Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Футбол тудырған субмәдениет

Футбол тудырған субмәдениет

Ең көне жастар субмәдениетінің бірі – футбол фанаттары. Бұл әлемдік бұқаралық мәдениеттің сегментін білдіре отырып, жаһандық ұлттық құндылықтан жоғары жоба ретінде әрекет етеді. Және бүкіл әлем бойынша ұлтаралық желілік құрылым болып табылатындығы рас. Футбол – бұл тек танымал спорт түрі ғана емес, мемлекеттік шекараларды мойындамайтын, барлық құрлықтарға еніп, көптеген елдер мен халықтардың өмірінде өзінің рөлін ойып тұрып алған үлкен мәдениет. Оның табынушылық негізі жанкүйерлерден құралса, футбол бизнесі мен БАҚ, футбол клубтары мен ұлттық құрамалар, сондай-ақ чемпионаттар, ФИФА және УЕФА сынды ұйымдар ойынның күретамыры, негізгі өзегі. 2019 жылдың қазақ жанкүйерлерін қуантқан соңғы жаңалығы Астананың ағылшындық ең атақты клуб Манчестер Юнайтедті жеңуі. Негізгі ойыншыларын әкелмесе де манчестерліктердің жеңілісін атақты спорт басылымдары жарыса жазуда. Бүгін біз субмәдениеттің айнасына айналған футболдың көркін қыздыратын фанаттар армиясы туралы сөз қозғаймыз.

Футболдың өзі де, жанкүйерлерінің жастар субмәдениеті де, оларға тән ерекшеліктері мен әдеттер де Ұлы­британиядан бастау алады. Ағыл­шындарда футболдағы тәртіп­сіздіктерге байланыс­ты жағдайлар Х1Х ғасырдың басында байқалды. Сол кезде командалардың жанкүйерлері және ойыншылардың өздері ойын аяқталғаннан кейін жұдырықтасуға жиі түсіп отырды. Алайда осы пайда болған жастар субмәдениетінің бас­таушысы болған қазіргі заманғы футбол фанатизмі Ұлыбританияда тек ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының соңына қарай қалыптасқан еді.
50-ші жылдардың соңында ағылшын қоғамы өз дамуының күрделі кезеңін, ел жүйелі дағдарысты басынан өткерді. Әсіресе жастар ауыр жағдайға тап болды. Олардың арасында радикалды идеялар кеңінен танылды. Тың ой жұмысшы жастар арасында тез таралды. Аралдың ірі қалаларының шетіндегі жастары жұмыс, жеткілікті білім, бос уақытты өткізуге қаражат таппады. Ең бастысы жастар өмірлік құлшыныстан айрылды. Осының бәрі күшті әлеуметтік жарылысқа алып келді. Жастардың революциялық энергиясы осындай жарылысқа нақты қауіп төндіре отырып өсті. Әлеуметтік жанжалдарды шешудің мол тәжірибесі бар британдық билік элитасы жағдайдан шығудың жолын жылдам тапты. Ол жастарды жұмыссыздық бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етті де, бос уақыт үшін қол жетімді ойын – футболды ұсынды. Футбол – бұл өзінің қуаты бар терең символдық және қасиетті мазмұнға толы серпінді, әсерлі ойынға айналды. Ойыншылардың жоғары деңгейдегі сиқыры көрерменді қызықтырып, бойдағы бұлқынған қуатын шығаруға қабілетті болды. Алаңдағы ойыншылар абызға баланып, жастардың шынайы табынатын тірі пұтына айналды.

Футбол берген тамаша мүмкіндіктің бірі – ол жастар қозғалысын клубтардың жақтаушыларына бөліп, оларды бір тудың астына біріктірді.
Біртіндеп жанкүйерлердің құмарлығы артып, өз алаңындағы кездесулерде команданы қолдаудың өзі жеткіліксіз болды. Осылайша лек-лек адамдар қонақтағы өтетін матчтарға баруға дағдыланды.

Қоғамның футболға деген қызығушылығын ояту үшін ФИФА кезекті әлем чемпионатын Англияда өткізді. Бұл Англиядағы 1966 жылғы әлем чемпионы еді. Капитан Бобби Чарльтон бастаған құрама II Елизавета патшайымына арналған кешкі асқа шақырылды. Бұл қадамдар ойынның жарнамасын қарқынды жүргізіп, теледидар мен радиолардың негізгі бағыт берген саласының сапында тұрды. Футболдың да жанкүйерлік қозғалыстың да отаны саналатын Англияда субмәдениет осылайша дамыды.
1992 жылы Қазақ КСР футбол қауымдастығы Қазақстан Республикасының дербес футбол қауымдастығына (қазіргі Қазақстан футбол федерациясы) болып қайта құрылды. Сол жылы Қазақстан футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясының (ФИФА) және Азия футбол конфедерациясының (ҚҚҚ) қауымдастырылған мүшесі болып қабылданды.1999 жылы павлодарлық “Ертіс” ХІХ Азия чемпиондары Кубогының ширек финалына шығады. Бұл бүгінгі күнге дейін қазақстандық клубтардың халықаралық аренада үздік өнер көрсетуі болып қала береді. 2002 жылы Қазақстан ҚҚҚ-дан УЕФА-ға көшеді.

Осы сәтте қазақ футболының жанкүйерлері қайта қалыптасу кезеңінде еді. Арада жиырма жылдан артық уақыт өтті. Қазақтардағы жанкүйерлік сауаттылық та артты. Елдегі ең белді ультрасқа ие клуб болып, шаруасы шатқаяқтап тұрса да “Ақтөбе” болып қала береді. Ал, бірақ, жүйелі дамып келе жатқан болашағы кемел команда алматылық «Қайрат» екені белгілі. Кәрі құрлықта доп теуіп жүрген таланттарды көріп жүрген жергілікті жанкүйер жұрт құрама ойыншыларынан және Еуропа клубтық лигасында өнер көрсететін командалардан көп нәрсені талап етеді.

Қазіргі таңда жастар арасында танымал жанкүйерлік зерттеулер жүргізетін “Доп ойнаған азар” немесе “Смақовтың баласы” сияқты ютуб-жобалар қазақ футболының дамуына көп көмектесуде. Әр кезең біткен сайын олар сараптама жүргізіп, кезеңнің үздік ойыншысын анықтайды. Турнирлік кестедегі клубтарды тізіп шығып, көрерменді ойындарда өзінің жергілікті командасына болысуға шақырады.
Мүмкін жағдайы жұртқа белгілі қазақ футболшылары әр матч сайын қызу қолдау сезініп, шапалақтың шуының астында ойнаса делебесі қозып, жоғары деңгейге көтерілуі әбден мүмкін. Бұған дәлел біздің “Қайсар” клубы. Тигран Барсегянның жасыл алаңда жасаған шоуы Сыр жағалауындағы қасқырлардың жанкүйерлерін қайта тірілткендей еді. Оған қызылордалықтар “жергілікті Фрэнки” санайтын капитан Асхат Тағыбергеннің айып алаңындағы алыс соққыларын қосыңыз. Міне, осындай жоғары ойын өрнегін көрсетуді әр клубтан кем дегенде екі-үш ойыншы меңгерсе, қалың көрерменнің сүйіспеншілігі артары сөзсіз.

P.S: Нәсіл мен елге бөлінбейтін, беделі асып тұрған аяқдоп өнері қазақ елінде алға басып, дамыса дейміз. Лек-легімен келіп жатқан легионерлер орнына қарадомалақ қаптайтын күн тусын. 2019 жылы алтыншы алтын добын алып, әлемдік рекорд қойған Лионель Месси сияқты аяғы алтын ұлы ойыншы қазақ ішіненде шығатынына сенім кәміл. Оле ,оле, оле!
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

04 желтоқсан 2019 ж. 1 887 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 86

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930