Ертегі
Ерте, ерте, ертеде емес онша тым. Ары кетсе, отыз жылдың ар жағы. Ерлi-зайыпты кiсiлердiң жалғыз ұлы болған. Әке мен шеше бiрiн-бiрi сүйiп қосылып, тату-тәттi ғұмыр кешкендiктен шығар, олардан туған перзент те сондай мейiрбан болып өсiп келе жатты. Аңғалдау ұлдың кейбiр алаңғасар iстерi күлкi шақыратын едi. Ит тiрлiктiң қамытын кие қоймаған, балшыққа батып үлгiрмеген сол жаны таза, жүрегi ақ баланың көңiлiнде қылау жоқ-тын. Өмiрдi ертегiдей етiп елестететiн.
Тағдырдың барлық қиындықтары жеңiспен аяқталады деп түсiнетiндiгi де сол ертегiнi көп оқығандығынан болар. Адамдардың барлығын да адал деп қабылдады. Ал өзiнiң тазалығына имандай сенетiн. Ала жiптен аттамай өсiп келе жатқан өзiне жамандық жолатқысы келмейтiн. Кейде балалық қызығушылықпен бiреудiң затына көз алартқанымен, сұғанақтық жасамайтын. Егер өйтсе атасының қойған Адалбек деген атына сай болмай қалатынын бiлетiн.
Сөйткен Адалбек бүгiн тұңғыш рет өтiрiк айтуға бел байлады. Нағашы атасын алдамақ. Атасының бүкiл ауылдың ер азаматтарының аңсарын алған ақбоз аты бар. Соны алдап мiнiп кетпек. Жол бойы не деп өтiрiк айтатынын да ойластырып қойған.
Оның осынша әуреге түсiп, өтiрiк айтып, атасының атын алдап мiнiп кетпек болуына таңғы эфирден көрсетiлген “Қозы Көрпеш – Баян сұлу“ фильмi себеп болды. Ғашықтық пен ерлiк жайындағы аңызға бергiсiз кино бiздiң Адалбекке ерекше әсер еткенi соншалық, ол да Қозы сынды батырлық танытып, ақбоз атқа мiнiп, өзiнiң Баянының ауылына барғысы келдi. Қиял қанатында қалықтаған ұл небiр жоспар құрды. Қыздың Баяндай сұлу, тiптi одан өткен көрiктi екендiгiнде дау жоқ. Өзi де Қозыға бергiсiз көркем жiгiт екенiн бiледi. Ендiгi жетпей тұрғаны ақбоз ат қана. Ары ойлап, берi ойлап ақбоз атты да тапты. Тек нағашы атасынан сұрай алса болғаны. Өзiм мiнiп қыдырып келейiн дегенiне нағашысының бере қоймасы анық. Қаптаған тай, құнандардың бiрiн мiнгiзiп жiберетiнi екi бастан белгiлi. Өзi Қозы болса және басқаға емес, тура Баянның ауылына жол тартып бара жатса, бұл серiңiз қалай ғана жабағы тайға мiне салмақ. Сол үшiн де өтiрiк айтуы керек болды.
Бiр күдiк пен бiр үмiттiң жетегiнде келе жатқан Адалбек нағашысының үйiне де жақындап қалды. Үйден шыққанда батылдау сияқты едi, жақындаған сайын жүрексiне бастады. Айтқан өтiрiгiме сенсе жақсы, сенбесе қайтемiн деп сары уайымға салынды. Оның үстiне анау күнi атасын ренжiтiп алғаны бар едi.
