Шетелде емделетіндер шекарада қандай құжат көрсетеді
Kyzylorda-news.kz. Көліктегі бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов шетелге емделу үшін шекарадан қандай құжаттармен өтуге болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Шетелге емделу үшін шығатын адамда алдымен дәрігерлік-консультативтік комиссияның шешімі болуы керек. Сол жерде науқасты шұғыл емдеу туралы жазылады. Сондай-ақ, шетелдік медициналық мекеменің шақыру хаты болуы шарт. Аудараманы нотариус рәсімдеуі тиіс. Міне, осы екі құжатпен шекарадан кедергісіз өтуге болады», – деді Байғабылов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ұшақпен шығу жағынан ешқандай шектеулер жоқ.
Айта кетейік, бүгінде төтенше жағдай аяқталса да, карантинге байланысты шекарадан өтуге шектеулер енгізілген болатын. Оған сәйкес, республикадан тыс жерге себепсіз шығуға болмайды. Қазақстан азаматтары ел аумағына кедергісіз кіре алады. Ал шетел азаматтарына республикадан шығуға рұқсат берілген.
Шектеулер дипломаттарға, ұшақ пен теңіз кемелерінің экипаждарына, пойыз бригадаларына, жүк автокөліктерінің жүргізушілеріне, қатты ауратын туған-туыстарын күтуге баратындарға және басқа да бірқатар санаттарға тарамайды. Шетелде оқитын қазақстандықтар да шекарадан кедергісіз өте алады. Бірақ тиісті құжаттарды көрсету керек.