Қазақстандық хоккейші АҚШ-та мэр атанды
Қазақстан хоккей ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны және елорданың "Барыс" хоккей клубының ойыншысы Брэндон Боченский Солтүстік Дакотадағы Гранд-Форкс мэрі үшін сайлауда жеңіске жетті. Сайлауға келгендердің жартысына жуығы оған дауыс берді. Бұл туралы Grand Forks Herald хабарлады.
38 жастағы Боченский 49,62 пайыз дауыс жинаған. Қазіргі мэр Майк Браунға тұрғындардың 31,81 пайызы дауыс берген. Браун бұл лауазымды соңғы 20 жыл бойы атқарып келеді.
Жаңа мэр коронавируспен және оның экономикалық салдарымен бірінші кезекте күресетінін айтты.
"5 айлық қажырлы еңбектен кейін біз бұл нәтижеге қуануымыз керек. Менің ойымша, қала өзгеруге дайын. Алда қала тұрғындарын жемісті өзгерістер күтіп тұр", - деді бұрынғы спортшы. Айта кетейік, Боченский АҚШ-та туып, Ұлттық хоккей лигасында бірнеше клубтарында, ал "Барыс" клубында 2010 жылдан бастап ойнаған. Боченский 2014 жылы Қазақстанның азаматы атанып, 2016 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғады. Спортшы мансабын 3 жыл бұрын аяқтаған.