Дәл осы атын сұрауға келе жатқан нағашы атасы бiр топ ағайынның басын қосып қонақ қылғанда бұл да әкесi мен шешесiне ерiп келген болатын. Асығыстау тамақтанғандықтан шығар, дастарқан басында бұған ықылық тиiп қалды. Басқа жақтарда да солай шығар, бұлардың ауылында да ықылықты басу үшiн “не ұрладың?” деп ырым жасайтын. Сол әдiске салмақ болып, атасы бұның ықылығын баспақ болып, аса әртiстiкпен:
– Менiң сегiз өрме әдемi қамшым бар едi. Соны үш күннен берi таппай қалдым. Ол қамшыны бiр алса, осы Адалбек алды-ау деймiн, – дедi.
Өмiрiнде ұрлық деген пәленi жасап көрмеген Адалбек мынадай көпекөрнеу жалаға шыдай алмай, намыс отына жанып:
– Мен бе, сiздiң қамшыңызды ұрлаған? Кiмдi ұры санап тұрсыз? Өзiңiз ұрысыз. Соғым сойғанда бiздiң шарықтың қайрағын ұрлап кеткенсiз… – деп қойып қалды. Елдiң бәрi демдерiн шығармай тынып қалды. Әкесi байғұс та кiрерге тесiк таппай тыпыршып кеттi. Онсыз да қиналып отырған әкесiн:
– Сол қайрақ жоғалғанда папам: “Бiр алса сол алды. Сол кiсiден келдi” деген, – деп одан ары қысылтып тастаған. «Сұрап алған ауыруға дауа жоқ» дегендей, орынсыз айтылған әзiлден сонда отырған адамдар ыңғайсыз жағдайда қалған едi. Өзiмсiнiп қайрақ алған нағашы ата да, жоғалған қайрақты iздеген әке де – бәрi де екi оттың ортасына түскендей күй кешкен. “Балалы үйдiң ұрлығы жатпас” деген сол.
Мiне, сөйтiп ұры санаған атасының атын сұрап мiнбек. Қорқа-қорқа үйге де кiрдi. Атасы кемпiрiнiң шайын сораптап отыр екен. Қал-жағдай сұрасқаннан кейiн атасы бұның не бұйымтаймен жүргенiн сұрады. Адалбек жол бойы неше мәрте қайталаған қиыспайтын өтiрiгiн айтты.
– Сиыр екi күн болды үйге келген жоқ. Папам соны iздеу үшiн сiзге атыңызды бере тұрсын деп жiбердi.
– Қай сиырларың жоқ?
— Ана мүйiзi сынық сары сиыр ғой. Өзiңiз Әйкөштiң тiлашар тойында атаған сиырыңыз ше?
– Ол сиырларың кеше кешкiсiн үйлерiңнiң алдында тұр едi ғой.
– Иә, көршiлер де көрiптi. Бiрақ қайтадан кетiп қалыпты. Өзi туайын деп жүр екен ғой. Папам соны туып қалды ма деп уайымдап отыр.
– Өй, қой, ол сиыр қазiр тумайды. Жақында ғана туды емес пе. Әлi екi ай өткен де жоқ, ол туғалы.
– Бiлмеймiн, папам солай дедi ғой.
Атасы бұның айтқан әңгiмелерiнiң әшейiн ат сұраудың сылтауы екенiн бiлiп, жиенiнiң қиыспас өтiрiгiне сенiп, атты ерттеп мiнгiзiп жiбердi.
