Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Шымкенттік жеткіншек өртеніп жатқан үйден көршісінің екі баласын алып шықты (фото)

Шымкенттік жеткіншек өртеніп жатқан үйден көршісінің екі баласын алып шықты (фото)

Шымкенттің Абай ауданында 13 жастағы жеткіншек көршінің екі баласын өртеніп жатқан үйдің ішінен аман алып шыққан деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Абай ауданы Құрсай шағын ауданындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығып, үш бала үйдің ішінде қалып қояды. Балалардың үлкені түтіннен құтылып шығып, көршілерінен жанұшыра көмек сұраған.

Сол сәтте көршінің 13 жастағы баласы жанып жатқан үйдің ішіне кіріп кетеді. Ал баланың анасы өрт сөндірушілерді шақырған.

Жасөспірім 2013 жылы туған қыз баланы және 2015 жылы туған ұл баланы үйден аман алып шыққан сәтте, тұрғын үй толық өртке ораныпты.

Айта кетейік, өрт шыққан кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған.

Мамандардың айтуынша, құтқарылған балалар қатты қорқып қалған. Бірақ жағдайлары қанағаттанарлық.

"Өрт туралы 2019 жылдың 16 ақпаны сағат 16.39-да Шымкент қалалық ТЖД шұғыл басқармасының 101 нөміріне хабарлама кеп түскен. Нөмірі 1-ші өрт сөндіру қызметінің арнайы отрядының жеке құрамы барлығы 14 адам Жаңақұрылыс көшесіндегі уақытша үйден шыққан өртті ауыздықтады.

Өрттің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Өрт сағат 18.30-да толық сөндірілді. Үйде ересектердің қарауынсыз үш бала болған. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр", - деп хабарлайды Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
18 ақпан 2019 ж. 444 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30