Қытай тілі екінші шет тілі ретінде 2 сыныптан бастап оқытылады - мектеп директоры
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 1 желтоқсанында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларына қытай тілін білудің маңызы зор екенін атап өткен болатын.
Қытай елшілігі Қазақстанға 27,5 миллион тұратын қытай тілінің оқулықтарын сыйлады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 1 желтоқсанында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының қытай тілін үйренуінің маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы бастаманы қолдау және екіжақты достық қатынасты, мектептермен ынтымақтасты нығайту, сонымен қатар қазақстандық оқушылардың қытай тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қытай тілінің оқулықтарын сыйлады, деп хабарлайды Baq.kz.
"Қытай тілін оқу – екі ел арасын жақындататын рухани құрал. Сондықтан біз тұрғындар бір-бірін жақсы танығанын, үйреніскенін қалаймыз. Тіл үйренуде мектеп жасы өте қолайлы кезең болғандықтан, балаларға оқу барысында қолдау көрсеткіміз келеді. Келесі жылы мектеп саны 5-6 болып көбейеді деп үміттенеміз. Себебі қытай тілі, мәдениетіне деген сұраныс жоғары. Жақында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде Конфуций институтының санын арттыруды қолдайтынын айтты. Былтыр желтоқсанда Елбасы қытай тілін үйретуге мән беруді бастады. Сондықтан біз осы бастаманы қолдауды міндет деп білеміз. Елбасы мен президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Болашақта екі елдің ынтымақтастығы мен серіктестігін нығайту үшін қытайтанушы, қытай тілін үйретушілердің саны көбейеді деген үміттеміз", - деді Чжан Сяо.
Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакенов оқу ордасының ашылғанына 10 жыл болса, ондағы білім алатын балалар 9 жылдан бері қытай тілін меңгеріп жатқанын айтып өтті.
«Мен алдымен қытай тілін қалай оқи бастағанымызға тоқталғым келеді. Біздің Назарбаев зияиткерлік мектебі физика-математика пәніне ден қойған. Мектептің ашылғанына биыл 10 жыл толды. Ал қытай тілін біз 9 жыл қатарынан оқып келеміз», - деді Жакенов.
Нұр-Сұлтан қаласының №81 "Astana English School" гимназиясының директоры Гүлнар Садықованың айтуынша, өзі басқарып отырған мектепте балалар қытай тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптап бастап меңгереді.
«Қазіргі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Болашақта барлық салада ынтымақтасу әлеуеті жоғары. Екі елдің халқы да бастамаларды қолдайды. Біздің мектеп оқушыларына Қытай елшілігі 1 аптаға Қытайға сапарды ұйымдастырды. Оқушылар елдің тарихы мен мәдениеті, әдебиетімен танысты. Бұл оқушыларға болашақта университет таңдауға да септігін тигізеді. Себебі, Astana English Shcool түлектері үздік шетелдік ЖОО-ларға түседі. Қытай тілі ағылшын тілінен кейін екінші шет тілі ретінде 2-сыныптан бастап оқытылады. Біз екі елдің достық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Әрі бұл ынтымақтастық жалғасын таба береді деген үміттеміз», - деді ол.
Шара барысында оқушылар кітаптармен танысып, ән айтып, би билеп өнерлерін көрсетті.