Сенат Ерболат Досаевты Ұлттық банк төрағасына тағайындауға келісім берді
Сенат депутаттары Ұлттық банк төрағасы лауазымына Ерболат Досаевтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды Qazaly.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің отставкасын қабыл алды. Ал Конституцияға сәйкес Ұлттық банк төрағасының кандидатурасына келісім беру Сенаттың ерекше құзырына жатады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мен Ұлттық банк төрағасы лауазымына кандидатты келісу үшін келдім. Нұрсұлтан Назарбаев кандидат ретінде Ерболат Досаевты ұсынып отыр. Ол қызмет еткен жылдары өзін білікті қаржыгер ретінде көрсете білді. Мен Сіздерден келісімдеріңізді берулеріңізді сұраймын»,-деді ҚР Президенті Әкішілігінің басшысы Әсет Исекешев.
Палата депутаттары Ерболат Досаевтың кандидатурасына бір ауыздан келісім берді.
Ерболат Досаев 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
1987 жылы Алматы қаласының Республикалық физика-математикалық мектеп-интернатын бітірген.
Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған.
1997 жылы «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарған;
1998 жылы ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарған;
1998 жылы ҚР энергетика, индустрия және сауда вице-министрі лауазымын атқарған;
2000 жылы - Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі;
2001 жылы - Қазақстан Даму банкі Директорлар Кеңесінің Төрағасы;
2001-2003 жылдары - ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы;
2003-2004 жылдары - ҚР қаржы министрі; Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушысы;
ҚР Ұлттық Банкінің басқарма мүшесі;
2004-2006 жылдары - ҚР денсаулық сақтау министрі;
2006-2012 жылдары «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы;
2012 жылғы 25 қыркүйектен бастап - ҚР экономикалық даму және сауда министрі;
2013 жылғы 16 қаңтардан бастап - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;
2014 жылғы 6 тамызда ҚР Президентінің № 880 жарлығымен ҚР ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.
2015 жылғы 30 сәуірде ҚР Президентінің № 5 жарлығымен ҚР ұлттық экономика министрі болып қайта тағайындалды.
2016-2017 жылдары - «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы.
2017 жылғы тамыздан бүгінге дейін вице-премьер қызметін атқарып келді.