Қанат Ислам 4 раунд бойы сынған қолымен жұдырықтасқан
Боксшының командадағылардың хабарлауынша, жетінші раундтан бастап Қанат Ислам сынған оң қолына қарамастан жұдырықтасқан. Сол себептен ол қарсыласына соққы бере алмады. Жекпе-жектен соң боксшының қолына гипс салған.
Айта кетсек, 26 қазанда Алматыда Балуан шолақ атындағы спорт сарайында өткен бокс кешінің басты кездесуінде қос боксшы WBO International белбеуі үшін жекпе-жекке шықты. Төрешілердің қорытындысы бойынша, төрешілер жеңісті 97-92, 97-92 және 99-92 есебі бойынша Қанат Исламға берді. Кездесудің бесінші раундында қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірді. Алайда бұл шешіммен оның қарсыласы келіспейтінін білдірген.
ҚР кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко Қанат Ислам мен Вальтер Каутондокваның арасындағы жекпе-жек 12 раунд емес, неліктен 10 раунд ғана болғанын түсіндірді.
«Бұл жекпе-жекті WBO бақылаушысы сертификаттаған. Жекпе-жекте чемпион болу мақсаты болмағандықтан, он раундқа дейін баруы мүмкін. Бұл шешім екі жақтың келісімімен қабылданды. Бұл Ислам мен Каутондоква тараптарының он раундтық жекпе-жек туралы хабардар екендерін білдіреді», - деді Демьяненко.
Қанат Исламды жеңісімен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтады.