарыстың шартты құрамасына енді. Қатарынан екі жыл бойы ҚХЛ-дың «Жұлдыздар матчында» ойнады. Канадалық қорғаушы жылына 75 миллион рубль (421 миллион теңге немесе 999 мың АҚШ доллары) мөлшерінде жалақы алады екен.
Бұл тізімде Мәскеудің «Динамо» клубының қос ойыншысы көш бастап тұр. 33 жастағы шабуылшы Вадим Шипачевтің жылдық жалақасы 120 миллион рубльді құраса, 27 жастағы сұрмерген Дмитрий Яшкин 95 миллионды қалтаға басады. Үшінші және төртінші орындарды Уфаның «Салават Юлаевы» сапында жасындай жарқырап жүрген 30 жастағы Суоми елінің өкілі Теему Хартикайнен мен Екатеринбургтің «Автомобилист» клубының 32 жастағы чехиялық қақпашысы Якуб Коварж өзара бөлісуде. Олардың әрқайсысы 95 миллионнан иемденуде. Сондай-ақ, ҚХЛ-да ең көп еңбекақы алатын хоккейшілер қатарында кандалық Джастин Азеведо мен швециялық Антон Ландер (85 млн.) және даниялық Филип Ларсен мен финляндиялық Юха Метсола (80 млн.) сынды саңлақтар бар.
Бір жылдық жалақасы дәл Даррен Дицтікіндей 75 миллион рубльді құрайтын тағы алты ойыншы бар. Олар – Алексей Марченко (Ресей, «Локомотив» Ярославль), Андре Петерссон (Швеция, «Локомотив» Ярославль), Сергей Плотников (Ресей, «Металлург» Магнитогорск»), Магнус Пяярви (Швеция, «Динамо» Мәскеу), Антон Слепышев (Ресей, ЦСКА Мәскеу) және Владимир Ткачев (Ресей, «Локомотив» Ярославль).