Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » "Бұл масқара үшін ұлт алдында жауап беру керек": Бекболат Тілеухан "Өз ойым" туралы

"Бұл масқара үшін ұлт алдында жауап беру керек": Бекболат Тілеухан "Өз ойым" туралы

Бекболат Тілеухан инстаграмдағы парақшасында "Өз ойым" бағдарламасына қатысты өз ойын айтты. Елуге келгенде бұндай масқараға шыдамаймындығын, қазақ жігіттеріне бас көтеріп, қарындастарының ары үшін күресуге шақырды.

Қазіргі таңда өз ойыңды ірікпе, ашық бол деп сырттан сабап, бүкіл асылдарымызды мансұқтайтын психология көбейгенін айтып дабыл қақты Бекболат Тілеухан.

Жазбасында намыс дегенде ең әуелі қыздың ары тұру керектігін, қыздың арын қорғай алмаған ел ешқашан ел боп жарытпайтынын айтып күйінді.Кейбір елдер өзінде жоқ артықшылықты айтып, халқын көтеріп отырса, біздің ел өзінде жоқ кемшілікті айтып отқанына ашынды.

"Пәктігін сатқан қыз, қызға айналған жігіт дегенің бәрі соңында өтірік болып шыққан. Рейтинг жинау үшін. Сайып келгенде оның артында ақша, бизнес жатыр. Ұлттың арын саудаға салған бағдарламалар көбейді. Осыған тоқтау салу керек. Қауым боп күресу керек. Сонымен күресем дегендерге жабылғанды қою керек. Қыздығын саудалап, қазақ қызының эфирге шыққаны масқара екенін бәріңіз біліп отырсыздар ғой.

Ойбай, бәрі ашық болу керек, өз ойымды айту керек дейді. Атаңның басына ашық боласың ба? Ұлтты ұлт қып сақтайтын нәрсе рұқсаттар мен тыйымдар. Қазақ өзінен бай, көп орысқа неге жұтылған жоқ. Өйткені, оның бойында иманы, иммунитеті болды", - деп қазақ қызын ұятты еткендерге қатты айтты.

Қазақта қыздығын сату деген мүлде болмағанын, жоқ нәрсені алып келген бағдарлама көрші елге өзімізді масқара қылып отырғанын айтты.

"Көрші елдер не дейді? Қырғызың бар, қытайың бар бәрі ертең саған "қазақтың қызы пәктігін сатады" деп айтады. Бұл масқараға ұлттың алдында жауап беру керек. Мен бұл жалаға шыдамаймын. Менің қарындастарым, қыздарым ондай емес. Қазақтың қызы ондай емес. Қазақ жайында қалыптасқан пікірге бір-екі мақұлық, кешшеге мен қарсымын", - деп арын малдың садағасы қылып отырған бағдарлама басшылығына қарсылығын айтты.

Елуге келгенде әр нәрсеге білек сыбанып кірісе бергісі келмейтіндігін айтқан Бекболат Тілеухан жастардың ішінде басы көтеретін белсенділердің үн қоспай отырғанына ренжіді.

"Бір Нұрболханнан басқа ешкім осыған "қың" демеді. Ең құрығанда өздеріңнің қыздарыңды қорғасаңдаршы. Жігіттер бұларың бола ма екен? Қазақтың қызының арын, имиджін қорғай алмасаңдар несіне жігіт боп жер басып жүрсіңдер?!", - деп жігіттерді намысты болуға шақырды.

Жазбасының соңын: "Бірақ, мына жағдайға үн қоспасам, тағы да болмай тұр. "Өз ойымға" қарсы көпшіліктің ойы - осы. Тыңдасаңыз - ғанибет, ары қарай таратсаңыз - раxмет! Айналып келгенде, бұл - бәріміздің абыройымыз. Рас қой? Айтыңыздаршы...", - деп аяқтады.
29 сәуір 2019 ж. 643 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031