Адалбек ақбоз аттың басын үйiне қарай бұрмай, бiрден ауыл шетiндегi көшеге қарай тартты. Өйткенi сол көшенiң аяқ жағында автобекет директорының үйi бар. Ал ол үйде Шекер бар. Шекер дегенiңiз бiздiң Қозының iздеп бара жатқан Баяны емес пе? Ойлағанындай болып шықты. Шекер көше бойындағы арықтың жағасында сiңiлiсi екеуi балшықтан торт жасап ойнап жүр екен. Адалдың көзiне балшықпен ойнап жүрген Шекер қыз көл жағасында жүрген Баяндай болып көрiндi. «Не iстесем екен?» деп бiраз ойланып тұрды. Жетiп барған тағы ыңғайсыз. Бұрыннан тiл қатысып жүрген қыз болса бiр сәрi. Бiр-бiрiне «ләм» деп ауыз ашпаған адамдар ғой. Тiптi сыныптасы болса да бiр сылтау табылар ма едi, кiм бiлсiн? Бiраз тұрғаннан кейiн Адалбек қызды таң қалдырғысы келдi. Атпен қасынан шауып өтпек болды. Атпен шауып кетiп бара жатқан батыр ұлға қыздың қызыға қарап тұрған бейнесi елестедi. Сол сол-ақ екен Адалбек атты тебiнiп қалып едi, ақбоз ат бар пәрменiмен шаба жөнелдi. Желдей жүйткiген тұлпардың үстiнде Адалбек кетiп бара жатыр. Тура қыздардың жанынан өте бергенде сол үйден бiр ит жүгiрiп шығып, арс ете қалғанда үрiккен ат шалт бұрылып тоқтай қалып, үстiндегi Көрпеш ұл жерге құлап түстi. Ат қайтадан шаба жөнелдi. Аспан айналып жерге түстi. Адалбек көзiн ашқанда аспанды көрдi. Шайдай ашық екен. Тұп-тұнық, мөп-мөлдiр. Шалқамнан құлаған екенмiн ғой деген ой келдi. Оның артынша намыс оты жалт бердi. “Ұят-ай, тура қыздың алдына келiп аттан құлаған деген не сұмдық?!”. Шешесiнiң: «Құлаған жерiңде көп жатпа», – деген сөзi есiне түсiп, тұрмақ болып едi, қозғала алмады. Денесi қатты жарақаттаныпты. Артынша жерде жатқан Қозының қасына Баян мен оның сiңлiсi келiп жеттi. Екеуiнiң де көзi баданадай болып кетiптi. Сасқалақтаған қыз айтарға сөз таппай:
– Қатты құладың ба? – дедi.
– Жоқ.
– Қай жерiң ауырады?
– Ешқандай жерiм ауырып тұрған жоқ.
– Онда орныңнан тұрмайсың ба?
– Тұрғым келмейдi. Кiшкене жата тұрамын.
Осылай бiрауыз тiлдесуге халi жеттi де, артынша қайтадан есiн жоғалтып алды. Көзiнiң алды бұлдырап бара жатқанын ғана бiледi. Бұл есiн жиғанда аудандық емханада жатыр екен. Қолы сыныпты. Онысы аздай басынан соққы алыпты.
Әпкесiнiң айтуына қарағанда, бұл оқиға Адалбектiң туыстарының ортасында бiршама талқыланыпты. Атты өтiрiк сұрап алғаны да белгiлi болыпты. Бiр қуанарлығы, атты не үшiн, кiм үшiн мiнгенi жұмбақ күйiнде қалыпты. Әйтсе де бұл атасын алдағаны үшiн қатты қиналды. Бұның жағдайын бiлуге келгенде олардың бетiн көруге шыдай алмады. Әкесi, шешесi және нағашы атасы, барлығы, бұл жатқан палатаға кiрiп келе жатқанда ұяттан кiрерге жер таппай, есiнен танып қалды… Есiнен танған жоқ шындығында. Әдейi есiн жоғалтқан кiсiше көзiн жұмып, сандырақтап жатып алды. Жанашыр туыстар бұны көрiп барлығы қатты қорықты. Дәрiгерлер оларды «жағдайы ауыр, мазалауға болмайды» деп шығарып салды. Ойыннан шыққан өрт болды бұл. Ақылсыз баланың намыс отынан туындаған осы бiр кiшкентай ақылсыз қылығы онсыз да көңiлдерi күптi болып жүрген ата-ананы сары уайымға түсiрдi. Ауылдағылар “Әлi толық өзiне-өзi келмептi, қайта-қайта есiнен танып қалады” екен деп әңгiме қылып жатыр екен.
«Ұяттан өлiм күштi» деген осы да, әке-шеше, аталары келген сайын бұл олардың бетiне қарай алмай, құтылудың ең оңай жолы осы болғандықтан, қайта-қайта есiнен танып қалып жүрдi. Медицина барлық тексерiстен өткiзiп, түк таппады. Ақыр аяғында Алматыға апару керек деп шештi. Сол жақта компьютер арқылы тексеруден өткiзу керек деп шешiп, бұл бiр-ақ күнде алып қалаға жол тартып кеттi. Сол жолға шыққанда ғана етi үйренгендей болып, әке-шешесiмен тiлге келдi. Бұның адам сынды сұрақтарға жауап бергенiне қарап әкесi мен шешесi қатты қуанды. Алматыдағы компьютерлiк тексерiс те баланың жағдайы жақсы деген қорытынды шығарып бердi. Ақыры келдiк қой деп, сол жолы Адалбектi әкесi мен шешесi бұны қаладағы хайуанаттар саябағына алып барып, қыдыртты. Театрға барды. Айтпақшы, бiздiң Қозы Көрпешiмiз сол театрдан Төлегендi өлтiрген “Бекежан сұмпайыны” өз көзiмен көрдi. Көрдi де шошып кеттi. Бұл әлi тiрi екен ғой деп ойлады.
Бiраз күн қыдырыстап ауылға келгеннен кейiн бұл көршi балардың ауыздарының суын ағызып, Алматы жайында әңгiмелеп бердi. Мақтаныш кернеген Адалбек:
– Ол ол ма, егер мен есiмдi тағы да бiраз күн жимай жатып алсам Қытайға да барар едiм, – дедi айды аспанға шығарып. Адалбектiң әңгiмесiн тыңдаған балалардың барлығы да аттан құлап, естерiнен адассақ екен деп армандады.
Байқамаса қауiптi, ессiз балалардан бәрi шығады. Олардың әдейi аттан құлап, естерiнен адасулары да мүмкiн. Оларға таң қалуға болмайды. Бұның алдында осыған ұқсас оқиға орын алған. Ермек дейтiн баланың саусағын ағасы абайсызда балтамен шауып алғанда, аудан орталығына барып тiктiрген. Аудан орталығынан келгенде ол да осылай әңгiмелеп берген. Қос қабатты үйлер мен ондағы базар туралы айтқанда қызыққан баларға ол:
– Райцентрге барғыларың келе ме? – деген. «Райцентр» дегенi «аудан орталығы» дегенi ғой. Барлық бала барамыз деп шу ете қалған. Сонда Ермек оларға:
– Егер барғыларың келсе, мен сендердiң саусақтарыңды шауып берейiн. Сосын сендердiң де саусақтарыңды тiктiру үшiн райцентрге апарады. Қорықпаңдар, саусақ шабылғаннан адам өлмейдi. Мен де өлген жоқпын ғой. Қайта ауданды көрiп келесiңдер, – деп төрт баланың саусағын шауып тастаған. Сол бiр көңiлсiз оқиғаның қайталанбасына кiм кепiл.
Сөйтiп “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” фильмiнен басталған шым-шытырық оқиға Адалбектiң өмiрiне кiшiгiрiм өзгерiс алып келдi. Ол ендi өтiрiк айтпауға бел буды. Өйткенi аттан құлағанын өтiрiк айтқаным үшiн Алланың жазалағаны деп түсiндi. Әйтпесе атқа күн сайын мiнiп жүрген жетi жасар бала неге басқа кезде емес, дәл сол өтiрiк айтқан күнi қыздың алдында құлауы керек. Өмiрдi ертегiдей елестетiп жүрген Адалбек сол өмiрден алғаш рет таяқ жеп, соққы алғаннан кейiн бiраз уақыт кино көрмей жүрдi.
Бейбіт САРЫБАЙ